Әлемдегі ең семіз адам дүниеден озды

Әлемдегі ең семіз адам дүниеден озды

Ұлыбританияда тұратын әлемдегі ең семіз адам Мартин Кит дүниеден озды. Бұл туралы « The Daily Mirror» басылымы ақпарат таратты. Оның салмағы 44 жасында 444 келі болған.

Гиннестің рекордтар кітабына енген Мартин Кит өкпе қабынуы (пневмония) мен артық салмақ тастау үшін жасаған диета салдарынан көз жұмған. Ол 8 ай бұрын ота жасатып, денесіндегі артық майын сылдырып, асқазанының 3/4 бөлігін алдырып тастаған. Соңынан арықтау үшін өзін қинап, ауыр диетаға отырған екен. Өйткені, ол үйде жата беруден мезі болған.

Мартин Кит жұмыс жасау үшін талпынбаған. Тіпті, қимылдауының өзі мұң болған. Әлемдегі ең толық адам саналған Мартинге шақ келетін киім де болмаған. Ол семіздігінің себепкері ретінде тек өзін жазғырған. Бір сұқбатында: «Менің мұндай халге душар болғаныма өзім кінәлімін. Менің басыма біреу тапанша тақап тұрып, мына тамақтың бәрін же деп күштеген жоқ», - деп жауап қатқан екен. Оның артық салмағының себепкері - гамбургерлер, майға қуырылған картоп, бәліштер және басқа да зиянды тағамдар.

Мартин Китке ота жасаған хирург Кесава Маннур артық салмақтың пайда болуын фаст-фуд тағамдарын көп пайдаланғанымен түсіндірген. Сонымен қатар, ел басшылығына семіздіктің алдын алу үшін фаст-фуд пен жартылай фабрикат тағамдарының бағасын көтеру ұсынысын алға тартып отыр.

Cурет: deita.ru

О. Сансызбай