Сүт өнімдері семіздікті және жүрек дертін емдейді

Сүт өнімдері семіздікті және жүрек дертін емдейді

Халқымыз ежелден көшпелі ғұмыр кешті. Осы көшпелі өмірге мал мен оның өнімдері барынша қолайлы болды. Бірақ мұның барлығы оңай келді деп ойлау жарамас. Өйткені төрт түлік малды асырау үшін шөбі шүйгін, жері қонысқа қолайлы, суының тұщымдылығы адамға да, малға да лайық жерді іздеп, табиғаттың қыр-сырын меңгеруі тиіс болды. Малды тек көлік немесе азық ретінде ғана пайдаланып қоймай, олардың сүтін емдік дәрі ретінде қолданды.

ХХ ғасырдың басында орыс микробиологы И. И. Мечников айран ішкен кезде ішектегі шіріткіш бактериялардың сыртқа шығатынын аңғарған. Мұнымен қатар сүт қышқылы асқазан сөлінің бөлінуіне әсер етіп, құрамындағы аз мөлшердегі спирт тәбетті ашады. Ірімшік, қаймақ сынды тағамдар бауыр, ұйқы безін, семіздікті, жүрек дертін емдеуге қолданылады.

Жапон ғалымы С.Хигуши атом сәулесімен зақымданған 7 адамға дәрі-дәрмекпен бірге айранның бір түрін ішкізіп емдеп, артынша олардың толықтай айығып кеткенін байқаған. Ал күнделікті бір литр йогурт ішкен 50 адамның күн сайын өздеріне түсірілген радиоактивті сәуледен аман-сау екендерін анықтаған. Бұдан өзге сүттің құрамындағы цистин мен глутатион атомның сәуле шығаруынан болатын зардаптардан ағзаны қорғайтынын дәлелдеген.

Сүттің қасиетін дүниеге жаңа келген нәрестенің ана сүті арқылы өмірге ілесіп, толысатындығынан байқауға болады. Медициналық зерттеулер нәтижесі бойынша, жасы үлкен адамдардың бір тәулік ішінде бойына сіңіретін азықтың 1/3 бөлігі белок, яғни сүт, ақ ірімшік, сыр белогы болуы керектігін анықтаған. Ал аяғы ауыр әйелдер күн сайын кем дегенде 1 литр сүт ішуі тиіс.

Өзге малдың сүтімен салыстырғанда ешкі сүтінің маңызы зор. Өйткені оның көмегімен балаларды іш өтуден қорғап, Боткин ауруынан сауықтырып алуға болады. Осы сүттің құрамында сілті реакциясы болатындықтан, асқазан қышқылдығы жоғары адамдар оны ішуі тиіс. Сондай-ақ сүттің аллергияға қарсы қасиеті болғандықтан, теміреткісі, демікпесі, безгегі бар адамдар оны ішкені жөн.

Егер жараны, күйікті, ит қапқан немесе сона шаққан жерді бөкеннің сүтін жағып емдесе, жара әлдеқайда жылдам жазылады. Бөкен сүті, сондай-ақ, асқазан және он екі елі ішек жарасын, созылмалы гастрит ауруын, өкпе дертін емдеуге жақсы.

Материал жазу барысында «Айналайын айран сүт» кітабының мәліметтері пайдаланылды.

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: health.com

Қ. Бүйенбай