Күнжіт майының пайдасы

Күнжіт майының пайдасы

Күнжіт біздің заманымыздан 7000 жыл бұрын мәдени өсімдіктер қатарына енген. Қазіргі кезде Үндістан, Пәкістан, Орта Азия, Қытай және Жерорта теңізі жағалауы елдерінде өсіріледі. Бұл өсімдік тағамға қосатын дәмдеуіш ретінде ғана емес, косметикалық, емдік салада да кең таралған. Ибн Синаның емдік трактаттарында күнжіт дәндерінің медицинада қолданылуы туралы жазылған. Күнжіттің екінші атауы – «сезам», ассирия тілінен аударғанда «майлы өсімдік» деген мағынаны береді. Сезам дәндерінің құрамында майдың үлесі 60%-ға дейін жетеді. Пайдалы құрамының арқасында күнжіт майы халықтық медицинада, үй жағдайындағы косметологияда, фармацевтикада, наубайхана-кондитер саласында, парфюмерияда кеңінен қолданылады.

Өзіне тән ерекше иісі бар, құнарлы май үнді, корей, жапон, қытай және тай асханаларының ажырамас бөлігі. Күнжіт майын диета ұстағанда, вегетариандық тамақтану кезінде де пайдалануға болады.

Құрамында антиоксиданттардың көп болуынан ұзақ уақыт сақтауға шыдамды келеді.

Күнжіт майының құрамы

Витаминдер

Е, А, D, B1, B2, B3, С

Макро-және микроэлементтер

калий, кальций, фосфор, мырыш, магний, марганец, кремний, темір, мыс, никель, т.б.

Биологиялық белсенді заттар

Сезамол, сквален антиоксиданттары, фитин, фитостеролдар, фосфолипидтер

         Майлы қышқылдар

   Омега-6 (40-46%), Омега-9 (38-42%),                                   Омега-3 (0,2%)

Омега-6 мен Омега-9 майлы қышқылдары жүрек-тамыр, жыныс, жүйке жүйелері қызметінің жақсаруына, қандағы қант деңгейінің қалыпты болуына, иммунитетті нығайтуға үлес қосып, ісік ауруларының пайда болуына кедергі болады.

Күнжіт майы көздің көруін жақсартатын, жүрек-тамыр жүйесіне жағымды әсер ететін Е, А, С витаминдеріне өте бай. Сонымен қатар, бұл витаминдер косметология саласында да сұранысқа ие.

Сезам майы макро және микроэлементтердің қайнар көзі. Күнжіт майының құрамында кальцийдің көп болуы барлық азық-түліктің ішінде рекорд орнатқан. Сүйектің беріктігіне күнделікті қажет болатын кальций мөлшері бір ғана шай қасық күнжіт майында бар.  Басқа өсімдік майларының да құрамында болатын фитостерол иммунитетті жақсартуға, терінің жағдайына, эндокриндік қызметтерге оң әсерін берсе, фосфолипидтер бауырдың дұрыс қызметіне, миға, жүрек-тамыр, жүйке жүйелерін жақсартуға қажет.

Шашқа тигізер әсері:

В тобындағы витаминдер мен Е витамині, кремний – шашқа ең қажетті элементтер. Шаштың жиі түсуіне, сынғыштығына қарсы тиімді ем. Сонымен қатар, зақымдалған шаш пен боялған шашқа нәр беретін әрі қалпына келтіретін маска ретінде қолданылады.

Тырнақ күтімі:

Күнжіт майынан тырнаққа ванна қабылдау тырнақтың тез өсуіне, қатпарлануына, сынғыштыққа және тырнақ зеңінен арылуға бірден-бір ем.

Емдік дәрі ретінде қолданылады:

- Асқазан жолдары аурулары (іш қату, гастрит, тоқ ішектің қабынуы, ұйқы безінің ауруы);

- Жүрек-тамыр жүйесінің аурулары (тахикардия, инфаркт, инсульт, қан қысымының артуы, гемофилия, т.б.);

- Ақыл-есі нашар дамыған адамдарды емдеуге (естің нашарлауы, ұмытшақтық, Альцгеймер ауруы);

- Күйзеліске қарсы (депрессия, енжарлық, ұйқысыздық, шаршағыштық).

Сонымен қатар, қант диабеті, остеохандроз, қан аздық, өкпенің қабынуы, артрит, тіс жегі, бүйрекке тас жиналу, қуықтың қабынуы сияқты тағы басқа көптеген ауруларға ем.

Жүктілік немесе бала емізу кезеңіндегі аналардың күнделікті тамақтану рационына күнжіт майын қосуы өте пайдалы.  

Дайындаған: Назерке Смағұл

Сурет: iamcook.ru

Y. Smaghul