Мейірбикенің бір күні қалай өтеді? (Фото)

Мейірбикенің бір күні қалай өтеді? (Фото)

Біріміз елімізде медицина саласы дамыған деп ойласақ, біріміздің көңіліміз толмауы мүмкін. Ал енді біріміз аурудан айыққанымыз үшін дәрігерлерге алғыс айтып жүрген шығармыз. Не десек те, ақ халатты абзал жандардың еңбегі еленуге тұрарлық. Сондықтан, мейірбикелердің жұмысының қаншалықты қиын екенін білу үшін massaget.kz сайтының тілшісі репортажға шықты.

Еліміздегі емделуі қиын аурулардың бірі туберкулез болғандықтан, ақпаратты Қазақстан Республикасы туберкулез проблемалары орталығынан алуды жөн көрдік.


"Өкпе туберкулезінің көп дәріге сезімталдық" бөлімшесінің мейірбикесі Жұматаева Ғалия Жоламанқызы аталған салада 31 жыл бойы жұмыс істеп келеді. Репортаж жасайтынымызды білген мейірбике алғашында таңқалып, артынша алтын уақытын бөлуге келісті. Біз де артық сұрақ қоймай, қажетті деңгейде репортаж жүргізетінімізді айттық.




– Сағат 8-де жұмысқа келіп, жұмыс күнімізді киім ауыстырудан бастаймыз. Халат, қалпағымызды және аяқ киімімізді ауыстырып, қолымызды тазалап жуамыз. Іске кірісіп, ауысымды қабылдаймыз. Ауысымды қабылдай отырып, құжатты ретке келтіреміз. Бұдан кейін ТБ01 құжатына сәйкес жұмыс істейміз. Ол жерде әр науқасқа қажетті дәрі-дәрмек, емдеу түрлері және салмағы көрсетілген. Бізде көбінесе 4-дәрежелі науқастар жатады. Олар 3 жылға дейін емделуі мүмкін. Жоғарыда айтқан дәрі-дәрмекті науқастардың бөлмесіне апарып, қолдан-қолға таратамыз. Дәріні тамақтан кейін 30 минут өткен соң ішеді. Дәрінің міндетті түрде ішілуін қатты қадағалаймыз. Қабылдағаннан кейін кері әсерін тигізіп-тигізбей жатқандығын сұраймыз. Дәрілерді таратып болған соң орнымызға қайта оралып, науқастарды анализге немесе басқа емге бағыттаймыз. Науқастар барлық емге дәрігермен бірге барады.

- Дәрігер болғыңыз келмей ме?

- Мейірбике болып қалғаным үшін ешуақытта өкінбеймін. Адамдарға кішкентай болса да пайдамыздың тиетініне қуанамын. Бізге келген кезде олардың көңіл-күйі жоқ болады. Аурудан сауығып кеткен науқастарды көрсетіп, оларды жазылуға жетелейміз. Кейде науқастың емнен бас тартатын кезі болады. Отбасындағы жайсыз оқиғалар да әсер етеді. Мысалы, ер адамдар осы аурумен ауырған әйелін тастап кетеді немесе достары қарым-қатынаста болудан бас тартады. Сол кезде оларға рухани қолдау көрсетеміз. Әрбір науқастың мінезіне сай жұмыс істейміз.

Анамның жалғыз қызы болғандықтан, денсаулығына қарайласамын деп, оқудан бас тарттым. Мен үшін ең бастысы дәреже емес – өзгелерге пайдамды тигізу.

- Бұл салада жүргеніңізге қанша жыл болды?

- Мейірбике болып жұмыс істеп жүргеніме 31 жыл болды. Ал дәл осы жерде жұмыс істеп жатқаныма 8 жылдан астам уақыт өтті. Өзім 53 жастамын. Артқан сенімімді ақтап отырған 4 балам, апа деп алдымнан жүгіретін 4 немерем бар.

- Науқастардан ауру жұқтырып аламын деп қорықпайсыз ба?

- Жоқ, өйткені біз сақтанамыз. Олардың жанына бару үшін арнайы киім киеміз. Туысқандарым осы жерде істеймін десем, шошиды. Ал мен олардың науқас екенін біліп, сақтанатындығымды айтамын. Олар уақыт өте келе отбасымыздың бір мүшесі секілді болып кетеді. Ешқашан ауырмаңыздар, ауырып қалған жағдайда өзіңізге де, өзгеге де зияны тимейтіндей емделіңіздер.

Арнайы massaget.kz үшін: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: massaget.kz

Қ. Бүйенбай