Бастан күн мен ыстық өткендегі алғашқы көмек

Бастан күн мен ыстық өткендегі алғашқы көмек

Күн нұры өзіне жеңіл-желпі қарайтындарды жақтырмайды және ұзақ уақыт жағажайда жату немесе ыстық күнде қалада ұзақ уақыт қыдыру рақат сыйлаудан бұрын, үлкен мәселе тудыруы мүмкін. Денеге күн өту біз ойлағаннан да тез іске асады, ал денсаулыққа біршама зиян тигізеді. Кейбір жағдайларда науқасқа жедел түрде ауруханаға жатып, ұзақ уақыт емделу қажет болады.

Бастан күн өту және ыстық өту қалай іске асады?

Ыстық өту – ағзаның қызуының нәтижесі. Мұндайға жазда ғана емес, кез келген жыл мезгілінде ұрыну қаупі бар. Көбіне ыстық өтуге ұзақ уақыт монша немесе саунада отыру, ыстық бөлмеде немесе қапырық ыстықта қалың киіммен физикалық жаттығулар жасау себеп болады.

Бастан күн өту – бұл көбіне жаз мезгілінде орын алады. Күн сәулесінің бас аймағына тікелей әсер ету себебінен болады. Мұнда бірінші кезекте ми қан тамырларының кеңеюінен орталық жүйке жүйесіне зақым келеді. Күн өткенде, сонымен қатар, дене күюі де мүмкін.

Ыстық өту мен бастан күн өтудің белгілері ұқсас:

- әлсіздік, бас айналу, асқынған жағдайда – дененің құрысуы, естен таңу;
- жүрек айну, асқынған жағдайда – құсу;
- бас ауру;
- дененің қызуы (40 градусқа дейін);
- тері қабатының қызаруы;
- суық тер шығуы;
- тахикардия.

Бастан қатты күн өткенде адам сандырақтап, көзіне бірдеңелер көрініп, психомоторлық қозуға ұшырауы мүмкін. Егер науқасқа тез арада медициналық көмек көрсетпесе, өліп кетуі де мүмкін.

Бастан күн өту мен ыстық өту әсіресе балалар мен қарттарға қауіпті, сонымен қатар жүрек-қан тамырлары ауруларымен ауыратын адамдарға.

Бастан күн өткенде және ыстық өткенде алғашқы көмек

Бастан күн өткенде немесе ыстық өткенде ең алдымен науқасқа күн немесе ыстық әсер етпеуін қамтамасыз ету керек. Егер адам бөлме ішінде өзін жайсыз сезінсе, таза ауаға шығарыңыз, егер далада болса – науқасты көлеңкеге апарыңыз немесе ауа кіріп тұратын, салқын бөлмеге кіргізіңіз. Оны жатқызып, жағасын шешіңіз немесе үстіңгі киімін шешіңіз.

Науқастың үстіне салқын суға дымқылданған матаны жабыңыз, маңдайы мен желкесіне дымқыл орамал немесе мұз салынған пакетті қойыңыз. Бөлме температурасындағы сумен ысқылау (18-20 градус) мен желпу жақсы көмектеседі. Бастан күн өткенде және ыстық өткенде кофеинсіз және ішімдік емес салқын (суық емес!) су беру қажет. Дәрі-дәрмекті тек дәрігердің нұсқаулығымен ішкен жөн.

Егер ересек адам қалтырап жатпаса, ал қолы мен аяқтары суық болса, спирт немесе сірке суымен (олардың әрқайсын сумен араластырып алыңыз) тері бүгілетін жерлерін (тізе асты, шап арасын, қолтықтың астын) ысқылау қажет. Балаларды спирт және сірке суымен ысқылауға болмайды!

Егер науқас есінен таңып қалса, мұсатырлы спирт иіскетіңіз немесе бетіне суық су шашыңыз. Есін жинамаған жағдайда, дереу жедел жәрдем шақырыңыз немесе ауруханаға жеткізіңіз.

Егер адамның тамыр соғысын сезбесеңіз және демі естілмесе, жедел жәрдем келгенше қолдан дем алдыру немесе жүрегіне жанама массаж жасаңыз.

Бала, жасөспірім немесе жүрек-қан тамырлары ауруларымен ауыратын адамның басынан күн өтсе немесе ыстық өтсе дәрігер шақыру міндетті.

Алғашқы жәрдем көрсетіліп, адам есін жиған соң, оны дәрігер қарап шығуы тиіс. Бәлкім, оған бірнеше күн үйде жату керек болады.

Егер жағажайда, қыдырып жүріп немесе ыстық бөлмеде ұзақ уақыт отырған соң басыңыз айналып, ауырып, әлсіздік сезінсеңіз, бұл күн өткеннің немесе ыстық өткеннің алғашқы белгілері болуы мүмкін. Дереу сол арадан шығып, көлеңкеге барыңыз немесе терезені ашып, киімдеріңіздің алдын ашыңыз. Егер мүмкіндік болса, дененің үстіңгі бөлшегін салқын сумен сүртіңіз, бетіңізді жуыңыз, жата тұрыңыз. Міндетті түрде 1-2 стақан су ішіңіз, біраз уақытқа темекі шекпеңіз және тамақ ішпеңіз.

Күннен дұрыс қорғанайық

Бастан күн өту мен ыстық өтудің алдын алу үшін күн сәулесі аса қатты белсенді кезде далаға, жағажайға шықпау, ауа кірмейтін, ыстық бөлмелерге кірмеу және адам толы қоғамдық көлікке отырмау.

Күн өту мен ыстық өтуге көбіне артық салмағы бар адамдар, қан қысымы жоғары, эндокринді аурулармен, вегето-тамырлы дистониямен ауыратын адамдар, кішкентай балалар бейім екенін ұмытпаңыз.

Ұзақ уақыт күн астында тұрған көлікке отырмас бұрын, барлық есіктерін ашып, ішіне ауа кіруін қамтамасыз етіңіз. Ыстық күнде ешқашан балаларды жабық көлікте тастап кетпеңіз. Күн астында ешқашан ұйықтамаңыз – егер ұйқыңыз келіп бара жатса көлеңкеге жатыңыз.

Жазда табиғи маталардан тігілген ашық түсті киімдер киюге тырысыңыз және бас киім киюді ұмытпаңыз. Көбірек су ішіп, ішімдіктен аулақ болыңыз.

Сурет: ynamore.ru

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina