Жаздағы денсаулық күтімі

Жайдарлы жазды тағатсыздана күтетіндер көп-ақ. Қыс маусымында бір рет болсын «тезірек жаз болса екен!» демеген адамдар арамызда бар ма? Бәрі артта қалды. Мінеки, көптен күткен маусымымыз да келіп жетті. Төрт маусымның бір-бірінен айырмашылығы –  ауа-райында екенін жақсы білесіз. Жаз десе көз алдымызға ыстық күн, өзен, теңіз, көкке шығу, шөлдеу, көзілдірік, жеңіл, ашық киімдер келеді. Кейде ауа температурасының көрсеткіші таңғалдырып жатады. Сондықтан, әбден қалыптасқан күн тәртібіне өзгерістер енгізіп, денсаулығымыз бен сұлулығымызға күтім көрсетейік.

Сізге оғаш естілер, бірақ жаз кезінде көп су ішуге болмайды. Артық ішілген су бүйрекке қысым түсіріп, нәтижесінде тұз бен электрит көп бөлінеді. Бұған қоса қан қысымыңызда да қиындықтардың пайда болуы ғажап емес: тым төмен түседі немесе көтеріледі. Осы тұста "сонда қанша су ішу керек?» деген орынды сауал туады. Себебі, жазда бәріміздің су ішкіміз келеді. Бір келіге 35 мл-ден есептеңіз. Мұның бәрін бірден емес, арасына уақыт салып барып ішкен дұрыс.

 

Жаз маусымында тәтті сусындардан аулақ болыңыз. Неге дейсіз бе? Себебі, мұндай сусындардың құрамында қант өте көп. Бұл сымбатыңыздың бұзылуына әкеліп соқтырады. Ал мұзды сусындардан ангинаңыз көтеріліп, жалпы иммунды жүйеңіз әлсірейді. Сұйықтықты бөлме температурасымен бірдей етіп ішуге тырысыңыз. Қантты сусындарды табиғилыққа жақын шырындармен алмастырыңыз.

 

Қомағайлықты сүюшілерге әдетіңізді ұмытыңыз дегіміз келеді. Сіздің күндізгі рационыңызды жеміс-жидектер мен көкөністер құрау керек. Қуырылған, қақталған тағамдарға тыйым салынады! Көкөністен жасалған, аса майлы емес, етті сорпаларды жиі ішіңіз. Рационды ақуыздармен толықтырғыңыз келсе,  бұршақ тұқымдас және қышқыл сүтті тағамдарға таңдау жасаңыз.

 

Далаға шыға қалсаңыз, аптапты ыстыққа  төзе алмайсыз. Құтқарушыңыз – үй. Нақтырақ айтсақ, үйдегі желдеткіштер мен салқындатқыштар. Ел арасында «Салқындатқыш әзәзілдің дүниесі» деген сөз тарап кеткен. Ақылға қонымсыз болғанымен, ойлануға тұрарлық сөз. Себебі, уақытша салқындыққа алданып, өмір бойы қиындық көретін сырқатқа душар болуымыз мүмкін ғой. Үйдегі немесе мекемедегі салқындатқыш температурасының 10 градус болуын қадағалаңыз. Даладан терлеп келіп, желдеткішті қоспаңыз.

 

Әрине, физикалық белсенділік деген жақсы, бірақ, жаздың ыстық күндерінде «жоқ» деуіңізге тура келеді. Тым болмағанда жаттығуларыңызды азайтыңыз. Жылу алмасудың  бес есеге арту қаупі бар. Үйден, жұмыстан 9.00-18.00 аралығында шықпауға тырысыңыз. Көшеде жүруге мәжбүр болсаңыз, жеңіл киініп, бас киімді тастамау керек.

 

Жаз – шомылу маусымы. Бассейндер, жағалаулар, аквасабаяқтар –  жаз маусымында оазис саналатын жерлер десек, артық айтқандық емес. Салқындаған, тазарған, дене тәрбиесімен айналысқан жақсы ғой, бірақ, құлақтың қабынуы дегенді ұмытпау керек. Құлағыңызға тым көп су кіріп кететін болса, орны толмас өкінішке тап болуыңыз мүмкін. Сол үшін суға түскенде арнайы қалпақ киіңіз. Суға түсудің басқа да қағидаларын мына жерден толығырақ оқыңыз.

Шілденің шіліңгір күндерінде «тезірек қыс болса екен!» деушілер көбейе түседі. Себебі, біз, адамдар шыдамсыз келеміз, бірақ, тез бейімделеміз. Демек, бұл жазды да өткереміз деген сөз... Өзіңізге абай болыңыз!

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: vtemu.by