- Негізгі бет
- Денсаулық
- Энергетикалық сусындардың пайдасы...
Энергетикалық сусындардың пайдасы мен зияны
Энергетикалық сусындар – адамзаттың бертінде ойлап тапқан өнертабысы. Алайда олардың құрамындағы заттар жүйке жүйесін ынталандыру үшін бұрыннан пайдаланылып келеді. Энергетикалық сусындар емтиханға дайындалып жүрген студенттерге, жұмысын уақытында тапсырып үлгермей жүрген қызметкерлерге, спорттық рекордтарға ұмтылған спортшыларға, шаршаған жүргізушілер мен түнгі клуб қыдырмаларына нағыз құтқарушы болды... Бір сөзбен айтқанда, шаршаса да өзін сергек сезінуі керек адамдарға арналады.
Сусынның бір құтысынан бар шаршағаныңыз кетіп, ұйқы қысу басылып, жаңа әрекеттерге дайын боласыз.
Энергетикалық сусындардың зияны жайлы естісек те, олардың нақты қандай зияны бар екенін біле бермейміз. Ал дүкендерде бұл ғажайып сусынның еркін таралуы мен қолжетімділігі денсаулыққа алаңдамауға болатындай әсер береді. Осы мәселе төңірегін зерделеп көрейік.
Артықшылықтары
Энергетикалық сусындар көңіл-күйді көтеріп, ой әрекетін жақсартады. Әркім өз қажеттіліктеріне орай энергетикалық сусын таба алады. Энергетикалық сусындардың кейбірі кофеинге негізделсе, екіншісі – дәрумендер мен көмірсулардан құралған. Кофеинге негізделген сусындар түнде жұмыс істеп, сабақ оқитын студенттер мен қызметкерлерге арналған, ал дәруменді-көмірсулы сусындарды бос уақытын спортзалда өткізгісі келетін белсенді адамдарға пайдалануға болады.
Энергетикалық сусындар дәрумендер кешені мен глюкозадан тұрады. Дәрумендердің пайдасы бәріне мәлім. Глюкоза болса қанға тез сіңіп, қышқылдандыратын процестерге қатысады және бұлшық ет, ми және басқа да маңызды мүшелерді энергиямен қамтамасыз етеді.
Бір шыны кофенің әсері 1-2 сағат сақталады, ал энергетикалық сусынның әсері – 3-4 сағатқа дейін. Оған қоса, көптеген энергетикалық сусындар газдалған болып келеді, бұл олардың әсерін кофеге қарағанда жеделдетеді.
Құтысы да ыңғайлы болғандықтан, энергетикалық сусындарды өзіңмен алып жүруге және кез келген жерде ішуге болады. Бұл да оның кофеден бір артықшылығы.
Кемшіліктері
Энергетикалық сусындарды белгіленген мөлшерлемеге сай тұтыну қатаң талап етіледі. Максималды мөлшер – күніне 2 құты сусын. Мөлшерден асыру – қан қысымының немесе қан құрамындағы қант деңгейінің көтерілуіне әкеп соғуы мүмкін.
Энергетикалық сусындар Франция, Дания және Норвегияда ресми түрде рұқсат етілмеген және дәрі ретінде тек дәріханаларда сатылады.
Энергетикалық сусындардың құрамындағы дәрумендер мультидәруменді кешенді алмастыра алмайды.
Жүрек аурулары бар, гипо немесе гипертониямен ауыратын адамдарға энергетикалық сусындарды тұтыну құпталмайды.
Энергетикалық сусындар ағзаны энергиямен қамтамасыз етеді деген тұжырым – дәлелсіз. Сусында ешқандай энергия жоқ, ол тек энергия қоздырушысы. Яғни, біз өз энергия қорымызды пайдаланамыз, қысқаша айтқанда, энергияны өзімізден қарызға ала тұрамыз. Алайда ерте ме, кеш пе бұл қарызды шаршағандық, ұйқысыздық, ашушаңдық түріндегі пайызбен қайтаруға тура келеді.
Басқа да ынталандырушылар сияқты энергетикалық сусындардың құрамындағы кофеин жүйке жүйесін әлсіретеді. Оның әсері 3-5 сағат сақталады, бұдан кейін ағзаға демалыс қажет. Сонымен қатар, кофеинге адам тез әуестенеді.
Глюкоза мен кофеиннен тұратын энергетикалық сусын жас ағза үшін өте зиян.
Көптеген энергетикалық сусындардың құрамында көп мөлшерде В дәрумені болады. Бұл жүрек соғысын жиілетіп, аяқ-қолдардың дірілдеуіне себеп болуы мүмкін.
Фитнес жанкүйерлері кофеиннің несеп айдағыш қасиеті жайлы жақсы білуі тиіс. Яғни, жаттығудан кейін энергетикалық сусын ішуге болмайды, өйткені жаттығу кезінде ағза онсыз да көп сұйықтық жоғалтады.
Энергетикалық сусындардың құрамында таурин және глюкуронолактон бар. Таурин қажетті мөлшерден бірнеше есеге асып түседі, ал 2 құты сусындағы глюкуронолактонның мөлшері күнделікті нормадан 500 есе (!) көп. Бұл ингредиенттердің ағзаға қалай әсер ететіндігі ғалымдарға әлі белгісіз. Сондықтан таурин мен глюкуронолактонды мұндай жоғары мөлшерде пайдалану қауіпсіздігі әлі анықталмаған, әлі де зерттеулерді қажет етеді.
Байқағанымыздай, артықшылықтарынан кемшіліктері көп. Дегенмен, әр адамның өмірінде энергетикалық сусынға жүгінуге тура келетін кездер болады. Мұндай жағдайда ағзаңызды қорғау үшін сусынды тұтыну ережесін мұқият оқыңыз.
Энергетикалық сусындарды тұтыну ережелері
Кофеиннің бір күндік мөлшерін асырмауға тырысыңыз, яғни екі құтыдан көп ішпеңіз.
Сусынның әсері тарқаған соң ағзаға күш жинау үшін демалыс қажет.
Спорттық жаттығулардан кейін энергетикалық сусындар ішпеңіз – спорттық сусындар да қан қысымын көтереді.
Энергетикалық сусындарды жүкті әйелдерге, балаларға, жасөспірімдерге, егде адамдарға, гипертониядан зардап шегетін, жүрек-қан тамырлары ауыратын, глаукома, ұйқысы бұзылған, тез қозғыш және кофеинге сезімтал адамдарға тұтынуға тыйым салынады.
Кофеин қаннан 3-5 сағаттан соң шығады, ал кейде тек жартылай. Сондықтан осы уақыт аралығында энергетикалық сусындарды кофеинді (шай, кофе) басқа сусындармен араластыруға болмайды – әйтпесе мөлшерді асырып жіберу қаупі артады.
Көптеген сусындар мол калориялы. Энергетикалық сусындарды жаттығу алдында тұтынған жөн. Ал егер сіз салмақ түсіру үшін емес, жай ғана жаттығулар жасасаңыз, онда жаттығулардан кейін де ішсеңіз болады.
Энергетикалық сусындарды ешқандай жағдайда ішімдікпен араластырып ішуге болмайды. Кофеин қан қысымын көтереді, ал ішімдік оның әсерін одан сайын арттырады. Нәтижесінде гипертониялық кризге ұшыратуы әбден мүмкін.
Дәрігерлердің пікірінше, энергетикалық сусындар – дәруменді кофе алмастырғыш, тек денсаулыққа қауіптірек. Басқа өнімдердегі жемісті шырындар мен глюкоза ағзаға дәл осылай әсер етеді. Сондықтан, оны ішу, не ішпеу – өз еркіңізде.
Сурет: medvesti.com, www.1tv.ru
Дайындаған: Анар Мұстафина