Аяқтағы күлдіреуді емдеу

Аяқтағы күлдіреуді емдеу

Аяқта пайда болған күлдіреу қандай үлкен мәселе тудыруы мүмкін екенін кейбір адамдар өз тәжірибесінен жақсы біледі. Олар ауырып қана қоймай, ыңғайсыздық тудырады, жүруге кедергі келтіреді. Ал егер күлдіреу жарылып кетіп, жараға жұқпа түссе қабынып кетуі де мүмкін. Сондықтан аяғыңызда күлдіреу пайда болса, бірден оны емдеуге кірісіңіз.

Аяқ терісінде күлдіреу неге пайда болады?

Көбіне терідегі күлдіреулер екі факторға байланысты пайда болады: ұзақ уақыт үйкелістен және жоғары ылғалдылықтан туады. Мұндай мәселе, көбіне жаңа аяқ киімнің әсерінен туындайды. Ол әлі кеңімеген, табанға дұрыс орнықпаған, сондықтан терінің кейбір аймақтарын қажауы мүмкін. Егер адам бұған мән бермесе, яғни аяқ киімін ауыстыруға немесе аяқтарын демалтуға мүмкіндігі болмаса күлдіреу пайда болары анық. Олардың көлемі үйкелістің қаншалықты қатты және ұзақ болғанына тікелей байланысты. Бірақ сулы жара кейде ыңғайлы аяқ киім кигеннен де пайда болып жатады. Мысалы, егер оған кішкентай тас немесе құм түсіп кетсе. Сонымен қатар күлдіреудің пайда болуына басқа да себептер әсер етеді. Мысалы, жәндік шағып алу немесе теріні күйдіріп алу күлдіреуге әкеп соғуы мүмкін.

Күлдіреуді қалай емдеу керек?

Сізге қажетті құралдар:

- бактерицидтік немесе аяққа арналған пластырь;
- мата немесе дәке;
- йод немесе спирт;
- емдеп жазатын май.

Егер аяғыңыз қажалып жатқанын және ісініп кеткенін сезсеңіз – тоқтап, аяқ киіміңізді шешіп, табаныңыздың демалып, кебуіне жол беріңіз. Кейін қажалған жеріне бактерицидтік пластырь жолағын жабыстырыңыз. Егер қолыңызда пластырь болмаса, күлдіреуге кішкене мата немесе дәке тілімін бірнеше рет бүктеп, салыңыз. Сіздің мақсатыңыз, терінің зақымданған аймағының аяқ киім бетімен үйкелісін азайту және ісінуді басу.

Егер пластырь да, мақта да, дәке де болмаса, күлдіреуді таза матамен жабыңыз да, қозғалып кетпейтіндей бекітіп қойыңыз.

Үйге келген соң көпіршіктің бетін және оның айналасындағы теріні йод немесе спирт ерітіндісімен тазалаңыз. Сонымен қатар емдеп жазуға арналған май жағып қойсаңыз болады (мысалы, мырыш майы).

Сулы күлдіреуді тесу керек пе? Бұған байланысты ортақ пікір жоқ. Кейбір дереккөздерде ешбір жағдайда тесуге болмайды делінеді, өйткені ішіне жұқпа кіріп кетуі мүмкін. Алайда егер сулы жара ұлғайып, жүру кезінде ыңғайсыздық тудырса, оны жару керек деген тұжырым да жиі кездеседі (әрине, барлық сақтық шараларын ұстанып). Сондықтан ерік өзіңізде. Егер жараның бетін теспек болсаңыз, инені міндетті түрде спирт немесе йодпен өңдеп алыңыз.

Тесу үшін өткір стерилді инені пайдаланыңыз.

Суы ағып болған соң, күлдіреудің бетіндегі теріні жұлып алмаңыз. Күлдіреуге тағы спирт немесе йод жағып, бактерицидтік пластырьмен жабыстырып қойыңыз. Қажалған жер толық жазылып біткенше пластырьды күнде ауыстырып тұрыңыз.

Сурет: wday.ru

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina