- Негізгі бет
- Денсаулық
- Дәрі ішкенде қалай...
Дәрі ішкенде қалай тамақтану керек?
Кез келген дәрі ағзаға екі жолмен барады: ішу мен егу арқылы.
Егер дәрі ағзаға ішу арқылы түссе, оның жеткілікті түрде жақсы әсер беруіне кәдімгі күнде ішіп отырған тамақ кедергі болуы мүмкін. Дәрі ішіп алып, артынан тойып тамақ жеп алсақ, ағзаға енді барған дәрі тамақпен араласып кетіп, нақты нәтиже бере алмайды. Екінші сөзбен айтсақ, дәрі мен ақшамыз далаға кетіп, еңбегіміз еш болады.
Сол үшін дәріні дұрыс қабылдай білу шағын мәселе болып көрінгенімен, өте маңызды. Көп адам дәрігердің айтқанын толық орындай бермейді. Сөйтіп жүріп ауруын асқындырып алып жатады.
Ауырғанда міндетті түрде дәрігердің айтқанына құлақ асу керек. Дәріні қашан қабылдайтыныңызды нақтылап сұрап алыңыз.
Егер дәрігер нақты ештеңе айтпаса, нұсқаулықта да жөнді ештеңе жазылмаса, кез келген дәріні тамақ ішуге дейін 30 минут қалғанда ішу керек.
Дәрігер бұл дәріні қанша уақыт бойы ішу керек десе, сонша уақыт ерінбей қабылдаңыз. Жазылып кеткендей сезінсеңіз де, ауру толық жойылғанша, дәріні үзбей ішіңіз.
Екінші бір мәселе, дәрі іше бастағанда, тамаққа аса мән бере бермейміз. Тамақ – ағзаның күші. Сол үшін де дәрі мен тамақтың сәйкестігін назарға алу керек.
Антибиотик ішкенде, сүттен бас тартыңыз. Өйткені сүт антибиотиктің әрекетін нашарлатады. Арақ-шараптан, газды сусыннан аулақ болған жөн.
Аспирин ішкенде, ақуыз, май, көмірсудан аулақ болған дұрыс. Цитрус шырынын да аспиринмен бірге ішпеңіз.
Құрамында темір бар препарат ішкенде, кофе, шәй, ұнды өнім мен тәттіден, жаңғақ, сүтті тағамнан аулақ болған дұрыс.
Жалпы дәрі қабылдап жүргенде арақ-шарап, темекіні қоя тұрған жөн.
Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова
Материал дәрігер кеңесіне сүйене отырып жазылды
Сурет: kosulin.ru
Р. Роза