- Негізгі бет
- Денсаулық
- Омыртқа денсаулығына арналған...
Омыртқа денсаулығына арналған 4 жаттығу
Келбеттің бұзылуы, омыртқаның қисаюы бірінші кезекте қан айналымына кері әсер етеді. Бұдан жасушаларға қоректік заттар мен оттегі мөлшері толыққанды енбейді.
Танымал жапон емшісі Кацудзо Ниши, «Денсаулықтың алтын ережелері» деген жүйесі бойынша қысқа әрі қарапайым жаттығулар кешенін ұсынған екен. Омыртқаға арналған 4 жаттығу келбетті түзулеп, омыртқалардың қайта қалпына келуіне және қантамырлардың жазылуына ықпал етеді.
Омыртқаға арналған «Ағаш жапырағы» жаттығуы. Ми қанайналымын реттеуге көмектеседі, омыртқаны түзеп, қысылған көк тамырларды босатады.
Бастапқы қалып: денеңізді бос ұстап, тегіс жерге арқамен жатыңыз. Денеңіз бос, салмақсыздықтан ауада қалқып жүргендей әсерге бөленіңіз.
Жаттығу: екі табаныңызды еденнен алмай жамбасыңызға қарай жылжытып, аяқтарыңызды ақырындап бүгіңіз. Басыңызды еденнен көтеріп, қолыңызды тізеңізге қарай созыңыз, бірақ омыртқаңыз еденге тиіп тұратындай болсын. Саусақтарыңыз тізеңізге тигенде, осы қалыпта 1-2 минут тұра тұрыңыз. Өне бойыңызға тіршілік энергиясы құйылып жатқандай әсерге бөленіңіз. Кейін бастапқы қалыпқа қайтып, 1-2 минутқа денеңізді толықтай босаңсытыңыз.
Омыртқаға арналған «Тал шыбық» жаттығуы. Омыртқаны емдейді, арқаның ауруын басады және жүрек қызметін жақсартады.
Бастапқы қалып: аяғыңызды бір-біріне параллель етіп, екі жаққа қойып тұрыңыз. Бар назарыңыз денеңізде болсын. «Ағаш жапырағы» жаттығуындағыдай денеңізді босаңсытып, салмақсыздықтан ауада қалқып жүргендей әсерге бөленіңіз.
Жаттығу: саусақтарыңыз сегізкөз аймағында тоғысатындай екі алақаныңызды бүйрек аймағына қойыңыз. Ақырындап басыңызды артқа қарай шалқайта бастаңыз, омыртқаңыз бірте-бірте бүгіле бастайды. Мүмкіндігіңіз шегіне жетті-ау дегенде, бүгілген қалыпты сақтап, жай ғана қолдарыңызды бос жібере салыңыз.
Денеңіз талдың шыбығындай өз бетінше тербетіле бастайды. Қанша шыдайсыз, сонша осы қалыпты сақтап тұра тұрыңыз. Кейін қолдарыңызды қайта беліңізге қойып, омыртқаңызды бірте-бірте жазып, бастапқы қалыпқа келіңіз.
Омыртқаға арналған «Садақтың адырнасы» жаттығуы. Қан айналымын жақсартады, омыртқадағы тұздан тазартады.
Бастапқы қалып: тізерлеп отырыңыз, қолдарыңызды төмен түсіріңіз.
Жаттығу: Абайлап омыртқаңызбен артқа қарай бүгіліңіз, қолдарыңызбен екі табаныңызды ұстаңыз. Осы қалыпта 5 секундтан кем тұрмауға тырысыңыз. Бастапқы қалыпқа келіңіз. Жаттығуды 3-10 рет қайталау керек, аз-аздан қайталап, жағдайға байланысты уақытын ұлғайтып тұру қажет.
Омыртқаға арналған «Жүзім шағы» жаттығуы. Омыртқаның иілгіштігі мен қан айналымын жақсартады.
Бастапқы қалып: аяқтарыңызды иық деңгейіне сәйкестендіріп ашып, тұрыңыз. Денеңізді бос ұстаңыз.
Жаттығу: омыртқаңыз иілгіш әрі созымды екенін елестетіп, қолыңызбен бел аумағын уқалаңыз. Кейін алға қарай екпінмен иіліңіз, бірақ жұлқыну мен оқыс қимылдаудан сақ болыңыз. Екпінмен, бірақ байсалды түрде. Қолдарыңызды еденге тигізуге тырысыңыз. Тізеңізді бүкпеңіз, бірақ сонымен қатар қатайтып ұстамаңыз – олар бос тұруы қажет. Бастапқы қалыпқа келіңіз. Кейін бірнеше рет екпінді, бірақ байсалды түрде оңға-солға еңкейіңіз.
Омыртқаға арналған 4 жаттығуды күнде жасауға тырысыңыз. Бұл жаттығулар көп уақытыңызды алмайды және денеңізге жайлылық сезімін сыйлайды.
Сурет: tasty-ideas.blogspot.com, www.liveinternet.ru
Дайындаған: Анар Мұстафина
A. Mustafina