Тіс жұлғаннан кейін...

Тіс жұлғаннан кейін...

Тіс жұлғаннан кейін қандай әрекет істеу керек? Massaget.kz тіс дәрігері Әнуар Баймұқановтың кеңесіне сүйене отырып, бүгін осы мәселе туралы айтады.

◊ Егер брекет тағып жүрген болсаңыз, ортодонтпен кеңескеннен кейін тіс жұлуға болады. 

Жұлынған тістің орнына салынған мақтаны тіс жұлғаннан кейін 15-20 минут өткенде түкіріп тастау керек. Тіс жұлынған соң ауызды бірден шаймаңыз. Өйткені тістің орнына ұйыған қанның аузын ашып жіберсеңіз, қан тоқтамай қалуы мүмкін. Тіс жұлған соң 2 сағат бойы тамақ, сусын ішпеу керек! 

Тіс жұлған соң 1 күннің ішінде барынша ыстық тамақ ішпеуге тырысыңыз. Және ыстық суға шомылуға, нақтырақ айтқанда ванна қабылдауға болмайды. 

Тіс жұлғаннан кейін 1 күн бойы арақ-шарап, сыра ішуге, темекі тартуға болмайды. 

Тістің орнын тіліңізбен "мазалай" бермеңіз. 

Тіс жұлғаннан кейін 1 күн ішінде ағзаға салмақ түсіретін ауыр жұмыстардан қашыңыз. 

Ал тістің орны қанай бастаса, залалсыздандырылған мәрліні тіс орнына қойып, мәрліні тістеңіз. Тіс жұлынғаннан кейін 12 сағаттың ішінде қан тоқтамаса, міндетті түрде тіс дәрігеріне қаралыңыз.

Тіс жұлғаннан кейін ауыртпайтын дәрінің күші кеткенде, тістің орны ауыра бастауы мүмкін. Тіс дәрігеріне хабарласып, қандай дәрі ішуге болатынын сұраңыз. Ал ол дәрі көмектеспеген жағдайда, тіс дәрігеріне барыңыз.

Тіс жұлғаннан кейін 1 күннің ішінде тісті тазаламаған дұрыс. Ал тазалаған жағдайда жұлынған тістің орнына тиіспегеніңіз жөн.  

Тіс жұлынған соң ауыртпайтын дәрінің күші кеткенде аузыңызды ашып-жабу қиындық тудырса, тіс дәрігеріне барыңыз. 

◊ Кешкісін қанжылым тұзды не содалы сумен немесе дәрігер берген ерітіндімен ауызды шаю керек. 

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: clker.com

Р. Роза