Үсік шалған жағдайда

Үсік шалған жағдайда

Қазір еліміздің барлық аймағында аяз түсіп, қыстың ең суық кезі басталды. Осы орайда сыртта көп жүріп, тоңып қалатын кездеріміз болады. Жай мұздап қалу үсуге айналмасын десеңіз, мына ақпаратты біліп жүргеніңіз жөн.

Суықта далада ұзақ уақыт жүру денсаулығымыз үшін қауіпті. Жай тоңып қалу үсуге қалай ұласады? Одан қалай сақтану керек? Үсіп қалған жағдайда не істеймін? Осы сұрақтарға жауаптарды бірге іздейік.

Суықта адамның қан тамырлары тарылып, ағзадағы үлкен өзгертулерге әкеле алады. Үсіп қалу тері, ағза мүшелері жасушаларын жоюы мүмкін. Қыста жиі кездесетін бұл дертке далада тіпті көп уақыт болмасаңыз да шалдыға аласыз. Үсіп қалу үшін жоғары ылғалдылық болған кездері -30 градус температурасы да қажет емес. 

Кенеттен түскен аяз, жоғары ылғалдылық, суық жел, далада ұзақ уақыт жүріп қалу – үсудің себептері негізінен осылар. 

Бет пен құлақ үсуі

Жиі жағдайда далада ашық қалатын бет, мұрын, құлақ зардап шегеді. Ашық жерлердің үсуінің бірінші белгісі ашуы мен шаншуы. Далада жүргенде бет пен құлақтың қызаруы – қалыпты жайт, бұл қан тамырларының қосымша жұмысының белгісі ғана. Алайда бетіңіз қатты қызарып, тіпті күлгін түсті болып кетсе, немесе аппақ болып, қызғылт-күлгін дақтар пайда болса, тезірек жылынуыңыз керек. Бұл – үсудің белгілері.

Қол-аяқтың үсуі

Саусақтардың шаншып ауруы, ұйып қалуы қол-аяқтың үсуін білдіреді. Тіпті қалың етік пен қолғап қатты аяздан қорғай алмауы мүмкін, саусақтарыңыз ылғалдық, қар әсерінен тоңып қала алады. Оған қоса қыста қабаттап шұлық кию етікті тар қылып, қимылдауға мүмкіндік бермеуі де аяқтың тез үсуіне өз ықпалын қосады. 

Үсіп қалған жағдайда не істеймін?

Әрине күнделікті өмірде біз үсудің жеңіл түріне кездесеміз. Сыртта көп уақыт жүріп тоңып қалып, теріңіз қышып, шаншып, түсі өзгеріп кетсе, үсіп қалдым дей беріңіз. Әрине үсуден жылудан жақсы ештеңе құтқармайды. Бірден үйге кіріп, жылы сусын (ең дұрысы – тәтті шай) ішіңіз. Үсіп қалған жерлерді (саусақ, мұрын, құлақ) жылы (ыстық емес) сумен жылытыңыз. Үйге бас салып кіріп, қол-аяқты ыстық суға салған дұрыс емес. Бірінші жуынғанда су температурасы 29-30°С болса, кейін 37-40°С арттырыңыз. Жеңіл массаж да қан айналымын реттеуге көмектеседі.

15-20 минутта теріңіз жылымай, түсі әлі қызыл, күлгін болып қалса, теріңіз қатты ауырып немесе керісінше сезгіштігі азайса, ісіп, жаралар пайда болса, дәрігерге тездетіп барғаныңыз дұрыс

Үсіп қалған жағдайда көпшілік мынандай қате дауалар жасайды:

Теріні қармен уқалау – көпшілік арасында тараған бірінші қателік. Бұл теріні одан ары мұздатып, микро жарақаттарға әкеле алады, ал олардан микробтар өтіп, жара болуы мүмкін. 

Теріні тым белсенді түрде уқалау, дөрекі щетка, маталарды қолдану да дәл осындай жағдайға әкеле алады.

Айтып өткендей, теріні ыстық сумен жылыту да – қате. Суықтан ыстыққа лезде өту теріні одан әрі зақымдайды, қан тамырлары мұндайды шыдамай, жарылып кете алады. Қан айналымының қалпына келуі бірқалыпты болуы керек, керісінше жағдайда кейбір жасушалар қалпына келмей, некроз атты ауруға шалдыға аласыз.

Үскен теріге май мен түрлі мазьдарды жағу да дұрыс емес: бұл теріге "дем алуға" мүмкіндік бермей, терінің қалпына келу уақытын созады.

Үсіп қалуды емдегенше, алдын алған дұрыс. Ал ол үшін:

  • Аса суық күндері далада ашық қалатын жерлер жайлы алдын ала ойланыңыз. Далаға шықпас бұрын 15-20 минут қалғанда арнайы қыстық крем немесе колд-крем жағыңыз. Мұндай арнайы құралдарда ланолин, какао немесе карите майлары, минералды май, өсімдік балауызы болады. Олар теріні көрінбейтін қорғаныс қабатымен орайды.
  • Барынша бос, бірнеше қабат киініңіз. Тар, кіші киім мен аяқ киімді суық күндері ұмыта тұрған жөн. Бос кеңістіктегі ауаның өзі сізді жылытып тұрады. Жалпы қыстық аяқ киім сіздің өлшеміңізден үлкенірек болғаны дұрыс.
  • Тауға, табиғат аясына қыдырып, белсенді спортпен айналысуға шыққан кездері (шаңғы, коньки, шана тебуге) арнайы термо іш киім, термо шұлық киген дұрыс. Қазірде киімнің мұндай түрін табу еш қиындыққа соқпайды. Заманауи синтетикалық маталар суды сіңірмей, суықтан қорғайды.
  • Бәріміз білетін жақсы амал – мұздай бастағанда белсенді болып жүгіру, секіру, жұдырықты жұмып-ашу.
  • Сыртта жүргенде 7-10°С температурада ересек адам 1-1,5 сағаттан артық жүрмегені жөн. Әрине балаларды да далаға бұдан көп уақытқа жібермеңіз. 

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: kazan24.ru

С. А