- Негізгі бет
- Денсаулық
- Тұмаудан сақтанайық: жылы...
Тұмаудан сақтанайық: жылы киіну
Суық күндермен бірге ең көп таралған жұқпалы аурулардың бірі – тұмау келеді. Жөтел, мұрынның бітелуі не ағуы, тамақтың қышуы, дене қызуының көтерілуі, шаршағандық тұмаудың белгілері екені баршамызға жақсы таныс. Жыл сайын кем дегенде бір рет шалдығатын аурудан сақтану не оны жеңіл өткеру үшін денсаулығымызға салғырт қарамай, қажетті күтім көрсетейік.
Суық тиюден сақтанудың ең оңай жолы – қорғаныс шаралары. Суық кезде дұрыс таңдалған киім сізді жылуда сақтап, терлетпеуі де керек.
Күн суығанда ауа-райына қарап киініңіз. "Әлі күз екен, мына жұқа көйлекті киіп тастайын" деп тоңып, ауырып қалмаңыз. Қазіргідей өтпелі кезеңде күнделікті таңертең ауа-райы болжамын тыңдап, терезеден далаға бір қарауды да ұмытпаңыз. Тым қалың киініп те, терлеп, суық тигізіп алуыңыз мүмкін.
Міндетті түрде мойынға орамал тағыңыз. Көп жағдайда тамағымыз ашық қалады, ал суық бірінші осы тамаққа тимей ме? Жылы күндердің өзінде орамалды сөмкеңізге салып жүріңіз. Жаңбыр не қар жауып кетті дегенде орамалды басқа тағып алуыңызға болады.
Бірінші тоңып, суық өткізетін – аяқ. Сол себепті етігіңізге ұлтарақ салыңыз. Етігіңіз керемет сапалы жасалса да, ұлтарақ артық болмайды.
Дәл сол сияқты, қалаңызда қар жаумаса да, қолғап киіп жүргеніңіз абзал. Жылы жүргенге қоса қолыңыз бірінші аяздан құрғап, жарықтанып кетпейді. Аяқ-қолы жылуда болған адамға суық тимейді.
Таңертең және кешкісін күн қатты суытады. Біздің далада жүретін кезіміз де осы шақ, сондықтан күнделікті бас киім киіңіз. Ерекше қалпақтарға қарағанда қарапайым, қалыңдығы орташа, бастысы құлақты жабатын бас киім таңдаған жөн. Бас киім құлақты тоңудан сақтайды, суықтың әсерінен шаштың құртылып кетуіне жол бермейді.
Қыс бойы капрон кологоткілерін киіп шығатын арулар болады. Осы күннен бастап сұлулықты екінші кезекке қойып, ауа-райына сай қалың колготкілер, шұлық, жылы іш киім (майка) киіп жүріңіз.
Барынша қалың киініп, тоңып қалудан сақтандым деп ойламаңыз. Тері тым қалың киімнен ыңғайсыздықты сезініп, дем ала алмайды. Оданша бірнеше қабат киім киіңіз. Астына мақта іш киім (майка), түгі бар колготкілер (бұл бұйымдар қан айналымына, терінің дем алуына кедергі болмайды), сыртынан тоқылған жемпірлер, белдемше не шалбар киіңіз, күртешеңіз соңғы қабат болады. Тым ауыр киімдерден бас тартыңыз, ол шаршатып, жүрекке де жүктеме береді.
Барынша табиғи маталардан тігілген киімдерді алуға тырысыңыз. Олар теріге дем алуға мүмкіндік береді, нәтижесінде қатты терлемейсіз, далаға шығып жүргенде теріңіз ұстап қалмай, суық тиюден сақтанасыз.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: fashionsmagz.com, infpol.ru
С. А