Күні бойы сергек жүру үшін

Күні бойы сергек жүру үшін

Таң ата заманауи адамды оқу, жұмыс секілді басқа да шаруалар күтіп тұрады. Таңмен бірге бірінші кезекте сергектік қажет. Сергек болу үшін бір шыны кофе ішкен жеткілікті ме? Басқа да жолдарды іздеп көрелік.

Адамзаттың 56 пайызы таңғы сергектікті кофе стақанынан іздейді екен. Бірақ заманауи өмірдің қарқынын есепке алатын болсақ, жалғыз кофе жеткіліксіз. Күні бойы және әсіресе, таңмен сергек болу үшін біздің кеңстерімізді біліп жүріңіздер.

Жарық

Жарық – біздің биологиялық сағатымызды іске қосудың табиғи құралы. Шыққан күннің көзі бізге таң атқанын білдіріп, ұйқыдан тұрғызады. Күз, қыс мезгілінде күннің көзі ерте шықпайды. Бұл кездері оянған бойда бөлменің жарығын қосыңыз. Жарық сергектік беретін гормонды "оятып", сергектік сезімін береді.

Төсектен тез тұру

Оятарды 5 минут кешірекке ауыстырып, "тағы да кішкене" деп жылы төсекте жатасыз ба? Бұл көбіміз үшін әдетке айналып кетті. Қосымша бірер минут ешқашан сіздің ұйқыңызды қандыра алмайды, ұйқыңыз қайта-қайта соғылған оятардың кесірінен бұзылып, таңмен тұру сіз үшін нағыз қиындыққа айналады. Оятарды кешірек уақытқа қойыңыз, алайда оның бірінші дыбысынан-ақ бірден төсектен тұруды әдетке айналдырыңыз.

Қозғалыс

Таңғы жаттығулардың қажеттілігін бізге сонау балабақшадан айтып келеді. Алайда заманауи адам таңмен жаттығу жасағанның орнына теледидар қарау, макияж жасау сынды маңыздырақ істер табады. Бірнеше минут жаттығу сізге күні бойына сергектік беретіні рас. Осы теорияға бір күніңізді бөліп, тәжірибе жасап көріңізші. Таңғы жаттығулар өзіңізге ұнап, артынан әдет болып кетеді деп сенеміз.

Ақуызға толы таңғы ас

Ақуыз ми жасушаларының жұмысына көмектеседі. Нәтижесіде тезірек оянып, сергектікті сезінесіз. Қуырылған жұмыртқа немесе кешке пісіріп дайындаған ет таңғы ас үшін мінсіз нұсқа.

Түнгі ас

Түнге қарай майлы тамақ жеу келесі таңыңызды қиын қылады. Шаршағандықты сезінесіз, әрі бұл артық салмаққа да әсер етеді.

Су

Түнімен су ішпей шөлдеген ағзаңызға таңмен су ішу керек-ақ. Аш қарынға ішілген бір стақан су асқорыту жұмысын іске қосып, реттей бастайды. Таңғы асқа дейін де, кейін де су ішіп жүріңіз.

Ұйқы

Әрине күндіз сергек жүру үшін түнде көбірек ұйықтау керек. Қалыпты ұйқыңызға 45 минут қосыңыз. 

Massaget.kz күндеріңізге сәттілік тілейді! 

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: centr-crm.ru

С. А