Шөлдедіңіз бе?

Шөлдедіңіз бе?

Жаз маусымының орта тұсында термометрлеріміз +30-ды немесе одан жоғары көрсеткішті қайталаумен болады. Қапырық өкпемізді қысып, күн көзінен қашып жүріп балғындықты, салқынды қажет етеміз және шөлдейміз. Сондайда сылдырлаған сұйықтың кез келгеніне жабыса салатынымыз бар. Сіз білесіз бе, сұйықтың бәрі де шөліңізді баспайды, керісінше шөлдің себепкері болып жатады. Сонымен, ыстықта не ішу керек?

Су

Қарапайым қара су – шөлді өте жақсы басады. Оның мұзды және газды болмауын қадағалаңыз. Терлеу кезінде көптеген микро, макроэлементтерді жоғалтатындығымыздан судың тұзды болғаны дұрыс. Әсерлі болу үшін суға бірнеше түйір лимонды немесе қиярдың кесіндісін, аздаған бал қосуға болады. Ең абзалы – минералды ас суы. Бұл барлық адамға жарайды және қалағаныңызша іше аласыз. Ал емдік минералды суларды ұзақ уақыт пайдалануға болмайды, оны ішпес бұрын дәрігермен ақылдасуыңыз керек. Судың тым жылы немесе қатты мұздай болмауына назар аударыңыз.

Көк шәй

Лимон немесе сүт қосылған көк шәй сізді шөлден құтқара алады. Оны ыстық күйінде де, суық күйінде де пайдалана беріңіз. Ыстықта қара шәйді ішуге де болады, алайда, ол күш беріп, сергіткенімен, көк шәй секілді шөлді баса алмайды. Шәйға мелисса немесе жалбыз сынды шөптерді қосатын болсаңыз, денсаулыққа пайдасы тиіп, сергіткіш күші арта түседі және дәмі кіреді.

Сүт қышқылды тағамдар



Сүт қышқылды тағамдар шөлді басып қана қоймай, тез сіңіп, ағзаңызды байытады, ішек микрофлораларының жақсаруына әсер етеді. Сүт қышқылды тағамдарды ұнатпайтындарға сүт ішуге кеңес береміз (сүттің дәл олардай сергітіп, шөлді баспайтындығын ескеріңіз). Сүт тағамдарын таңдауға келгенде майлылығы – 1-1,5% болуына назар аударған жөн.

Квас

Ежелден келе жатқан сусын дәмді, пайдалы әрі құнарлы. Біз айтып отырған квас нағыз, газсыз, әртүрлі консерванттарсыз, тәттілерсіз болуы керек. Міндетті түрде ешқандай бояуыштарсыз, нан квасын таңдаңыз. Ол шөлді басып, құрамындағы ферменттер арқылы тағамның қорытылуын тездетеді.

Шырын


Жаңадан дайындалған шырын – пайдалы минералдар мен микроэлементтердің қоймасы. Ағзаны пайдалы заттармен қамтамасыз ететін шырындар шөлді де, аштықты да жеңеді. Мұндайда қияр, балдыркөк, асқабақ, қызанақ шырындарымен дос болыңыз. Шөлмен күресуге қышқыл дәмді шырындар қабілетті келеді. Шырынды өзіңіз дайындайтын болсаңыз, ыстық үшін сұйық етіп жасаңыз.

Қапталған шырындар мен нектарлар құрамында қант көп болғандықтан, ыстықта ішуге жарамайды.

Салқын сусындарды дайындау жолдарын мына жерден оқып-біле аласыз.

Не ішуге болмайды?

Алкогольді сусындар

Алкогольді сусындар әсіресе ыстық ауа-райында адам ағзасына кері әсер етеді. Олар жүрекке, қан тамырларға ауырлық түсіреді, ішті құрғатып, шөлді күшейтеді. Шамадан тыс пайдаланылған алкогольді сусындар орны толмас өкінішке апарып соқтыруы мүмкін. Сапасы жақсы, құрғақ келетін ақ және қызыл шараптарға рұқсат беріледі. Оны да көп ішудің қажеті жоқ.

Газдалған сусындар

 


Әртүрлі типтегі газдалған сусындарды шөлдеген ішіп жүрсеңіз, қатты қателестіңіз. Оларды ішкен сайын шөліңіз күшейе түседі. Олардың құрамындағы газ бен қант шөлді шақырады. Сонымен қатар, газдалған сусын денсаулыққа зиян, қант диабетін тудыру қаупі жоғары, ал, әртүрлі бояғыштар мен консерванттар асқазан-ішек ауруларына апарып соқтырады.

Кофе

Кофе ағзадан сұйықтық шығарады, және жүрек пен қан тамырларға ауырлық түсіреді. Ол қысымды күшейтіп, әлсіздік шақырады. Ыстық ауа-райында таңғы астағы бір шыны кофемен шектелгеніңіз, өзіңіз үшін пайдалы болмақшы.

Энергетикалық сусындар

Бұл сусындар да газдалған сусындар секілді шөлді күшейтеді. Әсіресе, құрамындағы кофеиннің зияны өте көп. "Артық қыламын деп тыртық қылмай тұрғанда" ыстық күндері энергетикалық сусындардан бас тартыңыз.

Ыстықта мұзды сусындарға әуес болмаңыз, олар ангинаға апарып соқтырады және мұздай сусындар тез сіңбейтіндіктен, шөлді баса алмайды. Бірден көп мөлшерде су ішуге болмайды, бөліп ішуге тырысып бағыңыз. 

 

 Суреттер:liveinternet.ru,armedia.am,hlebopechka.net.ua,sportgid.net,

Дайындаған:Айгерім Сматуллаева