Silk Way Star байқауының жеңімпазы анықталды

Астанада Silk Way Star алғашқы азиялық ән жобасының ақтық сайысы аяқталды. Моңғолиядан келген Мишель Джозеф байқаудың жеңімпазы атанды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жеңімпаздың есімін Димаш Құдайберген жариялады.

Мишель Джозеф – Моңғолияның танымал әншісі және ән авторы. Ол өз шығармашылығында дәстүрлі уртын ду (созылмалы әндер) жанрын поп, R&B және фанк элементтерімен ұштастырады. Әртіс моңғол және ағылшын тілдерінде ән салады.

Silk Way Star финалы Jibek Joly телеарнасында тікелей эфирде көрсетілді. Сондай-ақ, шоу Әзербайжандағы Space TV, Тәжікстандағы "Сафина", Қырғызстандағы "Музыка" және "Маданият", Моңғолиядағы UBS және "АИСТ Глобал", Өзбекстандағы Zor TV, Грузиядағы Georgian Times телеарналарында да көрсетілді.

Финалда жеті әртіс өнер көрсетті. Олар: Язмин Азиз (Малайзия), Мадинабону Адылова (Өзбекстан), Мишель Джозеф (Моңғолия), Автандил Абесламидзе (Грузия), ALEM (Қазақстан), Саро Геворгян (Армения) және Чжан Хэ Сюань (Қытай).

Алғашқы маусымның жеңімпазы аралас жүйе бойынша анықталды: 50 пайызы – қазылар алқасының шешімі, 50 пайызы – онлайн-дауыс беру нәтижесі.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!