Instagram желісінде бұдан былай қазақстандық әртістердің әндерін Stories пен Reels-ке жүктеп, пайдалану мүмкін емес. Қазақ әндері платформаның іздеу жүйесінен жоғалып кетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Bahh Tee лақап атымен танымал, продюсер және музыкант Бақтияр Әлиев Telegram-арнасында әндердің жоғалу себебі туралы айтты. Ол бұл мәселе KazAK Қазақстан авторлар қоғамына қатысты екенін алға тартты. Оның айтуынша, Instagram барлық музыкалық каталогты уақытша жойды, ал оның құқығы KazAK-қа тиесілі еді. Бұған компанияның платформамен серіктестік келісімін ұзарта алмағаны әсер етті.
"Сұранысымызға мазмұнды жауап алдық. Бәрін тізіп отырмай-ақ қояйын, қысқаша келтірейін: өкінішке қарай, біз KazAK-пен серіктестік келісімімізді ұзарта алмадық. KazAK құқығы бар кез келген каталогты уақытша жоямыз. Facebook пен Instagram-да Reels және Stories-те KazAK ұсынған кез келген ән қолжетімді емес, ал KazAK ұсынған әндерді қамтитын пайдаланушы контентін KazAK өшіруі/бұғаттауы мүмкін.
Трек қолжетімді болмаса, Reels ішіндегі музыканы жаңартуды жеңілдететін мүмкіндігін іске қостық. Видео авторы қаралым мен статистиканы сақтай отырып, Reels-тегі дыбысты ауыстыра алатыны туралы ескертіледі", - делінген продюсердің жазбасында.
õzen лейблінің негізін қалаушы Айзатулла Хусейн бұл жағдайға алаңдайтынын айтты. Ол лейбл болған жағдайдың мән-жайын түсініп, халықаралық компаниялармен белсенді әрекеттесіп жатқанын алға тартты. Айзатулла Қазақстандағы авторлық қауымдастықпен мәселесі бұрыннан барын айтты.
"Біздің әртістер үшін ақша алып, бірақ оны төлемейтін авторлық қоғамдарға қатысты проблемалар бар. Бұл жылдар бойы жалғасып келеді. KazAK халықаралық деңгейде біздің музыкамызды ұсынады, бірақ әртістерге көмектесудің орнына қиындық туғызады. Әртістер мен музыкалық құқық иелерінің өмірін жеңілдетпейді, керісінше, аяғынан шалып, ақша алып отырса да төлемейді. Яғни мұнда проблема көп", - деп түсіндірді ол.
Instagram-нан қазақстандық музыканың жоғалып кетуіне Shiza, Sary, Qiyal Darian, Vegas және басқа да әртістердің тректерін тарататын allying game Worldwide компаниясының label manager-і Ырысдәулет Сламбек пікір білдірді. Оның айтуынша, музыканың жоғалуы тосын жағдай болды.
"Біз мұны жұма күні түстен кейін байқадық. Әртістер тректерінің Instagram-нан жоғалып кеткенін айтып, шағымдана бастады. Серіктестерге және платформаны қолдауымен айналысатын бөлімге жүгіндік, бірақ әзірге нақты жауап алған жоқпыз", - деп бөлісті ол.
"Абырой авторлық қоғамы республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы композитор Марс Сүленов платформа авторлық құқықтың сақталуын бақылауды күшейткенін айтты.
"Цифрлық платформалар контентке қойылатын талаптарды күшейтті. Енді музыканы пайдалану үшін лицензия беру немесе авторлығын дәлелдеу қажет (YouTube). Қуанышты жағдай, өйткені цифрлық салада тәртіп орнатылып жатыр", - деп атап өтті басшы.
Алайда Суленов барлық қазақстандық музыка жоғалып кетті деген пікірмен келіспейді және бұл ішінара бұғаттауға қатысты мәселе деп санайды. Біз KazAK Қазақстан авторлар қоғамының өкілдерінен пікір алуға тырыстық, бірақ оңай болған жоқ. Бірнеше сағат ішінде сайтта көрсетілген контактілерге қоңырау шалдық, бірақ ешқайсысы жауап бермеді. Кейін сұранысты мессенджер арқылы жібердік, бірақ стандартталған автомат жауап алдық.
"Хабарламаңыз үшін рақмет! Қазір жауап бере алмаймыз. Сізге жұмыс уақытында дүйсенбіден жұмаға дейін таңғы 9:00-ден кешкі 18:00-ге дейін (мереке күндерінен басқа) хабарласамыз", - делінген хабарламада.
Кейін KazAK өкілдерінің бірі жауап берді. Ол сауалды электрон поштаға жіберуін сұрады.
Әділет министрлігінің баспасөз қызметі өкілдеріне де пікір білдіруін сұрадық.
"Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы Қазақстан Республикасы Заңының 16, 37, 38-баптарына сәйкес авторлар, орындаушылар, фонограмма жасаушылар өздері жасаған объектілерін пайдалануға ерекше мүліктік құқықтарына ие. Шығармаларды, орындауларды, фонограммаларды заңды түрде пайдалану үшін пайдаланушылар авторлардың, орындаушылардың, фонограмма жасаушылардың немесе мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдардың рұқсатын алуы қажет. Авторлар мен құқық иеленушілер өз объектілерін, оның ішінде интернет желісі мен әлеуметтік желілерде пайдалануға тыйым салуы мүмкін.
Толығырақ ақпарат алу үшін әлеуметтік желілердің әкімшілігіне хабарласуды ұсынамыз", - деп жауап берді біздің сұрауымызға.
Біз қазақстандық әртістердің өкілдерімен сөйлестік, олар әндерді платформаға қайтару үшін жұмыс істеп жатқанын айтты. Әңгіме барысында менеджерлердің бірі музыканы Instagram-нан алып тастау туралы ешқандай ескерту алмағанын атап өтті.
Ырысдәулет Сламбек Allying Game Worldwide басқа авторлық ұйыммен жұмыс істейтініне қарамастан, олардың музыкасы да Instagram-нан жоғалып кеткенін атап өтті.
"Біз meta-ға да, серіктестерге де сұраныстар жібердік, бірақ тректердің неге жоғалып кеткені әлі белгісіз. Кейбіреулер бұл мәселе KazAK-пен байланысты дейді, бірақ бұл бізге тікелей қатысты емес. Дистрибьюторға қарамастан, барлық қазақстандық трекке әсер етуі мүмкін", - деді ол.
Сламбек бұл ауқымды мәселе екенін баса айтты.
"Бұл тек жергілікті мәселе емес, ол бүкіл қазақстандық индустрияға қатысты. Біз тректерді платформаға қайтару үшін мәселені шешіп жатырмыз", - деп түйіндеді ол.
Allying Game Worldwide, басқалар сияқты, мәселені шешу үшін белсенді жұмыс істеп, халықаралық серіктестермен және дистрибьюторлармен келіссөздер жүргізіп жатыр. Алайда Ырысдәулет музыканың Instagram-ға қайта оралып-оралмауы белгісіз дейді.
Ырысдәулет Сламбек музыканы платформаларға орналастыру процесі қалай жүретінін айтып берді.
"Трек дайын болған кезде автормен келісімге отырамыз, онда музыканы пайдалану және насихаттау шарттары қарастырылған. Кейін біз тректі таратушыларға береміз, сондықтан барлық платформаны қамтитын тікелей дистрибьюторлар жоқ. Біз еуропалық компаниямен жұмыс істейміз, ол - Instagram, Facebook, TikTok және басқаларды қоса алғанда, барлық цифрлық платформаға тректерді жүктеуге, сондай-ақ авторлық төлемдерді есепке алуға жауапты", - деп түсіндірді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!