Instagram-да қазақстандық тректер қайта пайда бола бастады

Instagram-да қазақстандық тректер қайта пайда бола бастады
Фото: depositphotos.com

Instagram қолданушылары музыкалық каталогтан бұрын қолжетімсіз болған тректердің қайта шыққанын байқады. Қазір тізімде қазақстандық және шетелдік те орындаушылар бар, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Stories пен жазбаларда қазақстандықтар: "барлық орындаушылар дерлік қайтып келді", "stories-те қолданған әндерім қайта істеп тұр", "өте көп әндер оралды" деп қуанып жатыр. 

Қандай тректер қайта қолжетімді?

Медиатекада қайтадан Dequine, "Дос-Мұқасан", Қазыбек Құрайыш, Ернар Амандық, De Lacure, Ayau және басқа да қазақстандық орындаушылардың әндері пайда болды. Кейбір қолданушылар кей әндер әлі жоқ екенін, бірақ каталогтар біртіндеп толығып жатқанын алға тартып отыр.  Сонымен қатар, халықаралық хиттер де қайта оралған. Мысалы, бір оқырманымыз BTS, The Neighbourhood, Jennie және басқа да әлемдік жұлдыздардың әндері қолжетімді болғанын айтты.

Сарапшылар не дейді?
Біз 2024 жылдың қарашасы мен биылғы сәуірде жасалған скриншоттарды салыстырдық. Күзде Dequine орындауындағы небәрі бірнеше ән ғана қолжетімді болса, қазір олардың саны едәуір артқан. Біз әртістің менеджментімен байланысып, әндерді қайта жүктеді ме, әлде олар өздігінен қайта шықты ма деген сұрақ қойдық. Dequine өкілдері кейбір тректердің расымен қайта қолжетімді болғанын растады.

"Біртіндеп барлық тректер қайта ашыла бастады. Себебін анықтап жатырмыз", – деді әншінің менеджері.
Сондай-ақ біз õzen лейблының негізін қалаушы Айзатулла Хусейн де тректердің Instagram-ға орала бастағанын растады.

"Иә, расымен де, біртіндеп кейбір каталогтар Instagram-ға қайтып келуде! Нақты себебін білмеймін, бірақ қоғамдық резонанстан кейін "Қазақ авторлық қоғамы" Meta-мен қарым-қатынасты қалпына келтіруге тырысқан болуы мүмкін. Нәтиже болған сияқты. Барлық өшірілген каталог толық қайтып келер деп үміттенемін. Бірақ бұл авторлық қоғамдар құрылымындағы түйткілді шешпейді. Тректер қайтқаны қуантады, бірақ мәселенің өзі ұмытылмаса екен", – деді ол.


Еске салсақ, 2024 жылдың қарашасының соңында қазақстандық әлеуметтік желі қолданушылары мен әртістер күтпеген жағдайға тап болды: енді Instagram-да қазақстандық орындаушылардың әндерін Stories пен Reels-ке қосу мүмкін болмай қалды.

Мәселеге не түрткі болды?
 
Bahh Tee лақап атымен танымал, продюсер және музыкант Бақтияр Әлиев Telegram-арнасында әндердің жоғалу себебін жазған болатын. Ол бұл мәселе KazAK Қазақстан авторлар қоғамына қатысты екенін алға тартты. Айтуынша, Instagram барлық музыкалық каталогты уақытша жойды, ал оның құқығы KazAK-қа тиесілі еді. Бұған компанияның платформамен серіктестік келісімін ұзарта алмағаны әсер етті. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

А. Бақдаулет
Logotype Massaget