Brain drain немесе білімді қазақ жастарының шетелге имиграциялануының сыры неде?

Brain drain немесе білімді қазақ жастарының шетелге имиграциялануының сыры неде?

"Brain drain" термині алғаш рет 1962 жылы британдық корольдік қоғамның Ұлыбританиядан АҚШ-қа ғалымдардың, инженерлердің және техниктердің эмиграциясына қатысты жасаған есебінде қолданылды. Бұл ұғым дамушы елдерден дамыған елдерге жоғары білікті мамандардың жаппай қоныс аударуын сипаттау үшін қолданылады. Қазақстандық жастар арасында шетелдік университеттерде білім алуға, сол жақта жұмыста қалуға деген қызығушылық жыл санап өсіп жатыр. ЮНЕСКО статистикалық институтының жаңартылған деректеріне сәйкес, Қазақстан шетелде оқитындар саны 91,2 мың студент көрсеткішімен әлемде тоғызыншы орынға ие болды. Massaget.kz тілшісі қазақстандық білікті мамандар мен білімді жастардың жаппай шетелге кету себебін сұрап көрді. 

АҚШ-тағы жұмыс

Алматылық Алуа Дәулетқызы әл-Фараби атындағы "журналистика" факультетін аяқтаған соң, мамандығы бойынша біраз уақыт жұмыс іздеген. Айлықтың аздығы, жұмыс берушілердің жас маманнан қайда барса тәжірибе талап етуі - оның АҚШ-қа кетуіне себепші болған. Екі жылдан бері ол Ныю-Йоркте оқып жатыр.

"Америкада өзің қалағандай бола аласың, киім таңдауда да шектеу жоқ - бұл қалыпты нәрсе. "Бәрі секілді" болуға қысым жоқ, керісінше, даралығыңды көрсету - үлкен артықшылық. АҚШ тәжірибесі аз, жетістік хикаясы жоқ адамдарды жақсы көреді. Мүмкіндіктер өте көп, әсіресе, жас стартаперлерге. Қосымша табыс көзі керек пе? Мұнда қызмет көрсету саласында жұмыс істеу, фриланс немесе стартап бастау оңай. Үлкен қалаларда толық емес жұмыс күнін де тез табуға болады. Мен биыл үшінші жыл осында тұрып жатырмын. Табысым тамағым, киімім мен саяхатыма жетеді. Ең бастысы, таңдау еркіндігі бар. Тіл үйренуден еш қиындық жоқ. Әрине, табысыңа сай пәтерақы, коммуналдық қызмет, медицина қымбат. Бәрібір бұл жақтың азаматы емес, мигрантсың. Бірақ АҚШ-та сан түрлі ұлттар болған соң, шетелдік екенің еш сезілмейді. Мұнда ТМД-дан келіп жұмыс істеп жүрген жастар өте көп. Бірі - даяшы, екіншісі - фотограф, енді бірі - жүк көлігін айдаса, тағы бірі курьер. Отбасың мен достарыңды сағынбасаң, жалпы ешкімнің елге қайтатын жоспары жоқ", - деді Алуа. 

Еуропада студенттер үшін жағдай жасалған

Италияның Мессина университетінде магистратурада оқып жатқан Алмагүл Қали оқуын аяқтаған соң елге қайту жоспары жоқ екенін айтты. Екі жыл Астанада квазисекторда жұмыс істеген кейіпкеріміз Қазақстандағы жүйе жастар үшін ыңғайлы емес дейді. 

"Италияда тұрып жатқаныма 3 айдан асты. Қазақстанда оқу бітірген соң екі жыл Астанада жұмыс істеп, магистратураға түстім. Үш айда еуропалықтардың арасында жүріп, өмір сүру салттарының мүлдем басқа екенін түсіндім. Жалпы болашақта осында қалсам немесе АҚШ-қа барып жұмыс істесем деген жоспарым бар. Себебі елде квазимемлекеттік секторда жұмыс істеп көрдім, жүйе, аға буынның жастарға деген көзқарасы менікімен сәйкес келмей қалып жататын сәттер жиі орын алды. Тіпті киген киімімнің өзіне сын айтушы "апайлар" болды. Қызметтегі буллинг, эйджизм (жасқа байланысты кемсіту) біздің елде қалыпты жағдай", - деді ол. 

Әр елдің салты басқа...

Сондай-ақ ол еуропалықтардың өмір сүру стилі ТМД-мен салыстыруға келмейді дейді. 

"Маған ең қатты ұнайтыны - еуропалықтардың менталитеті мен халқының өмір сүру салты. Бұл жақта стресс аз, адамдар позитивті, көшеде асығып, ұрсысып жүрген адам көрмейсің. Байқағаным, "work-life balance” бар, яғни жергілікті тұрғындар жұмыс пен демалыс арасындағы тепе-теңдікті бағалайды, барлық өмірлерін жұмысқа арнамайды, бірінші орында отбасы және өз уақыттары. Демалыс күндері барлық жерлер жабылады немесе тек түске дейін ғана жұмыс істейді, Қазақстандағы сияқты таңнан кешке дейін немесе тәулік бойы жұмыс істетпейді. Сол себепті де адамдарда стресс аз шығар деп ойлаймын. Егер саған жұмыста бастығың артық тапсырма беріп, жұмыс істетсе, сен оның үстінен шағымдана аласың және мемлекет тарапынан жедел шара қолданылады. Тағы бір ұнайтыны - бұл жақта климат жылы. Қазақстанда теңізді тек ақшаға сатып алсаң, Италияда күн мен теңіз тегін. Шаршағанда табиғаттың сұлулығы жақсы көмектеседі", - деді ол. 

Қолжетімді саяхат

Айтуынша, қазақстандық студенттердің Еуропаны таңдауларына ең бірінші себеп - қолжетімді саяхат және грантқа түсу жеңілдігі дейді. 

"Мен осы елдің грантын жеңіп алдым, қаласам оқуды аяқтаған соң осында қала аламын. Көп жағдайда қазақстандық студенттер Еуропаны - грантқа түсу мүмкіндігі жеңіл және қолжетімді саяхат үшін таңдайды. Одан бөлек, Қазақстанда ЖОО бағалары өте қымбат. Саяхаттау жағынан да мүмкіндік аз. Бүгін Италияда болсаң, екі сағаттан соң Испанияда, Лондонда, одан қалса Парижде бола аласың. Миланда болсаң бір сағатта пойызбен Альпі тауларын тамашалап, Швейцарияға бара аласың. Италия өмірге деген философиялық көзқарасымен танымал "dolce far niente" ештеңе істемеу өнері. Италияндықтар бір шыны эспрессо болсын, отбасылық түскі ас немесе достарымен кешкі серуендеу болсын - осы сәттен ләззат алуды бағалайды. Бұл - демалуға және қарапайым дүниеге сүйсіну. Тағы бір айта кететін нәрсе, еуропалық қоғамда табысқа жету үшін бәсекелестік жоқ. Басқалар сені бағалауы үшін жоғары оқу орнын бітіріп, көп ақша тауып, ипотекаға үй алып, қымбат көлік мініп, бәрінен артық болуың қажет емес және ондай сезім жоқ. Қоғам сенің жасыңа қарамайды және ешқандай шектеу қоймайды. Сен 50-ге келсең де, 70-ке келсең де жассың, қыдыра аласың, саяхаттайсың, өмірді барынша сүресің. Әрине, бұл жердің де өзіндік минустары бар. Бірақ құндылықтары, өз тарихтары мен мәдениеттеріне деген құрметтері таңғалдырмай қоймайды", - дейді ол. 

Қазақстанның артықшылықтары

Баймахан Жазираның Римде тұрып жатқанына биыл үшінші жыл. Интерьер дизайнері мамандығы бойынша бакалаврда оқып жатқан бойжеткен шетелде өмір сүрудің де өз қиыншылықтары бар екенін жасырмады. 

"Бірінші кезекте әлемді көріп, жаңа мәдениетпен танысып, жарқын естеліктер жинау үшін шет елге оқуға келген жайым бар. Қазіргі таңда Қазақстаннан Италияның жоғары оқу орнынан білім аламын деген азаматтардың саны жылдан жылға артып жатыр. Бұған себеп - Италияның білім алуға құштар, бірақ отбасы табысы төмен жандарға тегін оқуға мүмкіндік беруі шығар. Әлемге архитектураның мың сан қырын алып келген, сән мен шиктің отаны - Италия. Менің таңдауым түскен жекеменшік университетте білім сапасы, бағдарлама релеванттығы, профессорлардың саладағы эксперттік деңгейі көңілімнен шығып жатыр. Бірақ студент ретінде өзге елде өмір сүрудің, әсіресе бюрократия мәселелері көп елде - Италияда тұрудың қиыншылдықтары біршама көп. Елгезек, пысық және стреске төзімділік қажет. Қазақстанның цифрлану деңгейі - маңызды құжаттарды алу, баланс салу, интернетті лезде қосу деген базалық дүниелерге келгенде уақыт үнемдеуге өте ыңғайлы. Еуропаның көптеген елдері бұл жағынан артта қалып қалған. Ең ұнайтыны - халықтың жоғары мәдениеті, тарихи жәдігерлеріне, әдебиет пен өнерге деген құрметтері. Талғамдары жоғары, отбасылық құндылықтар біздің елдегідей жақсы сақталған. Жастар отбасын құрмастан бұрын, әлемді танып, саяхаттайды, тұлға ретінде дамиды", - деп пікір білдірді ол.  

Сарапшы пікірі

Әлеуметтанушы, ҚР ҒЖБМ Ғылым комитеті экономика институты зертханасының меңгерушісі, PhD Айсұлу Тұрсынбайқызы Молдабекова айтуынша, жастардың шетелге кетуі тек білім ғана емес, жұмыс және шетелдегі өмір сапасы, сонымен қатар жалақы деңгейі. Сондықтан елге қайтып келу қарқыны аз дейді.

"Қазір халықаралық еңбек нарығы ашық болған соң, жастарға шетелге кетуге ешқандай шектеу жоқ. Тіпті тіл білмесе де шетелге кететіндер көп. Өз мамандығы бойынша кей адамдар шетелдегі  жалақы мен Қазақстанда қанша алатынын салыстыра келе, шешім қабылдайды. Оған қоса, қалалық жастар шетелге оқуға түсуге бейіл. Мықты мектепті бітіргенде шетелден шақырту алады", - дейді әлеуметтанушы.

Айсұлу Тұрсынбайқызының айтуынша, шетелде қалып қою себептерінің бірі Қазақстанда кейбір мамандыққа сұраныс жоқ. Одан бөлек, бакалавриатты сол жақта өткендер, адаптация, социализация, яғни сол жаққа бейімделіп, қоршаған ортаға сіңісіп кетеді. Қаншалықты ерте кетсе, соншалықты қалып қою тәуекелділігі жоғары.

"Назарбаев секілді мықты универлерде оқитын оқушыларымызды шетелге жібереміз. Біз оларды қайтара алмаймыз, ол үшін бізге өз идеологиямызды күшейту керекпіз. Басқа шет жаққа кеткенімен, қайта оралатындай әлеуметтік экономикалық тетіктерді қарастыру керек. Мысалы, Германияда шеттен келген азаматтарды қолдайды, тіл үйретеді. Бізде сондай әрекеттер жасап, карьералық өсуіне жағдай жасау қажетпіз деп санаймын", - дейді ол.

Статистика деректері

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстаннан 2023 жылы 12 732 адам шетелге кеткен. Оның ішінде ТМД елдеріне - 9 948, қалған 2 784-і басқа елдерге. 2022 жылмен салыстырғанда Қазақстанға келушілер саны 37,4 пайызға өсті. Елден кеткен мамандардың негізгі бөлігін техникалық мамандық иелері (2 809 адам), экономикалық сала қызметкерлері (1 456 адам), заңгерлер (421 адам) және педагогикалық бағыттағы мамандар (75 адам) құрайды. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

А. Бақдаулет