Сіз де байқап көріңіз: табысты адамдар күн сайын өздеріне қандай сөздер айтады?

Сіз де байқап көріңіз: табысты адамдар күн сайын өздеріне қандай сөздер айтады?
Фото: ru.freepik.com

Жетістікке жетуге қандай қасиеттер көмектеседі? Сенімді, батыл, қайсар, еңбекқор болу және т.б қасиеттерді тізіп, жалғастыра беруге болады. Бірақ алдымен сіз үшін жетістік не екенін және оны қандай критерий бойынша бағалайтыныңызды анықтап алуыңыз керек. Сондай-ақ нақты жетістіктерге жеткен адамдардан үлгі алуға болады. Олар өздерінің ойлауын өзгерте алды және өз-өздеріне қолдау білдіруді үйренді. Өмірде үлкен жетістікке жеткен адамдар өздеріне мынадай сөздерді жиі айтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Psychologies порталына сілтеме жасап.

"Менің қолымнан келеді"

Бұл сөз өзіңіздің ішкі сенімділігіңізді арттыруға көмектеседі. Ол кез келген тапсырманы орындар алдында дұрыс бағыт береді. Адам бұл кезде қиындықтарды елемей, бейқам жүреді деген сөз емес. Бұл өзінің қиындықтарды жеңе алатын қабілетіне сенуге көмектеседі.

"Әр кішкентай қадам маңызды"

Кейде жетістікке апарар жол өте ұзын болуы, ал мақсатқа жету оңай болмауы мүмкін. Бірақ табысты адам күн сайын кішкентай қадамның өзін бағалау керегін және оны ары қарай қажет бағытта жалғастыра беру керегін есіне салады. Бұл ұзын жолда прогресті байқай білу маңызды.

"Менің қателіктерім – маған сабақ"

Табысты адамдар қателіктерді сәтсіздіктер ретінде емес, сабақ деп қабылдайды. Оның маңызы зор және ол адамды орнықты етеді. Ол қателіктерді қалай тәжірибеге айналдыру керегін үйренеді.

"Рақмет"

Ризашылық білдірудің, алғыс айтудың күші жайлы ұмытпаңыз. Табысты адамдар күнде өздеріне және басқаларға қандай да бір нәрсе үшін ризашылығын білдіреді. Бұл адамды бақытты етеді және қиындықтармен күресуге көмектеседі.

"Мен мейірімділікті таңдаймын"

Табысты адамдар ақша, жайлылық және материалдық игіліктің адамгершілік қасиеттерінің қасында еш маңызы жоқ екенін біледі. Айналаңыздағыларға жанаршылық білдіру маңызды.

"Мен өткен шақпен өмір сүрмеймін"

Табысты адамдар бұрынғы қателіктерін, сәтсіздіктерін немесе кінә сезімін өзімен бірге тасып жүрмейді. Олар болашақтан үміт үзбейді және кез келген өзгерістерге бейімделе алады. Олар қиындықтар – жаңа деңгейге шығуға арналған бір баспалдақ қана екенін түсінеді.

"Мен бар жақсыға лайықпын"

Бұл сөзді барлық адам өзіне жиі айту керек. Сіз біреудің махаббатына, құрметіне немесе қандай да бір жетістікке лайық болу үшін көбірек бірдеңе істеуіңіз керек емес. Сіздің құндылығыңызды жетістіктер немесе басқалардың ойлары анықтамайды. Ол сіздің қандай адам екеніңізбен байланысты.

"Мен жағдайды өзгертемін"

Табысты адамдар әлемді жақсы жағына өзгерткісі келеді. Олар өздерінің өзгерте алатын қабілетіне сенеді. Олар тек өзінің жеке жетістігіне ғана мән беріп қоймай, басқаларға және әлемге пайдасын тигізгісі келеді.

"Мен өзіме күтім жасаймын"

Табысты адамдар өзінің денесі мен жан-дүниесіне қамқор болады: денсаулығын күтеді, пайдалы өнімдерді таңдайды, физикалық белсенділікпен айналысады және жеткілікті түрде ұйықтауға тырысады. Сондай-ақ өзінің менталды саулығына мән береді: демалуға, босаңсуға уақыт табады. Мұның барлығы адамды тиімді, өнімді және шығармашыл етеді.

"Мен өзімді қабылдаймын"

Кемелдікті талап ететін бұл әлемде өз кемшіліктеріңізді де қабылдай білу маңызды. Адамдар жиі өздеріне қатал келеді, өзін жиі сынайды және қателіктерін кешірмейді. Алайда кемелдік – ол иллюзия. Барлық адамның күшті және әлсіз жақтары, жетістіктері мен сәтсіздіктері бар.

Оқи отырыңыз: Өзіне сенімсіз әйелдің 5 белгісі

А. Жапатова