Неліктен қыста тері құрғап кетеді? Тері күтіміндегі 5 қателік

Неліктен қыста тері құрғап кетеді? Тері күтіміндегі 5 қателік
Фото: pixabay.com

Қыста көпшіліктің терісі құрғап кетеді. Оған әдетте суық ауа райы мен жылыту құрылғыларының іске қосылғанын кінәлаймыз. Бірақ оған тері күтіміндегі қателіктер де әсер береді.

Ыстық ваннаға түсесіз

Аязды күні тоңып қалғандықтан, үйге келіп ыстық ваннада ұзақ жатуыңыз мүмкін. Содан соң теріңіз қабыршақтанып қана қоймай, тітіркенеді және қызарады. Оның себебі ыстық суда тері бірден ылғалды беріп, оның қорғаныш қабатын бұзады. Тері сау болуы үшін ваннадағы су ыстық болмауы керек және оның ішінде 15 минуттан артық жатпаған жөн. Далада тоңып қалсаңыз, үйге кірген кезде киімдеріңізді түгел ауыстырыңыз: жылы киім киіп, ыстық шай ішіңіз. Жылынып болған соң ғана ваннаға жатуға болады.

Пилингтен бас тарттыңыз

Қыста да теріге пилинг жасау керек. Аптасына бір рет пилинг жасаңыз және оның түйіршіктері бар түрін емес, қышқылдары бар түрін пайдаланыңыз.

Күтім құралдарын дұрыс қолданбайсыз

Қыста көпшілік қоректік кремдерге көшеді де, ылғалдандырушы құралдар жайлы ұмытады. Қыста қоректік те, ылғалдандырушы да кремдерді пайдалануға болады. Оларды үйден шығуға 30 минут қалғанда жағып алған жөн. Сондай-ақ қыста қоректік кремдерді күндіз, ал ылғалдандырушы құралдарды кешке жаққан дұрыс.

Қолға күтімді жеткілікті түрде жасамайсыз

Қолыңызға кремді күніне бір-ақ рет жағатын болсаңыз немесе мүлдем жақпасаңыз, қол терісінің жарылып кеткеніне таңғалмаңыз. Қол терісіне су, суық ауа райы және жылытқыш құралдар әсер етеді. Сондықтан кремді әр қол жуған сайын жағу керек және аптасына екі рет ұйықтар кезде оған қоректік маска жасаңыз.

Дұрыс емес ерін далабын қолданасыз

Қыста күңгірт ерін далабынан бас тартыңыз. Себебі ол ерінді құрғатады. Оның орнына пантенолы мен Е дәрумені бар бальзамдар және құрамында майлар, гиалурон қышқылы, коллагені бар ерін далабын қолданыңыз.

SPF-крем жақпайсыз

Қыста көпшілік SPF – құралдар қолданудың қажеті жоқ деп ойлайды. Алайда мұндай құралдарды жыл бойы қолдану керек. Әйтпесе, тері ерте қартаяды және оған дақтар шығып кетуі мүмкін.

Оқи отырыңыз: SPF-құралдар жайлы 5 жалған дерек

А. Жапатова