"Зарыға күткен жағымды жаңалық". Тоқаев Нұрқаділовке ескерткіш орнатуға ұсыныс білдірді

"Зарыға күткен жағымды жаңалық". Тоқаев Нұрқаділовке ескерткіш орнатуға ұсыныс білдірді
Фото: Видео кадры

Алматы облысы Кеген ауданында Заманбек Нұрқаділовтің ескерткіші орнатылмақ, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы продюсер, NAR Media Group өкілі Нартай Өтеген Facebook-парақшасында бөлісті. 

"Бүгінде заман өзгерді, өзгергенді көз көрді... Бүгін Алматыда мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовтың 80 жылдығына орай ас берілді. Асқа кімдер келмеген дерсіз?.. Бәрі жүр. (Оңшылы да, солшылы да). Бұл дегеніңіз, саясаткер, ұлт жанашыры Заманбек Қалабайұлының заманында шынымен де кім болғанын тағы бір дәлелдегендей болды. Ең бастысы, аста ешкім күтпеген, бірақ, бүкіл халық болып зарыға күткен жағымды жаңалықтың жаршысындай жағдай болды. Асқа бата беріліп, Заманбек ағамыздың рухына құран оқылған соң, ортаға ҚР Президентінің кеңесшісі - Баспасөз хатшысы Берік Уәли мырза шақырылды. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы хатын оқи бастады. Жұрт сілтідей тынған...
ҚР Президентінің хатынан үзінді:

"... Тәуелсіз Қазақстан тарихында ел мүддесі үшін аянбай еңбек еткен азаматтар аз емес. Заманбек Қалабайұлы - осындай тұғырлы тұлғалардың бірі. Ол егемендіктің алғашқы кезеңінде көптеген жауапты қызметті абыроймен атқарды. Мемлекетімізді нығайтуға айрықша атсалысып, өңірлерді өркендетуге зор үлес қосқаны даусыз. Ұлт перзенттерінің есімін ел жадында жаңғыртып, еңбегіне лайықты баға беру - ұрпақ парызы. Осы орайда, Зәкеңнің туған жері - Алматы облысының Кеген ауданында оған ескерткіш орнату және Алматыдағы тұрған үйінде ескерткіш-тақта ашу қажет деп санаймын. " Тарих - таразы" деп бекер айтылмаған. Халқымыздың кесек тұлғалы азаматының елге сіңірген еңбегі ешқашан ұмытылмайды..." -
дегенде, осындай сөзді 19 жыл күткен жұрт қуанғаннан қол соғып жіберді. Бірін-бірі құшақтай құттықтап, кейбірі көздеріне жас алып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылықтарын жеткізіп жатты. Тіпті, билікке оппозиция боп жүретін "Ұлыс медиялық" Гүлжан Ерғалиева сөйлеген сөзінде: "Мен енді шыныменде Жаңа Қазақстанды сезіндім" - деді. Одан кейін сөз алған зиялы қауым, оппозиция өкілдерінің әңгіме ауаны Заманбек Нұрқаділовтың еліне еткен елеулі еңбектері жайына ауыса берді. Міне, осылайша жыл басы ел күтпеген, бірақ, есіл ері ақталған айрықша жаңалығымен басталды..." - деп жазған ол.  

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек