Микротолқынды пешке қыздыруға болмайтын 5 өнім

Микротолқынды пешке қыздыруға болмайтын 5 өнім
Фото: ru.freepik.com

Қазір микротолқынды пеш әр үйде бар. Ол тамақты жылдам қыздыруға және қатып жатқан өнімдерді жылдам жібітуге көмектеседі. Алайда микротолқынды пешке салуға болмайтын өнімдер бар, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Доктор Питер" порталына сілтеме жасап.

Микротолқынды пешке барлық ыдыс түрін салуға болмайды. Мысалы, металл ыдысты және бір рет пайдалануға арналған стақандарды микротолқынды пешке мүлдем салуға болмайды: олар балқып кетуі мүмкін. Сондай-ақ жұқалтырды қолдануға болмайды, ол жанып кетуі мүмкін. Ал тағамдарға келетін болсақ, микротолқынды пешке қандай өнімдерді салмаған жөн? Олар жайлы патофизиолог Елена Парецкая айтып берді.

Жұмыртқа

Микротолқынды пешке жұмыртқа пісіруге болады, бірақ оның қабығы болмауы керек. Себебі бұл кезде жұмыртқаның ішінде сулы бу жиналады да, ол сыртқа шыға алмайды. Сондықтан бүтін жұмыртқа микротолқынды пештің ішінде жарылып кетеді.

Жүзім

Микротолқынды пеште жүзімді қыздыруға, жібітуге және пісіруге болмайды. Ол жылдам жанады және плазма жиынтығын түзеді. Бұл түрлі зарядталған бөлшектерден тұратын иондалған және ыстық газ. Бұл құрамның түзілуі құрылғыны бұзуы, оның жанып кетуі және адамның зақым алуына әкелуі мүмкін.

Ащы бұрыш

Микротолқынды пеште ащы бұрыштың кез келген түрін және ащы бұрыш қосылған тағамды қыздыруға және дайындауға болмайды. Бұрышта күйдіргіш зат – капсаицин бар. Қызған кезде капсаицин буға айналады, егер қатты қызып кеткен бұрышты пештен шығарсаңыз, көзіңіз ашып, теріңіз күйіп қалуы мүмкін.

Балалар тағамы

Балалар тағамын микротолқынды пешке қыздыруға болмайды. Әдетте микротолқынды пеште тамақ біркелкі жылымайды. Тамақ бір жері қатты ыстық, бір жері суық болып шығуы мүмкін. Одан байқамай баланың тілі күйіп қалуы мүмкін. Сондай-ақ пластик бөтелкелер қыздыру кезінде балалар үшін қауіпті қосылыстар түзуі мүмкін.

Қапталған өнімдер

Қапталған өнімдерді қыздырғанда абай болу керек. Мысалы, шұжықтардың және сосискалардың сыртындағы қаптаманы алып тастаңыз немесе тесіп жіберіңіз. Әйтпесе, олар жарылып кетуі мүмкін.

Оқи отырыңыз: Микротолқынды пештің сіз білмейтін 10 мүмкіндігі

А. Жапатова