Ұзақ өмір сүруге көмектесетін 5 әдет

Ұзақ өмір сүруге көмектесетін 5 әдет
Фото: ru.freepik.com

Өмір ұзақтығы шамамен 25%-ға генмен анықталады, ал қалғаны өмір шарты мен әдеттерге байланысты. Ұзақ өмір сүрудің жылдам шешімдері немесе қысқа жолдары жоқ, бірақ ғылымға негізгі принциптер мәлім. The Conversation өмірді ұзартуға және денсаулықты жақсартуға көмектесетін бес әдетті ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Біріншіден, өсімдік тағамдарын көбірек жеу керек: зерттеу мұндай диета мен ұзақ өмір сүрудің арасында байланыс бар екенін дәлелдейді. Өсімдік өнімдері антиоксиданттарға, жасұныққа және қабыну деңгейін басатын басқа да заттарға бай.

Ешбір диета бәріне бәрдей келмейді, алайда зерттелген және дұрыс диеталардың бірі – жерорта теңіздік диета. Бұл диетада көкөністер, жемістер, тұтас дәнді дақылдар, бұршақтылар, жаңғақтар және дәндер, балық пен теңіз өнімдері және зәйтүн майына аса мән береді.

Екіншіден, дұрыс салмақты сақтау маңызды: семіздік денсаулыққа қатысты көптеген проблемалардың пайда болу қаупін арттырады. Оларға жүрек және қан тамырлар аурулары, диабет және қатерлі ісіктің бірнеше түрі жатады.

Үшінші әдет – физикалық белсенділік. Ол созылмалы аурулар мен күйзелістен қорғайды және қан қысымын төмендетеді. Белсенділіктің кез келген түрі денсаулыққа пайдалы.

Төртіншіден, темекі мен вейптерден бас тартқан жөн. Темекі тарту дененің кез келген органына әсер етеді және ол өмір ұзақтығының қысқаруымен, өмір сапасының нашарлауымен байланысты. Темекінің қауіпсіз деңгейі болмайды: әр темекі бірнеше қатерлі ісік түрінің, жүрек ауруының және диабеттің даму мүмкіндігін арттырады.

Бесіншіден, әлеуметтік оқшауланудан аулақ болыңыз. Себебі ол жүрек ауруы, инсульт, деменция, мазасыздық және депрессия қаупін арттырады. Оның механизмі толықтай зерттелмеген, алайда жалғыздық физикалық денсаулыққа жағымсыз әсер етуі мүмкін.

Оқи отырыңыз: Өзіңізге мына сөздерді ешқашан айтпаңыз

А. Жапатова