Нутрициолог жаңажылдық салаттарды қанша уақыт сақтауға болатынын айтты

Нутрициолог жаңажылдық салаттарды қанша уақыт сақтауға болатынын айтты
Фото: freepik.com

Педиатр, нутрициолог және балалар эндокринологы Ирина Кирюшина мерекелік дастарханға әзірленген тағамдарды қанша уақыт сақтауға болатынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "mail.ru-ға" сілтеме жасап.

Санаулы сағаттардан кейін көптен күткен Жаңа жыл мерекесі келеді. Бұл мейрамда адамдар дастархан жайып, өзінің ұнататын тағамдарын әзірлейді. Кейбір адамдар арнайы мерекелік дастарханға дайындалған тағамдарды қоқысқа тастауға қимай, бірнеше күн бойы тоңазытқышта сақтап, тұтынуды жалғастыра береді. Алайда мұның өз ауыр салдары бар.

Жаңа жылдан кейін тағамды дұрыс сақтамай, уланып қалатын жайттар да көп тіркеліп жатады. Негізінен салатты дайындағаннан кейін оны қорықпай жей беру үшін тоңазытқышта  +2-ден +6 градусқа дейінгі температурада сақтау керек: 

  • шикі көкөніс немесе жемістерден дайындалған салаттардың жарамдылық мерзімі 18 сағатқа дейін, ал тұздықпен араласқан болса, 12 сағат;
  • сиыр не жылқы, құс, ысталған ет қосылған салаттар - 18 сағатқа дейін, тұздықпен араласқан болса, 12 сағат;
  • пісірілген көкөністен жасалған салаттар мен винегреттер - 18 сағатқа дейін, тұздықпен араласқан болса, 12 сағат;
  • консервіленген көкөніс немесе қайнатылған жұмыртқа қосылған салаттар - тек 6 сағат жарамды;
  • тұздықпен араластырылмаған, теңіз өнімдері қосылған салаттар - 12 сағатқа дейін;
  • маринадталған, тұздалған көкөністерден жасалған салаттар - 36 сағатқа дейін жарамды.

"Осылайша, желтоқсанның 31 күні дайындалған, құрамында тұздығы бар, дастархан бетінде бірнеше сағат тұрып, белгілі бір бөлігі желінген салатты келесі күні тұтынбау керек, мейлінше тауысып немесе қоқысқа тастаған жөн. Денсаулықты ешқашан ақшаға сатып ала алмайсыз, сондықтан желінбей қалған тағамды емес, өзіңіз бен жақындарыңыздың денсаулығын ойлаңыз", - деді Ирина Кирюшина.

Сонымен қатар, нутрициологтың айтуынша, сиыр\жылқы немесе құс етінен дайындалған тағамдар 3-4 күнге дейін жарамды. Ал сорпаларды қайнатылған ыдысында сақтаған дұрыс. Сорпаны, қайнатылған жарма, ет немесе балық қосылған тоқаштарды тоңазытқышта 72 сағатқа дейін сақтауға болады. 

Айта кетейік, бұған дейін гастроэнтеролог жаңа жылдық салаттарды тоңазытқыштың есігінде сақтау неліктен қауіпті екенін түсіндірген еді. 

"Сақтау үшін шыны немесе тағамдық пластиктен жасалған жабық контейнерлерді пайдаланыңыз. Ал салат салынған контейнерді есіктен алысырақ, сөреге қою керек, өйткені есік жақта әдетте температура жоғары болады", - деді ол.

Тұздық салаттың жарамдылық мерзімін айтарлықтай азайтатынын есте ұстаған жөн. Сонымен, егер салатқа майонез, қаймақ, айран, кілегей секілді кез келген сүт өнімдері қосылса, оның сақтау мерзімі 6 сағатқа, өсімдік майы қосылса, 12 сағатқа дейін қысқарады. 

Тағы да оқи отырыңыздар: Бетті күріш суымен жууға бола ма?

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Б. Жұмаділлә