"Ешкім нақты не екенін айта алмады". Көзіне Америкадан әкелінген қымбат қабық салынған жігіттің әңгімесі

"Ешкім нақты не екенін айта алмады". Көзіне Америкадан әкелінген қымбат қабық салынған жігіттің әңгімесі
Фото: жеке архив

Қаңтар оқиғасынан кейін 2022 жылы 11 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мәселелені шешу үшін "Қазақстан халқына" атты қоғамдық әлеуметтік қор құруды тапсырды. Қор денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау секілді салаларда мұқтаж жандарға көмектеседі. Соның ішінде сирек кездесетін аурулары бар ересектерге де қолдау көрсетіледі. Бүгінде қор жұмысын бастағанына 1 жылға жуықтады. 

Түркістан облысының тұрғыны Нұрмаханбет Жұмабеков 19 жасында көзіне қатысты мәселе барын байқай бастайды. Ал диагноз анықталған соң ұзақ уақыт емді күткен. Осылайша, күтпеген жерден ем алуға мүмкіндік туған. Бұл орайда оның арманының орындалуына сеп болған - "Қазақстан халқына" қоры. Massaget.kz тілшісі Нұрмаханбет Жұмабековпен сұхбаттасып, қалай, қандай көмек алғанын сұрады.

"Ешкім не екенін айта алмады"

Бүгінде Нұрмаханбеттің жасы 25-те. 2017 жылы оның көзі дұрыс көрмей бастаған. 

"2017 жылы тақтаға қарайын десем, біртүрлі көре бастадым. Шымкент қаласындагы барлық клиникаға бардым десем артық болмас. Тіпті балалар клинкасындағы офтальмолог мамандарға да бардым. Ешкім не екенін айта алмады. Кейін Таразға барайық деп 1 айдан соң Таразға бардық. Ол жердегілер "кератаконус" болуы мүмкін деген күдік барын айтты", - дейді ол.

Жеке архив

Түлкібас ауданының тумасы университетті тәмамдағанын, алайда кейін жұмыс істеуде қиындық туғанын да жасырмады.

"ХХІ ғасыр болған соң қазір жұмыстың 90 пайызы компьютерде. Менің көзім қаріптерді көруге қиналатын. Бірақ қазір бұрынғыға қарағанда жақсы. Дипломым да бар. 2019 жылы Оңтүстік Қазақстан облысындағы М.Әуезов атындағы университетті аяқтадым. Ол кезде көзілдірікпен жүру қиын болатын. Өз-өзіңнен ұялып, қысылып жүресің", - деп әңгімеледі ол сол кездер туралы.

"Кератаконус" деген диагноз қойды"

Нұрмаханбет Тараздан болжам бойынша кератаконус екенін естіген соң Алматыға келіпті.

"Анығырақ білу ушын Алматы қаласындағы көз аурулары ғылыми-зерттеу институтына бар" деді. Екі аптадан соң сол жаққа шығып кеттік. Алматы қаласындағылар "бұл кератаконус, сол көзіңіз 3, оң көзіңіз 2, емі - кросслинкинг" деді. Бірақ ол кезде оқуды бітіріп алу деген ой болды. Себебі ота жасатсам, көп уақыт сабақтан қаламын деген ой туды", - дейді ол.

Жеке архив

Алайда кейін ол емделуге бел буыпты.

"Көз инситутындағылар "тек оң көзге кросслинкинг, ал сол көзге қасаң қабақты ауыстыру керек" деді. Бірақ клиника бұл жұмыспен қазір айналыспайтынын да жеткізді. 2019 жылы оқу, бәрін бітірген соң Түркістан облысындағы Түлкібас ауданы әкімшілігінде жұмыс істедім. Бірақ көзім қиналып, болмайтынын сезіп, денсаулығыма көңіл бөлейін деп 2020 жылғы қыркүйекте Алматы қаласындағы көз аурулары ғылыми-зерттеу институтына барып, оң көзіме кросслинкинг жасатып алдым", - деп әңгімеледі Нұрмаханбет.

"3 жыл күттім"

Дегенмен бұл кезде де мәселе түбегейлі шешілмепті.

"Бірақ оң көзім 100 пайыз болып кететініне ешқандай кепілдік жоқ еді. Сол көзіме тек қасаң қабақты ауыстыру керек болды. Сол жердегі мамандардан сұрап, "не істеймін енді?" дегенде, олар Сүлейменов Марат Смағұлұлының мекен жайын берді. "Осы кісіден сұрасаң болады" деді. Мекен жайын біліп, ертесіне сол жерге бардым. Марат Смағұлұлы жақын арада ота бастаймыз деп мені тізімге қосты. Кейін "менімен хабарда бол" деп шығарып салды. Ал мен ай сайын сұрап жаза бердім. Ол министрліктен жауап күтіп отырғандарын жеткізді", - дейді ол.

Түркістандық жігіт осыдан кейін бір емес, бірнеше жыл күткенін айтады. 

"3 жыл бойы күттім. Себебі басқа елдерде қымбат болды. Германия еліндегі клиникамен сөйлесіп көрдім. Олар 19 000 еуро деді. Түркияда жүрген, топта бірге оқыған танысымды бір клиникаға жібердім. Ол сол жерге барып сұрастырып кайтты. Ол жерде де өте қымбат болатын", - дейді ол.

Жеке архив

"Қор көмектескенін кейін білдім"

Осылайша, ол жақсы жаңалықты естиді.

"Биыл жыл басында дәрігер "жақында бастаймыз, дайындалыңыз" деді. Солай Алматыға бардым. Анализдердің бәрін дайындап қойдым, бірақ хабар болмады. Солай 5 мамырда хабарласты. Бұл жолы "анализдерді қайта жинап кел" деді. Тез-тез анализдерді дайындап, Алматыға бардым. 15 мамырда мен секілді 12 адамды көрдім. Арасында жасы да, кәрісі де бар. Барлығының проблемасы бір болды. Қасаң қабақты ауыстыру қажет болған соң жүрді. Күніне 3 отадан істеп жатты. Менің кезегім 18 мамырға түсті. Отаға кіргенде ешқандай уайымсыз, қорқынышсыз кірдім. Бәріне дайын болдым. Анестезиядан түнгі сағат 2-3 шамасында қарным ашып ояндым. Ешбір жерім ауырмады. Кейін "Қазақстан халқына" қоры арқылы ота жасалғанын білдім. Бұл кезге дейін де қор туралы естіген едім. Бірақ осы қордың дәл маған көмегі тимейтін шығар деп ойлап жүре бердім. Қателесіппін. Кейін интернеттен қор туралы көп нәрсе білдім. Қор ашылған кезде есімде, мен де өтініш қалдырдым. "Көмек керек, әлі жаспын, мұндай ота жасатуға ақшамыз жоқ, өтініш" дедім. Бірақ кейін "қате" деп шыға берген соң пайда жоқ болар деп ойладым", - дейді ол.

Тосын жерден келген осындай көмектің арқасында Нұрмаханбеттің жағдайы жақсарып келе жатыр екен.

"Соңына келгенде осы қор маған көмек беретінін білмедім. Осындай мүмкіндік үшін рақмет. Марат Сүлейменовке де жылдың үздік дәрігері деген атақ болса, сол атақты беру керек. Көп адамға екінші мүмкіндік берді. Қазір жайлап жазылып келе жатыр. Нәтижесі бұдан да зор болады деген болатын. Ол үшін уақыт керек. Көз деген - нәзік дүние. Ал болашаққа жоспарым көп. Үйленіп, бизнес бастап, өзімді дамытқым келеді. Ал отаға дейін "болды, көмек жоқ, миллиондар жоқ" деп өзімді тастай салған едім", - дейді ол.

Бұл жоба С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетімен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр. Яғни көздің мүйізгек қабығының трансплантациясын қажет ететін көз аурулары бар науқастарға көмек беріледі. Бағдарламаның бюджеті 373,4 миллион теңге болады, бұл 2 жыл ішінде көздің мүйізгек қабығын трансплантациялау үшін 304 мүйізгек қабығын дайындауға және әкелуге бөлінген. 2023 жылғы мамырдан қазанға дейін мүйізгек қабықты трансплантациялау бойынша 81 ота жасалған. Соның бірі Нұрмаханбетке жасалған. Ал Қазақстанда донорлық материал жетіспейтіндіктен, мүйізгек қабықтар АҚШ-тан әкелінеді.

Бүгінде Нұрмаханбет өзі секілді адамдарға көмегі тисін деген мақсатта видеолар түсіріп, жариялап жүр.

"Отадан кейін адамдарға көмектесу үшін видеолар түсіріп, YouTube-ке жарияладым. Көп адам жаза бастады. Мен бәрімен бөліскім келді, себебі көбі не істерін білмей жүреі. Мен де сондай адамның бірі болдым. Сондықтан осындай әдіспен көмектесуді ұйғардым. Көпшілік клиникаға барып та үлгерді. Өзім де көмегім тиіп жатқанына қуаныштымын", - деп түйіндеді әңгімесін ол.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова