"Тірідей тозаққа түстім". Шетелдік ерлі-зайыпты асырап алған қазақ қызы өз әке-шешесін іздейді

"Тірідей тозаққа түстім". Шетелдік ерлі-зайыпты асырап алған қазақ қызы өз әке-шешесін іздейді
Фото: Фотоскрин

АҚШ-тың Орем қаласындағы ерлі-зайыптылар асырап алған қазақ қызы Линдзи (Лаура) шетелге 7 жасында келген. Биыл 30-ға толатын қазақ қызы өз отбасын іздейтіні туралы "Шетелдегі қазақ балалары" бағдарламасында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол қазір шетелде бір бөлмені жалдап тұрады.

"Асырап алған әке-шешемнің ажырасып кеткені жаныма қатты батты. Бәрінен бұрын бауырларым теріс айналды, менімен аралсқылары келмеді. Себебі бар, не үшін екенін айта алмаймын. Психотерапевтке де бардым. Жаман ойлардан асырап алған әкемнің қолдауы арқылы шықтым. Бұл дүниеге бекер келмегенімді түсіндім. Әкеме ағымнан жарылып,балалық кездегі бақытсыздығым туралы айттым. Анам маған қалай болса, солай сөйлейтін. Үйдегі тірліктің бәрін маған артып қоятын. Ол кезде небәрі 7-10 жаста болатынмын. Маған махаббат жетіспеді. Балалар үйінде де, бұл жерде де сүйіспеншілік көрмедім", - деді Лаура. 

Әр қиындық оның шыңдалуына себеп болған.

"Жалғыз емеспін, жақсы көретін адамдарым бар. Солар үшін өмір сүру керекпін. Өмірдің теперішін көп көрген адаммын. Көп бейнет шектім, тірідей тозаққа түстім. Басымнан өткізген қиындықтардың арқасында мықты бола түстім. Әлі де өсіп жатырмын. Бір үмітке сеніп келе жатырмын. Қараңғылықтан кейін жарық келеді", - деді ол.

Қазір Лаура өзінің туған ата-анасын іздейтінін айтты.

"Өмірдегі басты мақсатым - туған отбасымды табу. Өз ата тегімді білгім келеді. Мүмкін үлкен бір әулеттен шыққан шығармын. Асырап алған Маклеиндермен қаным бір емес. Ал мен өз тегімді білгім келеді. Туған әке-шешемнің өлі-тірісін біліп, түрін көргім келеді. Мені неге балалар үйіне өткізгенін білер едім", - деді ол.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

А. Жайыққызы