- Негізгі бет
- LifeStyle
- Қазақ халқында бесіктің...
Қазақ халқында бесіктің үстіне мініп, "шапқылайтын" салт-дәстүр болған ба?
Әлеуметтік желіде тойда әйелдің бесік үстіне мініп, шауып жүрген видеосы тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Желіге тараған видеодан жасы үлкен әйелдің тойда бесік үстіне киім жауып, оған мініп, шауып жүргенін көруге болады. Видео астына Желі қолданушылары қалдырған пікірге сүйенсек, бұл салт-дәстүр көбінесе Батыс өңірде жасалынады. Әдепті, көпті көрген қария апалар бесікке 7 ер адамның киімін жауып, "салмақты, абыройлы, әдепті, атақты, көпшіл" болсын деп мініп ырымдайтын көрінеді.
Дегенмен осы тұста көпшіліктің пікірі екіге бөлінген. Бірі мұндай ырымның қазақ халқында жоқ екенін айтып, оны әдепсіздік пен көргенсіздікке теңеген.
"Күнде бірдеңе шығатын болдығо. Жоқ ырымнан, үлгі алмаңыздар!", "Өзімде түсінбеймін не салт-дәстур", "Жүре берсең, көре бересің деген осы екен", "Көргенсіздер", "Біздің Маңғыстауда бұндай әдепсіздік жоқ. Мынандай жас әйелге тіпті жол жоқ. Мынау салтты бұрмалаушылардың ісі", - деп ашуланған пікір білдірушілер.
Ал енді бірі ырымның баяғыдан бар екенін жазып, егжей-тегжейін түсіндірген.
"7 киім жабады көпшіл болсын деп. Ер адам киімін бесіктің бас жағына жабады", "Бар, иә. Бірақ мынадай ерсі етіп дәріптеудің қажеті жоқ. Бесікке жеті нәрсе жауып, жеті рет қозғайды, тілегін айтып, батасын береді үлкен кісілер", "Бұрыннан бар", "Жасын берсін деп қарт әжелер мінгенін көрген едім", "Ия, бұл ырым бар батыста. Нәрестені бесікке салғаннан кейін, 1 қапшық, 6 киім жабады бесікке. Бесікке салған адам, бесікке мініп, қолына орамал или қамшы алып, отырған адамдарды сабағандай болады. Бірақта бесік киелі дүние ғой, осыған мініп алатыны ұнамайды", "Бала бесікке салып 7 түрлі киім жауып ырымдап қапшық жауып ұйқысы жақсы болсын деп қайда барамыз деп осылай жасайды", - деп жазған желі қолданушылары.
Желі қолданушыларының арасында туған пікірталасқа байланысты Massaget.kz тілшісі бұл ырым туралы білу үшін этнограф Болат Бопайұлының көмегіне жүгінді. Этнограф ең алдымен бесіктің қазақ халқының тарихында алатын орнын түсіндірді.
"Қазақта бесік деген киелі нәрсе. Бесікке қатысты "бос бесікті тербетпейді, бей уақытта далада қалдырмайды, оны лас жерге қоймайды, бесікке мінбейді, оны жат елге бермейді" деген сияқты ырымы көп. Бұрын белгілі бір үйдің бесігін қалап, ырымдап жүрген жағдайда алу үшін ақы, мал, жамбы-тұяғын беріп алған. Қолданғанннан кейін, берісіпе болған кезде ақ тамызып өртеп, күлін асқар таудың басына немесе бәйтеректің, қаулап өсетін жеміс-ағаштардың түбіне көмеді", - деді ол.
Маман бесіктің үстіне мініп, шабудың біздің ғұрыпымызда жоқ екенін айтып, мұның жаман ырым екенін бөлісті.
"Бала алғаш өмірге келгенде үш бесік болады. Бірі ананың алтын құрсағы, екіншісі тал бесік, үшіншісі төл бесік.
Бесікті үстіне көрпе жауып, апасы үстіне шапқан деген нәрсе қазақ ғүрыпында жоқ, ол өте жаман ырым. Мұндай іс-әрекет жасауға болмайды, оны кесіп айтуға болады. Баланың жатып, өсетін бесігін, бұлай қорлауға болмайды. Ол әр өңірдің өзі шығарып алған ырымы. Бұл көрген көзге сөлекет, салт-дәстүрге қайшы", - дейді Болат Бопайұлы.
Айта кетейік, бұған дейін қазақтың бос бесікті неліктен тербетпейтініне этнограф жауап берген еді.
Тағы да оқи отырыңыздар: Гүлді өсімдіктер қандай топтарға бөлінеді?
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Б. Жұмаділлә