- Негізгі бет
- LifeStyle
- Абьюзерге тән 8...
Абьюзерге тән 8 белгі: өзіңізді тексеріңіз!
Жақынына физикалық зорлық және манипуляция жасайтын, оны қорлайтын және қорқытатын адамды абьюзер деп атайды. Кейде ол өз серігін қинайтынын және өз әрекетінің салдарын түсінбеуі мүмкін. Абьюзерлік әрекеттің негізгі белгілерін ұсынамыз.
Серігіңізді себепсіз сынайсыз
Серігіңіздің әр әрекетін сынайсыз. Мысалы, сізге оның қалай киінетіні немесе үй шаруаларын қалай жасайтыны ұнамайды. Бұлайша, сіз оның өзін-өзі бағалауын түсіресіз, ол сіздің сөздерінен соң өзін тартымсыз сезінеді және оған қолынан ештеңе келмейтіндей көрінеді.
Серігіңізді бақылайсыз
Оның телефонын, поштасын және хаттарын тексересіз, браузердегі іздеу тарихын қарап бақылап отырасыз. Егер ол гаджетін көрсеткісі келмесе, оның сізден жасыратын бәр нәрсесі бар екенін айтып, оны талап етесіз. Осылайша, оның жеке шекарасына кіресіз. Сіз оны бақылай бергесін ол өзін мазасыз және сенімсіз сезінеді.
Екі жүзділік танытасыз
Көршілеріңізбен, әріптестеріңізбен, достарыңызбен және тіпті дұрыс танымайтын адамдардың өзімен өзіңізді ұстамды ұстап, мейірімділік танытасыз. Алайда серігіңізбен жалғыз қалғанда бірден өзгересіз.
Психологтардың айтуынша, басқалардың алдында позитивті түр жасау арқылы абьюзер адам өзін қорғайды. Сіздің серігіңіз сізге шағымданса, басқалар сенбейтін болады, себебі сіз әрдайым күлімдеп жүретінсіз.
Өзіңізді агрессивті ұстайсыз
Серігіңізге дауыс көтеру, оған жаман сөздер айту, қорлау, мазақ ету сіз үшін қалыпты нәрсе. Кез келген келіспеушілікті ұрысқа айналдырып жібересіз және мұндай кезде өзіңізді ұстай алмайсыз.
Қателіктерді кешірмейсіз
Егер серігіңіз бір рет болсын алдыңызда кінәлі болып қалса, сіз бұл жайлы ешқашан ұмытпайсыз және оның есіне сала бересіз. Сіз оның сезімдерімен манипуляция жасайсыз, оған өзіңіз қалаған нәрселерді жасатасыз: мысалы, ол үйдегі міндеттерді өз мойнына алады, өз қызығушылықтарынан бас тартады және т.б.
Көңіл күйіңіз құбылмалы
Көңіл күйіңіз себепсіз өзгере береді. Таңертең серігіңізге қамқор боласыз, ал кешкісін агрессия немесе немқұрайлық танытасыз. Ал серігіңіз сізден не күтетінін білмейді, ол әрқашан не істеп қойғанын түсінбей, өзін кінәлайтын болады.
Серігіңізді жақындарынан алшақтатасыз
Мысалы, сізге серігіңіздің өз туыстарымен телефонмен сөйлескені, оларға қонаққа барғаны немесе достарымен кездескені ұнамайды. Сондықтан сіз оған өзіңіздің наразылығыңызды білдіресіз: мысалы, сізге жеткілікті түрде уақыт бөлмейтінін айтып, оның кінә сезімін оятуға тырысасыз. Оған жақындарымен араласуға ашық түрде тыйым салуыңыз да мүмкін. Немесе серігіңіздің оларға деген көзқарасын өзгерту үшін олар жайлы жаман нәрселер айтасыз.
Бопсалайсыз және қоқан-лоқы көрсетесіз
Егер серігіңіз қарым-қатынасты тоқтатқысы келсе, сіз қарсылық білдіріп, оны болдырмас үшін кез келген әдісті қолданасыз. Мысалы, өзіңізге қол жұмсайтыныңызды айтасыз, қауіпті ауру ойлап табасыз, баланы, үйді тартып алатыныңызды айтасыз және т.б.
Оқи отырыңыз: Ренжітіп, бір сағаттан кейін жақсы көретінін айтады: социопаттың 10 белгісі
А. Жапатова