Дәрігер басыңызға "салқын тигенін" қалай білуге болатынын түсіндірді

Дәрігер басыңызға "салқын тигенін" қалай білуге болатынын түсіндірді
Фото: pixabay.com

Дала суықтаған кезде шкафтан бас киім мен шарфты шығара бастаймыз. Алайда оларды кейде, әсіресе, қоғамдық көлікпен немесе метромен жүргенде кигіміз келмейді. Басымызға капюшонды киіп алып немесе ештеңе кимей жылы ғимаратқа дейін жүгіріп жете қоюды жөн санаймыз. Алайда бұл әдетіміз денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін. Басыңызға "салқын тиюі" мүмкін бе және оны қалай түсінуге болады? Бұл жайлы терапевт Виктория Звонарева айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Доктор Питер" порталына сілтеме жасап.

Бас киім киюдің не қажеті бар: 3 себеп

Балалық кезде аналарымыз суық күндері бас киім кию керегін жиі айтатын. Бұл бекер емес. Егер басыңызда ештеңе болмаса, үстіңізде қабат-қабат киім болса да, денеңіз жылдам тоңады. Ал ол суық тию және ауырып қалу қаупін арттырады.

Суық мерзімде бас киім киіп жүрудің басқа да себептері бар:

  • Құлақ тоңады, сондықтан құлақ қабынуы – отит дамиды. Ол қатты ауыртады және есту қабілетіңізді нашарлатуы мүмкін. Кейде оны толықтай қалпына келтіру мүмкін емес болады;
  • Шаш қиналады. Суықтан қан тамырлар тарылады және ол шаш түбі қанайналымын нашарлатады. Соның салдарынан бас терісі құрғап кетеді және шаш сынғыш болады;
  • Суық тию бет және үш тармақты жүйке невралгиясын ынталандыруы мүмкін.

"Егер далада ауа температурасы +5 градустан төмен болса, ЛОР-аурулары жоқ ересек адам бас киім киіп жүргені жөн. Ал балаларға +15 және одан төмен температураларда бас киім киіп жүру ұсынылады. Себебі олар суыққа сезімтал келеді", - дейді дәрігер.

Басыңызға "суық тигенін" қалай түсінуге болады?

 Оның алғашқы белгілеріне мыналар жатады:

  • Әлсіздік;
  • Дене температурасаның көтерілуі;
  • Қалтырау;
  • Бастың ауыруы және бастың лүпілдеуі;
  • Мұрын бітелуі.

Қандай жағдайда дәрігерге қаралу керек?

"Егер хал-жағдайыңыз жылдам нашарласа, дене температурасы (38,5 °C және одан да жоғары) қатты көтерілсе, әсіресе жоғары дене теппературасы бірнеше күн қатарынан сақталса, жедел жәрдем шақыру керек. Сондай-ақ құлағыңыз ауырса, құлақ арты ісіп немесе қызарып кетсе, құлақтан ірің ақса, тамағыңыз қатты ауырса, аузыңызды қатты аша алмасаңыз, жөтел пайда болса, дәрігерге қаралыңыз", - дейді дәрігер.

Оқи отырыңыз: Тіс жұлғаннан кейін құлақ неге ауырады?

А. Жапатова