- Негізгі бет
- LifeStyle
- "Тіліміз келмейді деп...
"Тіліміз келмейді деп қарсы болған". Света Айтбаева өзіне неге орысша есім қойылғаны туралы қызық оқиғаны айтты
Қазақты әлемге танытып жүрген Димаш Құдайбергеннің анасы Света Айтбаева "Сарасөз" бағдарламасына сұхбат беріп, неліктен есімі ерекше екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның сөзінше, Светлана деген есімді ауылға келген жас мұғалім қойыпты.
"Ата-әжемнің ең тұңғыш немересімін. Кейбір жағдайда "атыңыз неге орысша" деп сұрап жатады. Атам ұстаз болған, мектеп директоры болған. Сол кісі қызмет етіп тұрғанда, ауылға Қыздар педагогикалық институтын бітіріп, жас маман келген екен. Ауылда қонақүй деген жоқ. Мектепке келген мұғалім міндетті түрде мектеп директорының үйінде тұрады. Сол апамыз ең бірінші қонған күні мен дүниеге келген екенмін. "Сенің жолың құтты болды, аяғыңмен шаңырағымызға құт келді, немерелі болдық, қазақ қонағын сыйлаған, алғашқы немереме ат қою құрметін саған ұсынамын" деген. Институт бітіріп келген жас маман өзі сондай әдемі, сәнқой болған. Ауыл әлі күнге дейін ол кісілердің ауылға институт бітіріп келген сәтін сурет көргендей қылып айтады. "Светлана деп қойсам бола ма?" деген. Уәде - Құдайдың ісі, атам айтып қойған. Ауылдағы үлкен кісілер "ол қандай ат, тіліміз келмейді" деп біраз қарсы болған екен. "Жоқ, қызым келгенде, мен де қызды болдым" деп сол кісі атын қойғызған екен. Атамның керемет мейіріміне, әжемнің керемет өбектеуіне бөленіп өстік", - дейді өнер иесі.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова