Тұмаумен шатастырып алуыңыз мүмкін аурулар

Тұмаумен шатастырып алуыңыз мүмкін аурулар
Фото: pixabay.com

Өз-өзіңізге диагноз қою қауіпті. Дәрігерлер үйде өздігінен емделуге болмайтынын қанша рет айтса да, әлі де көпшілік адам ауырғанда ғаламтордан оқып немесе танысынан сұрап емделуді жөн көреді. Алайда мұндай ем бекер болып, негізгі ауруды асқындырып алуыңыз мүмкін. Бүгінгі материалда тұмаумен шатастырып алуыңыз мүмкін ауру түрлерін ұсынамыз.

Бронхит

Басталып келе жатқан тұмауға ұқсайтын кең тараған аурудың бірі – бронхит. Алдымен құрғақ жөтел басталады және ол біртіндеп ылғал жөтелге айналады. Жөтел күндіз де мазалауы мүмкін, бірақ жиі кешке таман және түнде пайда болады. Кейде бронхит жұқпамен бірге жүреді, бұл жағдайда адамның жағдайы бірден нашарлап, температурасы көтеріліп кетеді. Кей жағдайда адамның кеуде тұсы ауыруы мүмкін. Адамдар жиі тұмауға арналған дәрілер ішеді, негізінде дәрігермен кеңескен дұрыс.

Пневмония

Классикалық пневмонияны тұмаумен жиі шатастырады. Егер сізде пневмония болса, күшті ылғал жөтел мен қалтырау пайда болуы және тыныс алу күн өткен сайын қиындай түсуі мүмкін. Пневмонияның кең тараған белгісіне кеуде тұсының қатты және қысылып ауыруы жатады. Егер ол асқынып кетсе, құсу пайда болады. Бұл өте қауіпті ауру, ол міндетті түрде дәрігер бақылауын қажет етеді.

Менингит

Менингит – бұл ми мен жұлынды қорғайтын қабықшаның қабынуын тудыратын жағдай. Аурудың алғашқы белгілерін тұмаумен оңай шатастырып алуға болады. Екеуіне ортақ белгілерге бас ауыруы, қалтырау және шаршаңқылық жатады. Менингит тек бактериялар мен вирустардан емес, зақым, қатерлі ісік және дәрі-дәрмек себебінен де пайда болуы мүмкін.

Оқи отырыңыз: Түнгі жөтелді қалай басуға болады?

А. Жапатова