Танымал әнші Мақпал Жүнісова мектеп кезіндегі қызық оқиғаларын еске алды. Бұл туралы өнер иесі "Алғашқы" бағдарламасында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әншінің сөзінше, мектепте оқып жүргенде, тарих сабағынан сұранбай кеткен. Ал кейін соның кесірінен мектептен шығып кеткен.
"10-классты бітіріп жатырмын. 22 май болатын. Мектепке Светлана Жақсылықова деген әйел келді. "Срочно менімен еріп жүріңіз. Директор "Гүлдер" ансамбліне шақырып жатыр" деді. "Кәдімгі "Гүлдер" ансамблі ме" деймін. "Иә" дейді. "Ойбай барамын" деймін. Тарих сабағынан сұранбай, "бәрібір қорытады ғой" деп, Гүлдер ансамбліне тайдым. Директордың алдында 10 шақты өлең айттым. "Қай класста оқып жатсың?" деді. "Тағы бір жылым бар" дедім. "Онда, айналайын, 11-классты бітір, бірден "Гүлдер" ансамбліне келесің" деді. Мұрным шелектей болып, ұшып мектепке келдім. "Сені завуч шақырып жатыр" деп, барсам, Тәшім Сейітович "ну-ка иди сюда" деп алдына қойып қойды. "Сен историяны жөндеп білмей жүрген адам, сенен әнші шықса, мұрнымды кесіп берейін" деді. "Мені "Гүлдер" ансамблі шақырды" деп қоймаймын. Сөйтсем, "Жүнісова жылдық қорытындыға 2-ге қорыттым, күзде келіп, экзамен тапсырасың" деді. "Жарайды" дедім. Ойымда "Гүлдер" ансамблі тұр. Екі қойдың ба, бір қойдың ба, реніш жоқ. Ауылға кетіп, жаз бойы тарих жаттадым. Келсем, Тәшім жоқ. Секретарь 23 августте кел деген. Барсам Тәшім "почему не было тебя" дейді. "Секретарша сказала что вы болеете" дедім. "Ну и что, надо было до вечера ждать. Енді сен тапсырсаң да қабылдамаймын" дейді. Ерегісіп отыр ғой. 10-классты қайта оқу деген өлумен бірге тең ғой. Оны естісе, шешем өлтіріп тастайды. Оқымаймын дедім (10-сыныпты қайта оқу - еск.). "Онда кет мектептен" деді", - деп еске алды әнші.
Өнер иесі осы жағдайдан кейін тіпті көлік астына түскен.
"Машинаның астына түстім. Машина үстімнен өтіп кетті. Машинаның ортасында қалып қойыппын. Шопыр атып шығып, мені ұрып, содан жылап келе жатырмын. Талғат Жорабеков деген кісі "Өнерге қанат қаққандар" деген хабарға бесінші сыныптан жазатын. Радиоға ылғи шақыратын. "Не жылап жүрсің?" деді. "Мен өлемін, мектебім, өзің кет, әйтпесе мамаңа бұзылған деген хат жазамыз деді" деймін. Мамамнан қатты қорықтым, қатал адам болатын. Құрысын өлтіреді, өзім қалайын деп жүрмін ғой. Ана кісі қолымнан ұстап алып, Министерства культурыға апарды. Оқу бөлімінің бастығы кәріс жігіт екен. "Мынау өте талантты бала, мектептен қуып шығыпты" деді. Тексеру болады, мені педсоветке салды. Сол кезде Большиков деген әскери даярлықтан сабақ беретін. Шынымен де топас болатынмын. Автоматты шашып жинау керек. Ақыры миыма қонбады. Большиков тұрды да "Она же тупица, она даже автомат собирать не умеет. Мектептен қуу керек" деді. Бәрі қол соқты. Мен кетіп қалдым, намыс бар ғой. Жаман намысым ұстады. Енді қайтып бұл мектепте оқы десеңіздер де оқымаймын деп кеттім. Мен сендерге әлі көрсетемін Мақпал Жүнісова кім екенін дедім", - дейді әнші.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!