"Түсіме кірді, бір туфлиі бергі, бір туфлиі арғы жақта тұр". Нұржан Қалжан журналист Руслан Бөлейбайды еске алды

Танымал әнші Нұржан Қалжан "Жұлдызды шаңырақта" бағдарламасында жол апатынан қаза тапқан журналист Руслан Бөлебайды еске алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Әнші жол апаты қалай болғанын әңгімеледі.

"Мәңгілік есте қалатын күн болды ғой. Мен болдым, марқұм Руслан болды, Бауыржан деген жігіт болды (көліктің ішінде - еск.). Жездем болды. Гаухар деген қыз болды, журналист қыз болатын. Рөлде мен болдым. Түнгі сағат 3-тердің шамасында. Жамбыл Гагаринада. Мен соққан жоқпын, мені келіп соқты. Қысқасы, Алматыға Іңкәр деген әпкем, жездем, бала-шағасымен келген. Солармен қыдырып жүргенмін. Руслан звондап, "осындай жерде отырмыз, келсей" деді. "Жезделеріммен жүрмін, әпкем келіп еді" деп едім, ренжіді. Ертесіне Түркияға ұшатын болып жатқан. Әпкелерімді үйге тастадым да, жездемді "жүріңіз серік болып" деп алып алдым. Сөйтіп, бір жерде отырған жерлерінен алып, үйлеріне апарып тастайын дедім. "Жолдан Бауыржанды аламыз" деді. Бауыржан Төле би Розыбакиевте музыкант болып жұмыс істейтін. Соған сағат түнгі 2-де бардық. Барсақ, іші дүңкілдеп жатыр екен. Сыртта 3-ке дейін күттік. Кафесі жабылды, саксофонын машинаның артына салып, жүрдік. Төле бидің бойымен келе жатырмын. Жароковтан өтіп, Гагаринге оңға бұрылдым. Гагаринмен келе жатқанмын. Әңгімелесіп келе жатқанбыз, 40-пен ба?! Мына жағыма қарасам, жарық келе жатыр. "Ааа" деген кезде ұрды", - деп еске алды ол.

Нұржан Қалжан сол күн әлі есінде екенін жеткізді.

"ГАИ-ден қашып келе жатқан. Келді де ұрды. Есімді жинасам, рөлге жабысып қалғанмын, Руслан ортасында отырған, Бауыржан шетінде отырған. Машинаның артқы есігін езіп жіберген, сау беті талға соғылып, арты жабысып қалған. Бауыржан мен Руслан екеуі басы бір-бірлеріне соғысты ма екен, өйткені бастан кеткен. Есімді жинап тұрып жатқан кезде "көмектесіңдер" деп айғайлап жатырмын. Орысша дауыстар шығып жатыр. "Помогите" деп айқайлап жатырмын. 10-15 бала келіп, есікті жұлып алып шығарды. Жатырмын, бірақ Құдайдан бірнәрсе тілеп жатырмын. Жездем үйде алты қыздың ішінде бір ғана ұл, менің де бір ғана әпкем. Руслан мен Бауыржан өліп қалды екен деп ойлаған жоқпын. Ол екеуі тірі деп ойлап жүрмін. Жездем алдында отырған, жоқ. Артқа ұшып кеткен. Жездем өлді деп ойлағанмын ғой. "Е, Құдай, өзімді алсаң ал. Жездем тірі қалсыншы" деп жатырмын. Бір кезде жездем қисалаңдап келе жатыр. Әрі қарай кеттім, отключка. Ауруханада екі айдай жаттым. Үш ай ауылда жаттым", - дейді ол. 

Ал досы Руслан өмірден өткенін түс арқылы білген екен.

"Адамдар, өнер адамдары келді (ауруханаға - еск). "Русландарға кіріп шықтық, жақсы" дейді. Ойымда ештеңе жоқ. "Қай ауруханада" десем, "12-ауруханада" дейді. Мен 7-де жаттым. Бір күні түсіме кірді. Бір туфлиі бергі жақта тұр, бір туфлиі арғы жақта тұр. Бірден кеткенін білдім. Оянған бойда жыладым. "Руслан өліп қалыпты ғой, неге айтпайсыңдар" деп. Сол жерде бәрі айтты. Түс арқылы біліп қойғанымды білді. Осылай болды Бауыржан екеуі дейді. Руслан жанып тұрған бала еді, көрер қызығы алда еді", - деп еске алды ол.

Тағы да оқи отырыңыздар: Блогерлер қанша ақша табады?

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!