- Негізгі бет
- LifeStyle
- Бақытты қарым-қатынасты сақтаудың...
Бақытты қарым-қатынасты сақтаудың 7 ережесі
Қазіргі қарбалас заманда көпшілік ерлі-зайыпты жұмыс, тұрмыстық міндеттер және бала тәрбиесіне көбірек мән береміз деп, араларының қалай суып кеткенін байқамай қалады. Алайда кей қарапайым ережелер бақытты қарым-қатынасты сақтауға көмектеседі. Ол қандай ережелер?
Бір уақытта ұйықтау
Егер екеуіңіз бір уақытта жатпасаңыздар, маңызды сәттерді өткізіп аласыздар. Мысалы, біраз уақыт құшақтасып жату, сыбырласып әңгіме айту, ішкі ойларыңызбен немесе армандарыңызбен бөлісу және бір-біріңізді еркелету. Екеуіңізге бірдей келетін уақытты таңдаңыз. Ал биологиялық сағаттарыңыз бір-екі аптадан соң сол уақытта жатуға бейімделіп кетеді.
Бірге тамақ дайындау және кешкі ас ішу
Бірге тамақ дайындау уақыт пен күшті үнемдеуге көмектеседі. Жағымды музыка қосып қоюға немесе жиналып қалған тақырыптарды қозғауға болады. Сондай-ақ бір-біріңіздің күндеріңіз қалай өткенін біле аласыздар. Егер бірге дайындап, бірге жинастырсаңыздар, ұйықтауға да бірге жатасыздар.
Дұрыс ұрысу
Үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай қоймайды. Сіздер бір-біріңіздің жанды жерлеріңізді білесіздер. Осы уақытқа дейін жеке шекараны өту, сынау, манипуляция жасау және үндемеу секілді қолдануға болмайтын әдістің бәрін көрген боларсыздар. Жаңа стратегия ойлап табыңыздар. Ұрысқан кезде жеке шекараға өтпеу керегін және бірі екіншісінің ойымен келіспеуге құқығы бар екенін келісіп алыңыздар. Сондай-ақ қандай да бір сөз ойлап тауып, сол сөзді айтқан кезде ұрысуды, сөйлеуді тоқтату керегін біліңіз. Бұл ашу үстінде бір-біріңізге ренжітетін сөздерді айтып тастамауға көмектеседі. Тынышталған соң сол тақырыпты талқылап, сабырлы күйде шешіңіздер.
Өтірік айтпау
Ұсақ-түйек нәрсе болса да өтірік айтпауға тырысыңыз. Кішкентай өтіріктер уақыт өте үлкен өтіріктерге айналуы мүмкін. Серігіңіздің жанында шынайы болуға тырысыңыз.
Басқа жұппен дос болу
Әрине, әр адамның отбасылы болғанға дейін өз достары болады. Достармен байланысты үзбеген жөн. Бірақ отбасылы болғаннан кейін сіздер секілді отбасылы адамдармен де араласу керек. Сондай ең болмағанда бір жұппен жақсы араласуға тырысыңыздар. Олармен демалу кезінде серігіңіз екеуіңіздің де ішіңіз пыспайды, олардан сабақ немесе үлгі алуыңыз мүмкін. Олармен кей проблемаларыңыз ортақ болуы да мүмкін, сондықтан бір-бірлеріңізге түсіністікпен қарайсыздар, қызығушылықтарыңыз да бірдей болады.
Кешкісін барлық гажетті өшіру
Кешкісін отбасы мүшелері жиналған соң барлық гаджеттерді өшіріңіздер. Егер шұғыл шаруа болса, кешкісін бір уақытта барлық хаттарды тексеруге 30 минут уақыт бөліңіз. Ал қалған уақытта отбасыңызбен бірге болуға және олармен сөйлесуге тырысыңыз.
Романтикалық кеш ұйымдастыру
Қарым-қатынасыңыз суып кетпес үшін романтикалық кештер ұйымдастырып тұру маңызды. Бірге киноға барыңыздар, мейрамханадан кешкі ас ішіңіздер. Оған дайындалыңыз, әдемі киініп шығыңыздар.
Оқи отырыңыз: Ер адамдарға қандай әйелдер ұнайды?
А. Жапатова