"Иранның әйелдері өз құқығы үшін қалай күресіп жатыр?" Баян Мақсатқызы мектепте хиджаб кию туралы айтты

Танымал продюсер Баян Мақсатқызы мектепте хиджаб киюге қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Кейінгі кезде қоғамда оқу орындарында хиджаб кию мәселесі кең талқылана бастады. Бұл әрбір ересек әрі кәмелетке толған адамның таңдауы екеніне сенімдімін, ал бала отбасының діни ұстанымын өзі әлі түсінбейтін кезде қабылдайды. Иранның әйелдері өз құқығы мен бостандығы үшін қалай күресіп жатқанын қараңыздар. Біз зайырлы мемлекетпіз! Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызымен толық келісемін", - дейді ол.

Айта кетейік, бұған дейін мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да мектепте хиджаб кию мәселесін көтерген еді.

"Қазір әлеуметтік желіде мектептерде хиджаб кию мәселесіне қатысты талқы тоқтар емес. Осыған байланысты, діни салаға жауапты лауазымды тұлға ретінде, өз тарапымнан түсініктеме беруді жөн көріп отырмын. Ата заңымызға сәйкес Қазақстанда дін мемлекеттен бөлінген. Сөз жоқ, мемлекет дін бостандығына кепілдік береді. Бірақ біз - зайырлы елміз! Сол үшін де мемлекеттік саясаттың барлық мәселесі діни пәтуалармен емес, азаматтық нормалармен реттеледі. Құқықтық-нормативті актілер әрбір оқушыға мектеп қабырғасында арнайы бекітілген форма киюді міндеттейді. Өйткені білім беру ерекшелігі бірыңғайлықты талап етеді. Ал Конституциямыз бойынша мектептің міндеті - ел азаматтарына сапалы білім беруге кепілдік беру және оны қамтамасыз ету. Сондықтан да мектепте бала ең алдымен сапалы білім алуы керек. Содан кейін барып, ержете келе діни наным-сенімін, қандай киім үлгісін киетінін өзі шешеді деп ойлаймын", - деген еді министр. 

Еске салайық, бұған дейінгі Үкімет отырысында Ғани Бектайұлына "хиджаб киюуге рұқсат бересіздер ме, жоқ әлде бермейсіздер ме" деген сұрақ қойылған болатын. Министр бұл сұраққа жауап беруден жалтарды.

"Біз бірнәрсені түсінуіміз керек. Біз бәріміз оған келістік, Конституцияда жазылған, біз зайырлы мемлекетпіз. Сондықтан Конституцияға сәйкес мектептерде өмір сүруі керек деп есептейміз", - деген еді шенеунік.

Кейінірек министр даулы мәселеге қатысты тағы да пікір білдірді. Сонымен қатар, бұрынғы ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Қазақстанның ұстанымын айтты. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз