"Домбыра - харам". ҚМДБ өкілдері даулы мәлімдемеге пікір білдірді

"Домбыра - харам". ҚМДБ өкілдері даулы мәлімдемеге пікір білдірді
Фото: Ашық дереккөз

Әлеуметтік желіде хиджаб киген қыздың домбыра тарту күнә деп айтқан видеосы тарады. Бұл видеоға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Желіде домбыра тарту харам деген мәлімдеме тарады.

"Ақыретте ұлтымызбен, ұлтшылдығымызбен өтпейміз. Иманымызбен, некемізбен өтеміз. Мен домбыраға 5 жыл қатыстым. Менің домбыра тартқаным YouTube-те жүр. Мектеп кезінде дін туралы білген жоқпын. Күні кешеге дейін домбыра тарттым. Бірақ, домбыра - харам. Жүрекке тиді, кір екенің білінеді", - дейді видеодағы әйел.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлының айтуынша, дінді насихаттау, халықты отансүйгіштікке, имандылыққа, бірлік пен адамгершілікке шақыру мағынасында айтылған әнге рұқсат.

"Әлеуметтік желіде кейбір іні-қарындастарымыздың "домбыра шерту, беташар жасау, келіннің сәлем салуы - харам" деген мағынада айтқан пікірі қоғамда түсінбеушілік тудырып жатыр. Осыған байланысты азаматтар тарапынан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына сауалдар келіп түсіп жатыр. Ислам әлеміндегі танымал ғұламалардың бірі де бірегейі Имам әл-Ғазали мен Әбу Ханифа мәзһабының көрнекті ғалымы Абдул-Ғани ән-Нәбулусидің көзқарасы бойынша дінді насихаттау, халықты отансүйгіштікке, имандылыққа, бірлік пен адамгершілікке шақыру мағынасында айтылған әнге рұқсат. Ал адамға жаман ой тастайтын, арақ пен әдепсіз іске үндейтін ән айтуға шариғатымыз тыйым салған. Ғұлама Абдул-Ғани ән-Нәбулуси өзінің кітабында: "Пайғамбарымыздың кейбір хадистеріндегі әуенге байланысты тыйымдар осындай теріс бағытқа жетелейтін әуендерге байланысты болса керек" (әл-Имамул-әкбар Махмуд Шәлтут, Әл-Фәтаауа. 355-бет) деп жазады", - делінген жауапта.

Сондай-ақ, ол ұлттық құндылықтарға қарсы келу дұрыс емес екенін жеткізді.

"Сан ғасырдан бері Ислам дінін ұстанып келе жатқан қазақ халқы ұлттық аспабымыз - домбыра арқылы ән, терме-толғау шырқап, тыңдаушыны имандылыққа, ізгілікке, адамгершілікке, Отанды қорғауға, ата-анамызды қадірлеуге шақырған. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әлеуметтік желі қолданушыларын "домбыра шерту, беташар жасау, сәлем салу - харам" деген мағынада біржақтама, негізсіз пікір айтып, халық арасында түсінбеушілік тудырмауға үндейді. Ұлттық құндылықтарға қарсы келу дұрыс емес екенін мәлімдейміз", - делінген жауапта. 

Еске салайық, бұған дейін мұндай пікірге белігілі айтыскер Айшолпан Тілеутай пікір білдірген еді. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек