- Негізгі бет
- LifeStyle
- Ауызды тұзбен шаю,...
Ауызды тұзбен шаю, тіске алоэ басу: қандай халықтық әдістер шынымен де тіс ауыруын басады?
Тіс кейде күтпеген уақытта ауырады. Кейде тіпті тіс дәрігеріне қаралуға мүмкіндік болмайды, сондай кезде адамдар тіс емдеудің балама әдістерін іздейді. Алайда халықтық әдістер дәстүрлі стоматологияны алмастыра ала ма? Бұл сұраққа Doctorpiter порталына тіс дәрігері Тимур Басыров жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Көп адам тіс проблемаларын шешудің балама әдістерін іздейді. Біреулер тіс дәрігерлерінен қорқады, ал басқалардың дәл сол сәтте дәрігерге қаралуға мүмкіндігі болмайды. Себебі тіс еңбек демалысы кезінде, түнде немесе жүктілік кезінде ауыруы әбден мүмкін. Сол кезде адамдар тісті уақытша табиғи құралдармен емдеуді жөн көреді. Қандай халықтық әдістер тіс ауыруын басуға көмектесуі мүмкін?
"Тісжегіні халықтық әдістермен емдеу мүмкін емес екенін бірден айтайын. Бұл жерде дәлелденген, дәстүрлі ем қажет: сапалы пломба салу және ауыз қуысы гигиенасы", - дейді Тимур Басыров.
Алайда дәрігердің айтуынша, халықтық әдістер ауыз қуысының жалпы фонын жақсартуға, сәйкесінше, тісжегінің даму қаупін азайтуға көмектесе алады. Балама әдістерді стоматологиялық аурулардың алдын алуға және кей ауруларды кешенді емдеу кезінде қолдануға болады.
Қатты ауырсыну
"Ең кең тараған халықтық әдіс ретінде ауызды тұзбен және ас содасымен шаюды айтуға болады. Ол қабыну процесін азайтуға және қатты ауырсынуды басуға көмектеседі. Сондай-ақ кейде ара желімін ауырып тұрған тіске басып компресс жасауға кеңес береді", - дейді дәрігер.
Тістің қанауы
"Ауызды емен қабығы тұнбасымен шаюға болады. Ол қабыну процесін басуға, жазылуды жылдамдатуға және шырыштының тітіркенуін азайтуға көмектеседі", - деп кеңес берді Тимур БАсыров.
Ауыздағы жағымсыз иіс
"Ауыздағы жағымсыз иісті жалбыз жапырақтарын шайнау арқылы уақытша кетіруге болады. Кешенді ем кезінде ауызды түймедақ, емен қабығы, сәлбен шөптік тұнбаларымен шаюға болады", - дейді стоматолог.
Стоматит
"Ауыз қуысындағы ойық жаралардың ауыруын басу үшін және олар тез жазылу үшін ауызды түймедақ, сәлбен, қырмызыгүл, мыңжапырақ, итбүлдірген тұнбасымен шаю көмектеседі. Сондай-ақ ауыздағы жараларға алоэ басу ұсынылады", - деді маман.
Алайда дәрігер өздігімен емделу қауіпті екенін ескертті. Себебі қандай да бір өсімдік бір ауруды басқанымен, келесі ауруды ушықтыруы немесе препараттардың жұмысын бұғаттауы мүмкін. Сондықтан тіс дәрігеріне қаралуды созбаған жөн.
Ауыздан шығатын жағымсыз иіс неден пайда болады?
А. Жапатова