- Негізгі бет
- LifeStyle
- 9-сынып & 11-сынып:...
9-сынып & 11-сынып: мектепті қашан аяқтаған дұрыс?
Жаңа оқу жылында 9-сыныпқа көшетін оқушыларды мазалайтын сұрақтардың бірі – 9-сынып аяқтап, колледжге түсу немесе 11-сыныпқа қалып, ҰБТ-ға дайындалу. 9-сынып пен 11-сыныпты аяқтаудың артықшылықтары мен кемшіліктері қандай? 19 жылдық тәжірибесі бар ұстаз Саят Ибраимов Нұрқасымұлы оқушыларға шешім қабылдауға көмектесетін пайдалы кеңестерін бөлісті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Саят Ибраимов оқушыға шешім қабылдауға көмектесу үшін екі бағыттың траекториясын ұсынуға кеңес берді.
"Көмек ретінде оқушыға үлгі ретінде екі жолдың да мерзімді траекториясын сызып көрсету керек секілді. Кәсіптік білім алып, тәжірибе жинау маңызды ма әлде мектептегі оқуын жалғастыра отырып алған білімін пысықтап, ҰБТ-ға дайындалу арқылы грантқа түсу маңызды ма? Артықшылығы мен кемшілігі қандай, қай бағыт мейлінше көбірек пайдалы болады, не ұтады, неден ұтылады? Осы сұрақтардың жауабын айқындап ашып берсе, ары қарай оқушы өзі таңдау жасауы қажет", - дейді ұстаз.
9-сынып аяқтаудың артықшылықтары мен кемшіліктері
Ұстаз Саят Ибраимов 9-сынып аяқтаудың артықшылықтарын атады.
"Мектеп оқушылары колледжге түскенде "оқушы" позициясын артта қалдырып, "студент" деген атты иеленеді. "Студент" деген сөздің өзі "ізденуші" дегенді білдіреді. Өзіне қажет білімді іздеп, өзі үшін әрекет етуді үйренеді. Демек, мектептегідей мұғалімдердің қадағалауы мен ата-ананың әлпештеуі емес, мұнда қоғам игілігі үшін қызмет ететін саналы азамат ретінде қалыптасудың баспалдағы басталады. Мектептегі сыныптастары студенттік өмірдің дәмін сезінуге енді аттанғанда олар колледж бітіріп, кәсіптік білімін алып, үлкен өмірге қадам басуға дайын тұрады. Колледждегі екі жылдық өмірде ортамен қарым-қатынас құрып, мамандығы бойынша теориямен қатар тәжірибе жасау арқылы білімін толықтыруға үлкен мүмкіндік алады", - дейді маман.
Маман қоғамда "11-сыныпты аяқтаған дұрыс" деген стереотип бар екенін айтты.
"Қоғамдық пікір 11 жылдық білім беру жағында, бірақ оған қарағанда, шын мәнінде орта арнайы білім алу одан артық болмаса, еш кем емес. Біріншіден, мектептің 9 жылы ішінде бала әлем туралы барлық қажетті білімді және қоғамның толыққанды мүшесі болу үшін жеткілікті қарым-қатынас тәжірибесін алады. 10 және 11-сынып бағдарламасы меңгерілгенді қайталау, бекіту және тереңдету. Демек, қосымша білім қажет болуы мүмкін жоғары білім беруде өз жолын нақты анықтаған оқушылар үшін колледжде білім алу көбірек қолайлы", - дейді ұстаз.
Алайда Саят Ибраимов дұрыс орта табу маңызды екенін ескертті.
"Егер колледж студенті атанған сәттен өзінің даму жоспарын анықтап, артық жүріс пен теріс әрекеттерден сақтанбаса, дұрыс орта таппаса, өмірде көп қиындықтарға тап келуі мүмкін", - дейді ол.
11-сынып аяқтаудың артықшылықтары мен кемшіліктері
Саят Нұрқасымұлы 11-сынып аяқтаудың артықшылығын атады.
"Университет қабырғасында білім де, диплом да алуға болады. Академиялық білім кәсіптік білімге қарағанда жоғары тұрады. Кәмелеттік жасқа келіп, жеке құжатын алған соң ересек өмірге дайындық басталады. Ата-анасының қамқорлығы мен жылы ұясынан ажырау процесіне жайлап үйрене бастайды. ҰБТ-ға дайындық барысында мақсатқа ұмтылу, табандылық, байқау сынақтарын тапсыру арқылы өмірлік сынақтарға сынбауға еті үйреніп, болашақ өмірге қажет иммунитет қалыптастыра алады. Мектепті аяқтап, бірден жоғары оқу орнына түсуге жолдама алады", - дейді ол.
Алайда ұстаз көпшілік оқушы үшін ҰБТ-ға дайындалу күйзеліспен қатар жүретінін жасырмады.
"Кей оқушылар үшін ҰБТ-ға дайындалу, университетке түсу үлкен стресс болуы мүмкін. Жатпай-тұрмай оқу, сынақтардан жоғары балл алу, ата-анасы мен ұстаздарының артқан сенімі мен үмітін ақтау деген мойнында үлкен жауапкершілікті сезінеді. Мұндай жағдайда оқушыға отбасы мен ұстаздары, достарының қолдауы маңызды. Тіпті, психологтың кеңесіне жүгіну де артық етпейді", - дейді Саят Ибраимов.
9-сынып аяқтап, колледжге түскен оқушы ерте есейеді
"Ерте есеюдің артықшылықтары бар. Колледжге түскен оқушы жаңа ортаға тез бейімделеді. Өз бетімен тіршілік етуді үйренеді. Қоғамда түрлі адамдармен еркін коммуникация жасауға бейімделеді. Ересек адам ретінде өзі үшін жауапкершілік алуды үйренеді, - дейді ұстаз. - Ал кемшіліктеріне келсек, жасөспірімдердің кейбірі есею деген осы екен деп, теріс жолға түсіп кетуі ықтимал. Қадағалайтын ата-анасы алыста болып, жол көрсететер ұстазы болмаған соң еркіндіктің дәмін сезген студент қалаған іспен айналысып, қателіктерге ұрынып қалып жатады".
Жұмыс берушілердің жұмысқа ЖОО аяқтаған маманды алғысы келетіні рас па?
"Менің ойымша, бұл қоғамда қалыптасып қалған стереотип. Жұмысқа алатын маманның қағазына емес, білімін іс жүзінде қолдана алуына мән беру керек деп ойлаймын. Бағалардың тізбесі маманның іскерлігінің, кәсібилігінің өлшемі болмаса керек. ЖОО-ны бітірген соң қолына дипломын алып, жұмыс таппай, төрт жылдық білімі тот басып, басқа саланың тізгінін ұстап жүрген талай жасты көрдім, десе де дипломның түсі мен ішіне қарайтын жұмыс берушілер де жоқ емес, себебі жоғары оқу орнының атының да, беретін білімінің де орны бөлек. Мүмкіндіктерді көре білетін студентке маман ретінде қалыптасу мен жан-жақты дамуға түрлі есіктердің дәл ашылатын кезі де осы кез. Анық бір ақиқат: құрғақ теориядан гөрі тәжірибесі мол, өз ісін шынайы сүйетін, еңбек етемін деген жас маман қоғамда қашан да сұранысқа ие болады", - дейді Саят Ибраимов.
Оқушы қандай мамандықты игергісі келетінін қалай біле алады?
Ұстаз Саят Ибраимов Нұрқасымұлы оқушыларға мамандық таңдауға көмектесетін бірнеше пайдалы кеңес ұсынды:
Біріншіден, таңдаған мамандығы еліне де, өзіне де пайдалы болуы керек.
"Қаншалықты үйреніп-білгенімді елге бере аламын?", "Бұл істі еш жалықпастан сүйіспеншілікпен істей аламын ба?" деген сұрақтардың жауабын анықтап алуы керек. Адам мамандығын жақсы көрсе, ісін ұнатса болашақтағы жұмысы, қызметін сүйсініп жүріп істеп, талай биіктерді бағындыратын болады. Ал мемлекеттік грант иегері атанып, әйтеуір ұнамаса да, бұйырғаны осы екен деп, құлықсыз оқып шыққан түлек қызметке тұрған соң жұмысын жақсы көріп емес, сүйретіліп келетін жұмыскерлердің санын көбейтеді. Ол салада өсу де болмайды.
Екіншіден, оқушы бойында бар қабілеттерге қарау керек.
Оқуға арналған уақыт пен қабілетті өлтіретін емес, энергияны дұрыс арнаға бұрып, потенциалын ашатын, қабілет пен дағдыларын дамытатын мамандықты таңдаса қателеспейді.
Үшіншіден, оқушы ең жақын адамдарымен, мысалы, ата-анасымен, ұстазымен ақылдасуы керек.
Өзінің қалауын ашық айтып, ары қарай соны жүзеге асыру үшін не істеу керек, қалай істеу керек, қай бағытта жүру керегін ортаға салып, олардың пікірін, ойын тыңдап, ортақ бір шешім шығару дұрыс болады.
Кей оқушылар өзі кім болатынын білмей, әркімге бір жалтақтап жүреді. Өз арманы мен қалауын ішке бүгіп, ата-анасы таңдап берген жолмен жүру де студенттің ертеңгі күні төрт жылдық оқуды ойдағыдай тәмамдап, білімді әрі білікті маман ретінде адал еңбек етуіне кепілдік бола алмайды. Мұндай жағдай орын алмас үшін ата-ана мен ұстаз өздерінің нұсқаларын ұсына бермей, оқушының ішкі қалауын ескеріп, қабілетіне сай кеңестер беруі тиіс.
Төртіншіден, оқушыға мамандықтарды жан-жақты таныстырып, жұмыс орнын көзімен көруіне мүмкіндік жасау керек. Сол кезде оқушыда болашақ жолының көрінісі пайда болып, бағыты айқындалады.
Шетелде тегін оқу: отбасылы студенттерге арналған 6 стипендия
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
А. Жапатова