- Негізгі бет
- LifeStyle
- Мидың қартаюы: оны...
Мидың қартаюы: оны баяулатудың қарапайым 5 жолы
Біздің ағзамыз үздіксіз қартаю үстінде болады. Әдетте, әжімге қарсы тері күтіміне аса мән береміз де, көзге көрінбейтін нәрселерге, мысалы, мидың қартаюы жайлы ойлана бермейміз. Ми қартайса, есте сақтау мен когнитивті қабілеттер нашарлайды. Сондықтан оның алдын алу жолдарын біле жүріңіз.
1. Оқуды тоқтатпаңыз
Ми үшін ең жақсы белсенділік – ол білім алу. Жаңа ақпарат меңгеру және жаңа дағды үйрену кезінде мида жаңа нейрондық байланыстар түзіле бастайды: ол жақсы есте сақтау қабілеті үшін маңызды. Көпшілік қарт кісілер "бізге енді оқудың не қажеті бар" деп ойлайды, соның салдарынан олардың миы жиі ерте қартаяды.
Миды жаттықтыру үшін кез келген нәрсені оқуға немесе үйренуге болады. Мысалы, шет тілін оқу немесе тігіп үйрену. Бастысы, миға жаңа ақпарат үздіксіз келіп тұруы керек. Шығармашылық дағдыларды меңгеру де есте сақтауды жақсартуға көмектеседі. Мысалы, жаңа би түрін меңгергіңіз келетін шығар?! Солайша жағымды нәрсені пайдалымен үйлестіре аласыз.
2. Дұрыс тамақтаныңыз
Көкөністерге, жемістерге, дәнді дақылдарға және бұршақ дақылдарына бай диета миды сау ұстауға көмектеседі. Балық, жаңғақтар, зығыр дәндерін немесе омега-3 май қышқылдарының басқа көздерін жеу де оның жұмысын жақсартуға көмектеседі. Бірақ қандағы қанттың жоғары деңгейі қант диабетін немесе деменцияның даму қаупін арттыруы мүмкін. Сондықтан тәтті газдалған сусындарды және тәтті сияқты қантты тағамдарды азайтыңыз. Алкогольден бас тартыңыз, себебі ол есте сақтау мен ойлау қабілетіне жағымсыз әсер етеді.
3. Ұйқыны қандырыңыз
Ми дұрыс жұмыс жасауы үшін тәулігіне 7-9 сағат ұйықтау маңызды.
4. Күйзелісті азайтыңыз
Күйзеліс деңгейін төмендету есте сақтау қабілетін жақсартады. Қысқа мерзімді естеліктерді ұзақ мерзімді естеліктерге айналдыруға жауап беретін ми бөлімінде стресс гормоны кортизолмен байланысатын көптеген рецепторлар бар. Бұл жағдайда есте сақтау процестері бұзылып, эмоционалды сала зардап шегеді.
5. ББҚ (БАД) ішу жайлы дәрігер кеңесін алыңыз
Заманауи қарбалас заманда миға өмір сүру қиын. Сондықтан ми жұмысын қосымша қоспалар арқылы жақсартуға болады. Мысалы, В6, В9 және В12 дәрумендері, Е дәрумені және омега-3 май қышқылдары ми жұмысына пайдалы. Алайда мұндай қоспаларды өздігінен ішу қауіпті. Міндетті түрде дәрігер кеңесі қажет. Дәрігер анализ нәтижесіне қарап, ағзаңызға ол қажет пе, жоқ па анықтайды.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандық терапевт неліктен "БАД"-ты дәрігер кеңесінсіз ішуге болмайтынын айтқан болатын.
А. Жапатова