"Өліп кете жаздадым". Энергетикалық сусыннан зардап шеккен қыздың хикаясы

"Өліп кете жаздадым". Энергетикалық сусыннан зардап шеккен қыздың хикаясы
Фото: тик-ток\hinatakkim

Әлеуметтік желіде энергетикалық сусындарға тәуелді болған қыздың ауруханадан бір-ақ шыққан видеосы тарады. Қызылорда қаласының 18 жастағы тұрғыны тәулігіне 3-4 "горилла" ішуге дағдыланып кеткен. "Энергетикалық сусыннан сап-сау денсаулығымды құрттым" деген Аңсаған Айтжанмен Massaget.kz тілшісі  арнайы сұхбаттасты. 

Мен горилланы өте көп ішіп әдетке айналдырдым. Басында мұндай сусынның бір-екеуін ғана ішіп жүретінмін. Кейде күніне үш-төртеуін бірден ішіп қоятын сәттер болды. Мен сол мезетте тәуелді болып қалғанымды түсіндім. Қолыма ақша түссе болды сол сусынды ішуге құмартып тұратынмын. Горилладан өліп жатқан адамдарды естіп жүрсем де, мән бермейтінмін. Себебі өзіме зияны түк сезілмейтін. 

Үйге терезеден кіргізіп ішетінмін 

Өзім студентпін, жатаханада жатамын. Үйдегілер ақша салса бірден толтырып горилла сатып алатынмын. Себебі ауылда үйдегілер маған мүлде горилла ішкізбейтін. Оған тәуелді болғаным соншалық, ол сусынды үйге терезеден кіргіземін.

Фото: тик-ток\hinatakkim

3 күн бойы қызуым түспеді. Өлдім-ау осы деп ойладым

Сөйтіп күндер өтіп жатты. Горилланы күнде ішіп жүрдім. Бір күні үстіме толып жара шықты. Мен алғашында горилладан шықты деп ойламадым. Содан соң, 2-3 сағаттан кейін температурам 40 градусқа көтерілді. Орнымнан тұра алмай қалдым. Жүрегім қатты шыншыды, шыдамадым, өлдім-ау осы деп едім... Температурам 3 күн бойы мүлде түспеді. 38-40 болып тұра берді. Қанша дәрі ішсем де басылмады. Оның үстіне, денеме жара қаптап кетті. 

Фото: тик-ток\hinatakkim 

"Горилланың" кесірі деп мүлде ойламадым

Содан кейін үйдегілер үстімдегі жараны көріп шошып кетті. Бірден қалалық ауруханаға алып келді. Менің ойымда ештеңе жоқ. Осы ауырғаным горилланың кесірінен деген ой мүлде болмапты. Ауруханаға келгеннен кейін дәрігерлер тексеріп, қызуды түсіретін екпе салды. Бірақ қызуым түспеді. Анализ тапсырып, оның қорытындысын тағы бір күн күтуге тура келді. 

Фото: тик-ток\hinatakkim

Ертесіне дәрігерлер энергетикалық сусынның салдары екенін айтты. Мен тіпті тамақтың орнына горилла ішетінмін. Біраз салмақ та тастағам.

"Тамақ ішпей жүрегің отырған. Дер кезінде келгенсіңдер. Әйтпегенде өліп кетуің мүмкін еді",- деді дәрігерлер. 

Фото: тик-ток\hinatakkim 

"Маған аллергия берген екен. Жараның да толып кеткені сондықтан. Үйдегілер де "неге ішесің" деп ұрысып жатты. Күніне 3-4 екпе, 2-3 укол салды. Қазір алдағы оқуыма байланысты ауруханадан шығып кеттім. Денсаулығым жақсарып келеді. Бірақ жүректі жақсартатын дәрілер алуым керек. Бұл ауырғанымнан кейін мүлде газды сусындарға жоламайтын болдым. Сіздер де энергетикке жоламаңыздар. Бір күні болмаса, бір күні өліп кетулеріңіз мүмкін. Мен өлім қала жаздадым" дейді энергетикалық сусыннан зардап шеккен қыз. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Зинешов