- Негізгі бет
- LifeStyle
- Балаңыз мектепке баруға...
Балаңыз мектепке баруға дайын екенін қалай түсінуге болады?
Баланы бірінші сыныпқа алты жастан беру немесе тағы бір жыл күте тұру - көпшілік ата-ананы мазалайтын сұрақ. Ата-аналар шешімді әдетте баланың тек зияткерлік дамуын ескере отырып қабылдайды. Алайда баланың мектепке дайын немесе дайын емес екенін түсіну үшін басқа да көрсеткіштерге мән беру қажет. Massaget.kz баланың мектепке дайын екенін түсіну үшін қандай көрсеткіштерге мән беру керегін ұсынады.
Зияткерлік дайындық
Бұл көпшілік ата-ана бірінші мән беретін нәрсе: білім, есте сақтау, зейін қою, ойлау, қиялдау және сөйлеу деңгейі. Ғаламторда кең тараған тесттер баланың осы тұсын бағалайды. Егер бала барлық тапсырманы жақсы орындаса, ата-анасы оны мектепке беруге шешім қабылдайды. Алайда баланың мектепке дайындығының басқа тұстарын елемей қоюға болмайды. Сондай-ақ ата-аналар баласын ерте дамыту мақсатында оны көптеген үйірмеге тасиды. Әрине, баланың дамыту жұмыстарымен айналысқаны жақсы, бірақ барлық нәрседе шама болу керек және мұндай үйірмелер баланың жасына сай таңдалуы керек. Сонымен қатар, балада ойнауға, қиылдауға бос уақыт болуы керек. Әйтпесе, бәрін біліп барған бала оқудан жылдам жалығып кетуі мүмкін.
defectologiya.pro
Баланың зияткерлік дайындығын үйде графикалық диктант көмегімен анықтауға болады.
Психологиялық дайындық
Зияткерлік деңгейі жоғары балалардың өзі жиі бірінші сыныпқа баруға психологиялық тұрғыда дайын болмайды. Әдетте, жалпы психологиялық дайындық жеті жастан кейін қалыптасады.
Егер бала қандай да бір тапсырманы орындап, 20 минут бір орында отыра алмаса, зейінін бір нәрсеге қоя алмаса, нұсқаманы есте сақтамаса, үлгі бойынша жұмыс жасай алмаса, кез келген нәрсеге алаңдаса, оның оқуында қиындықтар туындайды. Мұндай жағдайда балаға артық күш түсірмеуге тырысыңыз, уақытша қосымша үйірмелерін тоқтата тұрыңыз және баланың көңіл күйіне мән беріп, онымен бірге көбірек уақыт өткізіңіз.
Физикалық дайындық
Білім алу - тек ақыл-ой емес, сондай-ақ қиын физикалық жұмыс. Бала ауыр рюкзак көтеріп жүруге, үйде және мектепте партада ұзақ отыруға мәжбүр. Ағзаның функционалды жүйелері мұндай жүктеме үшін жеткілікті түрде қалыптасқан болуы керек.
multiurok.ru
Баланың физикалық дайындығын мына әдістермен тексеріп көріңіз:
- "Филиппин тесті". Бала сол қолын басының үстімен өткізіп, алақанымен оң жақ құлағын жабуы керек. Егер алақан құлақты толықтай немесе бір бөлігін жауып тұрса, бала бойының өсу процесі басталған және физикалық тұрғыда ол мектеп жүктемелеріне дайын. Егер алақанымен құлағын жаба алмаса, балаға партада отыру және зейін қою қиын болуы мүмкін.
- Тістеріне қарап тексеру. Азу тістер саны баланың физиологиялық жетілгендігін көрсетеді. Олар қаншалықты көп болса, оның сүйек жүйесі ұзақ жүктеме үшін жақсы қалыптасқан.
Әлеуметтік дайындық
Бала ересектермен де, құрдастарымен де сөйлесе білуі керек және қоғамда белгіленген ережені қабылдай алуы қажет. Егер бала құрдастарымен белсенді ойнаса, айналадағы нәрселерге қызықса және көп сұрақ қоятын болса, бұл оның әлеуметтік дамуын көрсетеді. Егер бала өтінішті нашар қабылдаса, ережелерді бұзуға үйреніп қалса, құрдастарымен ортақ тіл таба алмаса, оның мектепке бейімделуі қиын болуы мүмкін.
Мұндай проблема әдетте балабақшаға бармаған балаларда кездеседі. Олар сұрақ қоюға ұялуы немесе ересек адамнан көмек сұрауға қысылуы мүмкін. Сондай-ақ балалармен бірге ортақ нәрсе жасай алмауы мүмкін. Бірақ бұл баланың мектепте оқи алмайтындығын көрсетпейді, бұл кезде ата-ана мен мұғалім тарапынан көбірек жұмыс істеу талап етіледі.
Сонымен қатар, бала қарапайым тұрмыстық дағдыларды білуі керек: бау байлай алу, спорттық киімін кие алу, мектеп құралдарын сөмкесіне салу, қолын жуу және бірдеңені өздігінен істей алмаса ересектен көмек сұрай білуі керек.
А. Жапатова