- Негізгі бет
- LifeStyle
- Жалақы айдың соңына...
Жалақы айдың соңына дейін жету үшін не істеу керек? 7 пайдалы кеңес
Жалақыңыз айдың ортасына жетпей бітіп қала ма? Бұл көпшілікте кездесетін проблема. Ақшаны келесі жалақыға дейін жеткізу үшін не істеу керек? Бірнеше пайдалы кеңес ұсынамыз.
1-кеңес: кірістің 10%-ын алып қою
Міндетті түрде кірістің 5–10%-ын жинап отыру керек. Оны, мысалы, банк депозитіне салуға немесе конвертке жинауға болады. Біраз уақыттан соң оны арманыңызды орындауға жұмсай аласыз. Мысалы, үй сатып алу немесе шетелге демалу.
2-кеңес: 3 күн ойлану
Қандай да бір зат немесе қызмет алмас бұрын жақсылап ойланыңыз. Бірдеңе сатып алмас бұрын өзіңізге ойлануға 3 күн беріңіз: "Мен бұл затсыз өмір сүре аламын ба?", "Оның қажеттілігі бар ма?" және т.б. Себебі көпшілік ойланбастан затты кредитке ала салады да, кейін жалақысының көп бөлігін кредитке беріп, келесі айдың жалақысына дейін ақшасыз жүреді. Мысалы, интернет-дүкеннен киім алатын болсаңыз, таңдаған киімдеріңізді кәрзеңкеге салып қойыңыз. Бір күн өткеннен кейін кәрзеңкедегі киімдерді бір қарап шығыңыз, сізде міндетті түрде қажет емес киім шығады. Оны өшіріп тастап, бір күннен кейін тағы да қараңыз. Осылайша, кәрзеңкеде тек шынымен қажет киімдер қалады.
3-кеңес: шығындар тізімін жасау
Ақшаның келесі жалақыға дейін жетуі адамның тәртібіне байланысты. Айына қанша ақша құртатыныңызды түсініп алыңыз. Ол үшін шығындар тізімін жасаңыз. Ұялы телефонға жазба бастап, бір ай бойы шығындарыңызды жазып жүріңіз. Содан соң олардың қасына "міндетті" және "міндетті емес" деп жазып шығыңыз. Міндеттіге тамақ, пәтер, жол және т.б жатса, міндетті емеске мейрамхана, кафе, кинотеатр және т.б кіреді.
4-кеңес: міндетті емес шығындарды қысқарту
Шығындар тізімін қараңыз да, міндетті емес шығындардың ішінен қайсысына ақша көп кетіп тұрғанын анықтаңыз. Сордан соң мүмкін болса, оны азайтуға тырысыңыз. Бұл кафеге немесе кинотеатрға мүлдем барма деген сөз емес, тек олардың санын азайтыңыз.
5-кеңес: қосымша кіріс көзін табу
Мысалы, фрилансер болып жұмыс істеуге болады. Бұл кезде қосымша жұмысты негізгі жұмыстан кейін кешкісін немесе демалыс күндері жасай аласыз.
6-кеңес: шығындарды бақылайтын арнайы қосымша жүктеп алу
Мұндай қосымшаларда қолданушы өзінің бюджетін және оны қай күнге дейін жеткізу керегін көрсетеді. Қосымша күндіз жұмсауға болатын соманы есептеп шығарып береді. Содан соң қолданушы күнде шығындарын жазып отырады.
7-кеңес: кей әдеттерді өзгерту
Шығынды көбейтетін әдеттерден арылыңыз. Мысалы, түскі асты сырттан ішпей, күнде үйден дайындап әкеліңіз. Таксимен жүруді азайтып, қоғамдық көлікпен қатынаңыз. Жоспарланбаған заттарды сатып алмау үшін дүкенге шықпас бұрын тамақ ішіп алыңыз.
А. Жапатова