"Менің өмірімде екі әйел бар". Кәсіпкер Мұхтар Жәкішев жеке өмірі жайлы сұрақтарға жауап берді

"Менің өмірімде екі әйел бар". Кәсіпкер Мұхтар Жәкішев жеке өмірі жайлы сұрақтарға жауап берді
Фото: facebook

"Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының экс-басшысы, кәсіпкер Мұхтар Жәкішев жеке өмірі жайлы сұрақтарға жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазақстандық кәсіпкер және саясаткер Болат Әбілов өзінің facebook парақшасында досы Мұхтар Жәкішевті сәбилі болуымен құттықтап жазған болатын.

"Менің "өмір енді басталып жатыр" деген жеке ұраным досым, жаныма жақын адам Мұхтар Жәкішевтің өміріндегі қуанышты оқиғамен бір сарында естіледі. Мұхтарды қызды болуымен шын жүректен құттықтаймын және ол үшін қуаныштымын. Бұл жаңа өмір, болашаққа сеніммен қарайтын жаңа жол. Өмір енді басталды, біз енді оны нақты білеміз", - деп жазды кәсіпкер.

Алайда бұл жазбамен бірге жарияланған суретке көпшілік наразылық білдіріп, Желіде қызу талқыланды. "Бауы берік болсын" деп құттықтағандармен қатар, кәсіпкердің жанында отырған әйелге қатысты жағымсыз пікірлер жазғандар да көп болды: "Он бір жыл бойы сарғая күткен әйелі не болды сонда? Ажырасып кетті ме? Егер солай болған болса, бірінші әйеліне қиын болған екен", "Жамила қайда?" және т.б.

Кәсіпкер Мұхтар Жәкішев Арманжан Байтасовтың Youtube-арнасындағы сұхбатында жақында тағы бір баласы дүниеге келгенін растап, жеке өмірі жайлы сұрақтарға жауап берді.

"Сәлеметсіздер ме, құрметті жолдастар! Құдайға шүкір, қызымның жағдайы жақсы. Жақында дәрігер келіп кетті, барлығы жақсы. Құттықтауларыңызға рақмет!", - деп растады кәсіпкер.

Кәсіпкер қызының есімін қалай қойғанын айтты.

"Есімін "Айриса" деп қойдық, Менің балаларымның есімдері "ай"- дан басталады ғой. Дәстүрді бұзбай, кіші қызымды да солай атадық. Бұл "айдың әміршісі" деген мағынаны білдіреді. Сондай-ақ оны анамның есіміне ұқсатып қойдық. Анамның есімі - Райса. Философиялық тұрғыда қарасақ, анам өмірден кетті, жаңа адам келді дегендей. Әрине, бұл оның орнын ауыстырады деген сөз емес. Десе де, бұл анама деген құрмет", - деп жауап берді Мұхтар Жәкішев.

Сондай-ақ кәсіпкер көпшілік арасында қызу талқыланған сұраққа да жауап берді.

"Мен жеке өмірім жайлы көп айтпаушы едім. Мен де әлеуметтік желілердегі менің өмірім жайлы қауесеттерді оқыдым. Сондықтан нақтылап айтуды жөн көрдім. Жәмиламен біз ресми түрде 2013 жылы ажырастық. Бірақ құжат рәсімдеу жағы басымдағы жағдайларға байланысты созылып кетті. Десе де, мен шыққанда Жәмила екеуіміз бөлек тұруға шешім қабылдадық. Не үшін? Білмеймін, бұл өмір. Жәмила менсіз өмір сүруге үйреніп қалды, балалар менсіз өсті. Мен мұның бәрін жақсы түсінемін. Бірақ бұған қарамастан біздің қарым-қатынасымыз жақсы болып қалды. Біз доспыз, ол маған жақын адам. Ол менің балаларымның анасы. Балаларым тәрбиелі, білімді болып өсті. Мұның бәрі - Жәмиланың еңбегі. Осы уақыт аралығында ол менсіз бала тәрбиесін мойнына алды. Қиын болғанын түсінемін.

Мені қамауға алғанда кіші балам 9 жаста болды. Бостандыққа ол 20-ға толғанда шықтым. Осы жерде айта кететін жайт, біз ресми түрде ажырассақ та, бір-бірімізге деген қарым-қатынасымыз, байланысымыз сол қалпында қалды. Жәмила менің бостандыққа шығуыма ерекше үлес қосты. Ол менің процесіме назар аудартты, халық алдына шықты.

Ал Динара менің өміріме 2015 жылы келді. 2016 жылы қызымыз дүниеге келді. Оны әлеуметтік желіде көріп те жүрген шығарсыздар. Есімі - Айлин. Алғаш Айлинді 30 күндігінде көрдім. Кейін Динара әр 3 ай сайын кездесуге алып келіп тұрушы еді. Өзіңіз елестетіп көріңіз, Қарағанды, қаладан 38 километр жер, үлкен сөмкелермен, кішкентай баламен келетін. Ол ешбір кездесуден қалмайтын.  Бұл мен үшін үлкен қолдау болды. Қиындықты жеңіп шығуыма дем берді. Өйткені ол да баланы жалғыз өсірді. Бүкіл қиындық мойнына түсті. 4 жыл бойы қызымызды өзі өсірді. Оған қоса, ол кезде менің болашағым белгісіз болатын, қашан шығарады, тағы мерзім қоса ма, ештеңе білмедік. Бірақ махаббат Динараға осы таңдауды жасауға мүмкіндік берді деп ойлаймын. Динараның осы жақсылығы үшін алғысым шексіз.

Менің өмірімде ең басты екі әйел – бұрынғы жарым Жәмила және қазіргі әйелім Динара. Осы екі әйелдің арқасында мен қиындықтарға қарсы тұра алдым, өзгермедім, сынып кетпедім. Бұл 11 жыл изоляцияны өткеруіме көмектесті. Сол үшін мен оларға тек алғысымды айта аламын", – деп түсіндірді Мұхтар Жәкішев.. 

Айта кету керек, Мұхтар Жәкішевтің бірінші әйелінен бес баласы бар: Айгерім, Алтынай, Айдай, Айсұлу есімді қыздары және Айтөре есімді ұлы.

Естеріңізге сала кетейік, 2010 жылдың 12 наурызында сот Жәкішевті сыбайлас жемқорлыққа кінәлі деп танып, 14 жылға бас бостандығынан айырды. 2020 жылы Семей соты "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК» АҚ бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырды.

А. Жапатова