Шымкент тұрғыны Фатима Нұрғалиқызы көлік тізгініне алғаш рет 64 жасында отырған. Содан бері көлік сенімді серігіне айналыпты. Қазір қала ішінде ғана емес, алыс аудандарға да сапар шегіп тұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Ақжаулықты әже "жолға күн сайын дұға оқып шықпасам, өзімді жайсыз сезінемін", - дейді.
"12 жылдан бері көлік айдаймын. 64 жасқа келгенде автомектепке барып оқыдым. Үйреніп кеттім. Қазір беймарал айдаймын. Кейбіреулері бағдаршамға тоқтаған кезде "апа, жарысайық" дейді. "Жоқ, жарыспа, ол шайтанның ісі ғой" деймін", - деді Шымкент тұрғыны.
Фатима Нұрғалиқызы көлігінің жағдайын үнемі бақылап отырады. Жөндеуге де өзі апарады. Қалада сенетін шеберханалары да бар екен.
"Көлігім бұзылар кезде өзім сеземін. Айдаған адам өзі сезеді екен ғой. Көлігім ескі болса да, ешқашан есігімнің алдында тұрып қалған емес", - дейді ол.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз