Көп адам "Жастайымда тіл үйренбесем, жас ұлғайған сайын мүмкін емес" деп ойлайды. Бірақ бұл - қате пікір. Ғалымдар кез келген жаста шет тілін меңгеруге болатынын дәлелдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Доктор Питерге" сілтеме жасап.
Неге жас кезде тіл меңгеру оңай?
Ғалымдардың айтуынша, тіл меңгерудің ең қолайлы уақыты - 0 мен 5 жас аралығы. Ал 17 жасқа дейінгі кезеңді "тіл меңгерудің шешуші уақыты" деп атайды. Өйткені баланың миы ақпаратты тез сіңіреді, бос уақыты көп, ал басқа ортаға түскенде жаңа тілге бейімделуге ынтасы артады.
Сол себепті ересектер "енді оқып қайтемін" деп ойлайды. Жады әлсірейді, есту қабілеті төмендейді деген сылтаулар айтылады. Алайда зерттеулер бұған кереғар - тіл үйренуге жас шектеу емес екенін көрсетті.
Швейцариядағы тәжірибе
2020 жылы Цюрих университетінің ғалымдары 64 жастан асқан 28 немісті жаңадан итальян тіліне үйрету үшін жеті айлық курсқа қатыстырады. Алғаш рет шет тіліне бет бұрғандар айтарлықтай жетістікке жеткен.
Зерттеу нәтижесінде күнделікті есте сақтау мен ойлау қабілеттеріндегі ауытқулар тіл меңгеруге аса әсер етпейтіні анықталды.
Қай әдіс тиімді?
Эссекс университетінің доценті Карен Роэр-Бракин 60 пен 83 жас аралығындағы ағылшынтілділерге хорват тілін үйретіп көрді. Бір топқа грамматиканы толық түсіндірсе, екінші топқа ештеңе түсіндірмей, тек жаттығу жасатты. Нәтижесінде екі топ та бірдей деңгейге жеткен: алдымен сөздерді меңгеріп, кейін грамматиканы үйренген. Орташа дәлдігі - 80 пайыз.
Яғни, жас ұлғайғанда да әдіс таңдаудың маңызы аса үлкен емес. Тіл үйрену көбіне адамның мінезі мен ынтасына байланысты. Өзін сенімді ұстағандар, жұмыс істейтін зейнеткерлер жаңа тілді тезірек меңгерген.
Ана тілі туралы не айтылады?
Кей зерттеулер жас ұлғайған сайын сөйлеу жеңілдеп, сөз табу қиындайды деп болжайды. Бірақ Цюрих университетінің геронтопсихологы Минся Ло бұл пікірді теріске шығарды.
Ол 18 бен 94 жас аралығындағы адамдардың 49 мыңға жуық қысқа аудиожазбасын талдап, сөздік қоры мен сөйлем күрделілігі жасқа емес, сөйлесіп отырған адамның жақындығына байланысты екенін анықтаған.
Жақындарымен сөйлескенде сөздік қоры да, сөйлем құрылысы да күрделі болады. Бұл көрсеткіш жастар мен егде жастағыларда бірдей. Ал бейтаныстармен сөйлескенде үлкендер қарапайым сөздер қолданады, бірақ бұл мидың әлсірегенін білдірмейді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!