Денсаулық сақтау министрлігі балаларға бағытталған фастфуд, тәтті сусындар, құрамында қант, тұз, қаныққан май мөлшері жоғары басқа да өнімдердің жарнамасын шектеу бойынша заңнамалық ұсыныстар әзірледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Үкіметке фастфуд жарнамасы мәселесін қарастыруды тапсырған болатын.
Заңнамалық бастамалардың негізгі мақсаты - балалардың тағамға деген талғамына маркетинг ықпалын азайту және ерте шақтан бастап дұрыс тамақтану әдеттерін қалыптастыруға әсер ету.
"Азық-түлік өнімдерінің жарнамасы балалар мен жасөспірімдерге айтарлықтай әсер етеді. Олар жарқын қаптамаға, әлеуметтік желілердегі блогерлердің жарнамасына және басқа да маркетинг құралдарына бейім келеді. Министрлік құрамында тұз, қант, қаныққан және трансмай мөлшері жоғары өнімдердің жарнамасын теле және радиоарналарда, әлеуметтік желілерде, сыртқы жарнама құралдарында шектеу бойынша заңнамаға өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар әзірледі", - деді Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнәр Сәрсембаева.
Министрлік мәліметінше, зерттеу дерегіне сәйкес 6-9 жас аралығындағы балалардың 23 пайызында артық дене салмағы бар, ал 6 пайызы семіздікке шалдыққан. Сонымен қатар, жасөспірімдердің 17,5 пайызы энергетикалық сусындарды апта сайын ішеді.
Заңнамаға өзгерістер енгізу жөніндегі бастама халықаралық тәжірибені, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсыныстарын ескере отырып әзірленген.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!