Алматыда бірнеше күн бұрын америкалық танымал әртіс 50 Cent-тің концерті өтті, оған әр елден келген жанкүйерлер жиналды. Концерт, әсіресе, павлодарлық Дархан Бегімтаев үшін естен кетпестей болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengri Life-қа сілтеме жасап.
Әртіс концерт кезінде образдарын жиі ауыстырған. Бір кезде хип-хоп орындаушы басындағы аппақ кепкесін көпшілік тұрған жаққа лақтырып жіберді. Бас киімді 35 жастағы қазақстандық Дархан Бегімтаев қағып алған.
Бағалы сыйлықтың иегері атанған Дархан рэпер жанкүйерлерінің назарына бірден ілікті. Адамдар оны сол күні кешке әлеуметтік желіден іздей бастаған.
35 жастағы қазақстандық кепкені өзінде қалдыруды ұйғарыпты.
"Сату туралы ұсыныстар сағат сайын түсіп жатыр. Маған бір адам хабарласып, 20 миллион теңге ұсынды. Бас тарттым. Жаңа Hyundai көлігін де ұсынды, үлкен сомадағы ақшаны, сосын пәтерді ұсынды. Сату жоспарымда жоқ, бұл естелік қой. Кепкені өзіме қалдырамын. Оған арналған шыны бокс сатып алып та қойдым. Қазақстанда 50 Cent-тің кепкесі менде ғана бар, бұл керемет қой", - деді Дархан.
Айта кетейік, жарнама сайттарында кепкені сату туралы хабарландырулар пайда болды, бірақ Дархан Бегімтаев мұның өтірік екенін айтты.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!