48 жастағы ер адамның жүрегі тәулігіне 13 рет тоқтаған. Дәрігерлер оны аман алып қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Доктор Питерге" сілтеме жасап.
Ер адам Домодедово ауруханасына ауыр халде жеткізілген. Жедел жәрдем көлігінде келе жатып, оның жүрегі тоқтап, клиникалық өлім жағдайына түскен. Дәрігерлер дереу жансақтау шаралар жасап, науқасты қайта тірілткен.
Ауруханада оған "миокард инфарктісі" диагнозы қойылған, бұл оның өміріндегі екінші инфаркт еді. Ер адамды шұғыл түрде Домодедово аймақтық тамыр орталығының операциялық бөлмесіне апарып, оған жаңа ангиограф аппаратымен ота жасалды.
Кардиолог Никита Бараковскийдің айтуынша, инфаркттің ағымы кардиогендік шокпен асқынған. Тәулігіне 13 рет жүрегі тоқтап, дәрігерлер оны әр жолы аман алып қалған. Оның өмірі үшін кардиологтар, хирургтар және реаниматологтар бірлесе күрескен. Соңында науқастың жағдайы тұрақтанған.
Домодедово ауруханасының мәліметінше, қазір ер адамның өміріне ешқандай қауіп жоқ, ол ұзаққа созылатын оңалту кезеңіне дайындалып жатыр.
Дәрігерлердің айтуынша, жүрекке қауіп төндіретін басты төрт әдет:
- Қан қысымын бақыламау. Дәл осы гипертония көп жағдайда инфаркт пен инсульттің басты себебі болады.
- Майлы, тұзды және тәтті тағамды көп жеу. Мұндай рацион холестерин деңгейін арттырып, тамырлардың бітелуіне әкеледі.
- Қант деңгейін бақыламау. Көп адам өзінде диабет бар екенін білмей жүреді.
- Темекі шегу.
Корея мен АҚШ ғалымдары жүргізген ауқымды зерттеу нәтижесі бойынша, жоғары қан қысымы осы қауіпті аурулардан болатын өлімнің ең басты себебі екені анықталған.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
С. Бөлек