- Негізгі бет
- LifeStyle
- 47 елді аралаған...
47 елді аралаған қазақстандық саяхаттаудың тиімді 10 жолын ұсынды
Нұргүл Мықтыбаева - Ақтөбе қаласының тумасы. Саяхатшы 2013 жылдан бері әлемнің 47 елінде болған. Ол тиімді саяхаттауға көмектесетін пайдалы кеңестерімен бөлісті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Нұргүл Мықтыбаева - техника қауіпсіздігінің маманы. Ол Атырауда вахталық әдіспен жұмыс істейді.
"Мен кен орнында жұмыс істеймін, 1 ай жасап, 1 ай демаламын. Әрбір екінші айдың демалыс болғаны маған шетелге кетіп қалуға тиімді. Жұмыс кезінде жұмыс орны жататын орнымызды, үш мезгіл тамағымызды қамтиды. Оған қоса, мұндай жерлерде жалақы қаладағы айлыққа қарағанда жоғары: өндіріс жері болғандықтан, айлық басқаша төленеді. Алайда мен мұндай жақсы айлыққа бірден келген жоқпын. Аз айлық алған кездер де болды", - дейді ол.
1. Таңдау жасау
Нұргүл Мықтыбаеваның айтуынша, алдымен әр адам өзі үшін не маңызды екенін анықтап, таңдау жасауы қажет.
"Әр адам таңдауды өзі жасайды. Кей адамдар бір-екі жерге саяхаттап келеді де, "мен саяхатқа осыншама ақша құртқаннан гөрі мынадай зат аламын" дейді. Оның құндылығы - материалдық құндылық. Ал басқалар "барлығын саяхаттау арқылы өз көзіммен көру, тәжірибе алу - мен үшін байлық" деуі мүмкін. Бұл әркімнің таңдауы", - дейді саяхатшы.
2. Базалық қажеттіліктерін жабу
Саяхатшының ойынша, әдетте базалық қажеттіліктер жабылғаннан кейін саяхаттауға деген талпыныс пайда болады.
"Қалай нан тапсам екен деп жүрген адамға табиғатты қарап тамсанайын деген ой келмейді. Оның бар ойы, уайымы - нан табу. Бізде жағдайы төмен адамдар да көп. Мен оларға "сен қазір тұр да, саяхатта" деп айта алмаймын. Бұл дөрекілік. Қазір әлеуметтік желіде солай айтатын блогерлер көбейіп кеткен.
Алайда бір көлігін сатып, үстіне қарызға немесе несиеге ақша алып, одан да күштісін алатын адамдар бар. Сондай адамдарға оның орнына саяхаттаңыз деп кеңес берер едім", - дейді ол.
Саяхатшы саяхаттауды 2013 жылдан бастағанын айтты.
"Мен 25 жасыма дейін кішкентай болса да бір баспанам болуы керек деп санадым. 2013 жылы үйді ипотекаға алу мен оны жалдап тұру бағасы бірдей болды. Сондықтан пәтер жалдап жүргеннен гөрі баспаналы болып алайын деп ойладым. Баспанамды алғаннан кейін бірінші рет саяхаттауға шықтым. Саяхаттың "дәмін татқаннан" кейін ары қарай бара бергім келді", - дейді Нұргүл Мықтыбаева.
3. Билет алу
Алғашқы қадамдардың бірі - шетелге шығып кетудің оңай жолын іздеу. Саяхатшы лоукостерлерді пайдалануды ұсынды.
"Мысалы, FlyArystan ашылған кезде бастапқы жылдары арзан бағада акциондық билеттер сатты. Менде сол кезде ар жаққа қарай кетіп қалуға көп мүмкіндік болды. Адамның қай қалада тұратыны да маңызды рөл атқарады. Менің жұмысым - Атырауда. Атыраудан Кутаиси арқылы көп ұштым, өйткені ол жақта лоукостер болды. Ал Алматы және Астанада тұратындарға одан да жақсы мүмкіндіктер бар", - дейді ол.
Алайда саяхатшы арзан билет алудың өз кемшіліктері бар екенін ескертті.
"Бастысы, Қазақстаннан шығып кету маңызды. Бірақ бізде Қазақстаннан шығу қымбат, лоукостерлер таңдаса арзан болуы мүмкін, бірақ оның өз кемшіліктері бар. Мысалы, түнгі рейстерге түсіп қалуыңыз мүмкін. Барлық нәрсенің ақысы бар. Арзанға алған нәрсені ақшамен болмаса да, денсаулығыңызбен немесе уақытыңызбен өтейсіз. Мысалы, түнгі рейс болғандықтан, ұйқыңыз қанбайды, шаршап жүресіз", - дейді Нұргүл Мықтыбаева.
4. Жататын орын табу
Нұргүл Мықтыбаева қазір көпшілік саяхатшы CouchSurfing-ті насихаттайтынын айтты.
CouchSurfing - әлеуметтік желі, онлайн қонақжайлылық сервисі. Әлеуметтік желі қолданушылары бір-біріне саяхат кезінде тегін қонуға рұқсат береді. Сайттың өзінің рейтингі мен қонақтардың қалдырған пікірлері болады.
"Алайда мен жеке өзім оны қолданып көрмегендіктен, ол жайлы ештеңе айта алмаймын. Сенімді адамдарды рейтинг арқылы табуға болады деп айтады. Алайда мен бәрібір аздап күмәнмен қараймын. Еш нәрсе жайдан-жай келмейді деген қағида ұстанамын. Мен оның орнына хостелде тұрғанды жөн көремін. Иә, хостелдің де өз кемшіліктері бар. Мысалы, бірнеше адаммен бірге тұрасыз. Алайда хостелдерге таңдау көп. Мысалы, тек ерлер және тек әйелдер жататын хостелдер бар. Жеке өзім араласқа ала беремін. Хостелдің артықшылығы - әртүрлі адамдармен танысасыз", - дейді саяхатшы.
Алайда саяхатшы хостел таңдауда ол жайлы жақсылап зерттеуге кеңес берді.
"Ескеретін жайттар бар, мысалы, төсек-орын береді де, сүлгі алу үшін қосымша ақша төлеу керек болады. Солардың бәрін booking.com секілді арнайы сайттардан қарап, асықпай оқу керек. Біреулер хостелді дұрыс зерттемей таңдай салады да, "мен алданып қалдым" деп келеді. Алайда көбіне мұндай ескеретін жайттар жазылып тұрады", - дейді ол.
Сондай-ақ Нұргүл Мықтыбаева локацияға мән беруге кеңес берді. Оның айтуынша, қаланың сыртынан тапқанша ортасына орналасып, біраз жерді жаяу аралап, көлікке ақша үнемдеуге болады.
5. Жоспар құру
Саяхатшы қандай да бір елге барарда ол жақта баруға болатын жерлер жайлы мәліметті интернеттен оңай табатыныңызды айтты.
"Қазір бүкіл мәліметті интернеттен теріп қарауға болады. Әлеуметтік желілер де жақсы дамыған. Тиімді лайфхактар жайлы оңай біле аласыз. Қазір желіде біреулер гайд сатады. Алайда негізі барлық мәлімет Google-де тұр. Тек ерінбей, ізденіп, оқу керек. Бізде орыс тілінде ақпарат көп. Мен топтамаларды ағылшынша да оқи беремін. Оларда біраз айырмашылық болады", - дейді ол.
Саяхатшы баратын елінде қандай қызық жерлер бар екенін зерттеп біліп алатынын, соның ішінде тарихи жерлерді міндетті түрде қарайтынын айтты.
"Бастапқы кезде әр елдің мұражайларын, көрмелерін көп аралайтынмын. Қазір соңғы кездері оларға қызығушылығым жоғалып кетті. Қазір барған жерде қандай жақсы әрі қызықты кафе, мейрамхана және рub бар екенін іздеймін. Бұл да маған біраз жылдан кейін келді. Мен мұражайларды көп қарап кеткеннен бе, бәрі бір-біріне ұқсайтын сияқты болып кетті. Еуропа елдерінде өздерінің шіркеулері бар. Маған олар да бір-бірілеріне ұқсайтын сияқты.
Алайда тарихи бар мұражайларды қалдырмаймын. Мысалы, Освенцим мұражайына бардым. Бұрын соғыс кезінде еврейлерді ұстаған конслагерьді мұражайға айналдырған. Албанияда бункер-мұражайға бардым. Оны кезінде диктатор Энвер Ходжи салдырған", - дейді Нұргүл Мықтыбаева.
Алайда саяхатшы кейде барған жердегі адамдармен сөйлесіп, баратын жерлерді сол кезде де жоспарлайтын сәттер болатынын айтты.
6. Ақша жинау
Саяхатшы материалдық заттарға аса қызықпайтынын жеткізді.
"2013 жылдары баспананы енді алған жылдары үйімде түк болған жоқ. Бастапқы кезде тоңазытқыш, кір жуғыш машина деген секілді заттар болған жоқ. Мысалы, ата-анамның үйіне барып, тамақ ішіп келемін. Киімдерімді де сол үйден жуып келемін. Жалғызбасты болғасын тұрмыстық заттарға аса мән бермедім. Жататын жерім мен киім салатын шкаф қана болды.
Қазір негізгі қажетті техника бәрі бар. Өзі бір бөлмелі пәтер болғандықтан, көп зат алмауға тырысамын. Киімді де барынша ыңғайлысын алуға тырысамын. Менде киім көп емес. Әрине, бір кездері арзан заттарды жинай берген кездерім болды. Кейін оларды туыстарыма беріп, артығының бәрінен арылдым. Оған қоса, саяхаттап жүріп, оларды тасып жүру де қиын. Өзімнің таныстарыммен салыстырсам, менде киімдер мен заттар аз. Ақша тиын-тебеннен жиналады", - дейді ол.
Саяхатшы кейде саяхатқа шыққан кезде қосымша карта алып кететінін айтты.
"Мысалы, кредиттік карталар болады. Қазір жұмсайсың да, кейін төлейсің. Оларды "керек болып қалса" деген оймен ұстап жүрдім. Әдетте шопинг кезінде ғана лимит асып кетеді. Басқа жағдайда алып кеткен қаржы сомасынан шықпауға тырысасың", - дейді Нұргүл.
7. Тіл үйрену
Нұргүл Мықтыбаева саяхаттауға тіл кедергі емес екенін, алайда тіл білгеннің пайдасы мол екенін айтты.
"Менде тіл білгенімнің арқасында ұтымды сәттер көп болды. Егер тіл білмесеңіз, ұялы телефоныңызда аударма қосымшаларын жүктеп алып, қолдануға болады. Алайда саяхатқа тіл білетін адаммен бірге шықсаңыз, мүлдем басқаша әсер аласыз. Тіл білген жақсы екен ғой деуіңіз мүмкін. Мысалы, қиын жағдайға тап болсаңыз, тіл білгеннің арқасында өз құқығыңызды қорғай аласыз. Тіл - байланыс құралы. Мысалы, бізге де біреу келіп қазақша өтініш жасаса, біз оларға жылы қарап, бар білгенімізді айтамыз. Ал біреу келіп, аударма қосымшасын пайдаланып, өтініш айтса, робот секілді, қалай сұраса, солай жауап қайтарып кете қоямыз. Тіл білмесе саяхаттауға болмайды немесе тіл саяхаттауға кедергі деген тұжырым жоқ. Алайда саяхаттау кезінде тіл білудің пайдасы көп", - деп кеңес берді саяхатшы.
8. Дәстүр ойлап табу
Нұргүл Мықтыбаева әр елде жасағыңыз келетін өзіңізге ұнайтын дәстүр ойлап табуға кеңес берді және өзінің дәстүрлерін бөлісті.
"Мен міндетті түрде барған елдегі Hard Rock Cafe желісіне барамын. Бір қызығы, онда бүкіл жерде мәзір бірдей, дәмдерін салыстырамын. Сондай-ақ ирландық рub іздеймін. Ол жақта атмосферасы ерекше. Tripadvisor арқылы рейтингі жоғары жанды дауыста музыкасы бар жерлерді іздеймін. Туған інім әртүрлі елдердің ақшасын жинайды. Сондықтан міндетті түрде барған елімнен олардың ұлттық валютасын тиын және ақша түрінде алып келемін. Міндетті түрде магнит әкеліп, іліп қоямын. Бұл сол елге барғанымнан естелік", - дейді ол.
Сондай-ақ Нұргүл барған елде міндетті түрде кофе ішіп көреді.
"Кофе жақсы көремін. Ол әрбір елде әртүрлі. Мысалы, Испанияда кофені міндетті түрде даршынмен ұсынады. Даршын толып тұрады, тегін береді. Эфиопияда кофені попкорнмен ішеді. Араб елінің кофесінің дәмі біртүрлі, маған ұнамады. Бірақ дәмін көру керек", - дейді ол.
9. Отбасылық саяхатқа туроператорлардың көмегін қолдану
Саяхатшы тек чартерлік рейстерге туроператорларды қолданатынын айтты.
"Мен туроператорларды чартерлік рейстерге ғана қолданамын. Мысалы: Мысыр, Дубай, Түркия. Басқа жағдайда қолданбаймын. Ата-анаммен, бауырларыммен барған кезде туроператорлардың көмегін қолдану тиімді. Олардың ішінде барлығы қамтылған", - дейді Нұргүл.
Нұргүл Мықтыбаева жылда бір елге бара бермей, ізденіп, көрмеген жерлерге баруға кеңес берді.
"Алғаш рет саяхаттаушыларға Түркия немесе Египеттен бастауға болады. Бірақ жыл сайын сол елдерге бара беретін адамдар болады. Неге басқа елдерді көрмеске? Бұл әдетте ізденгісі келмегендіктен, жыл сайын бір туроператордың көмегімен бір жерге бара бергеннен болады", - дейді саяхатшы.
10. Саяхаттан сабақ алу
Саяхаттау ой-өрісіңізді кеңейтеді. Сондай-ақ саяхатшы әр саяхаттап келгеннен кейін өзіне қандай да бір ой түйетінін айтты.
"Кейде біз "қазақтар анадай, мынадай" деп айтып жатамыз. Бірақ сыртқа шығып, жиі саяхаттағаннан кейін әр ұлттың өзіне тән мәдениеті, мінезі, ерекшелігі бар екенін көресің және әркімдікі өзіне жарасымды және қолайлы екенін түсіне бастайсың.
Саяхаттау басқаларды сөкпеуді үйретеді. Саяхат әртүрлі дін бар, олардың әртүрлі бағыттары және олардың өз наным-сенімдері бар екенін көрсетеді. Адам сыртқа көп шыққан сайын адамды қалай бар, солай қабылдауды үйренеді. Адамды қабылдау - даналықтың шегі деп ойлаймын", - дейді ол.
Нұргүл саяхаттаудың арқасында адам өзін жақсы тани түсетінін айтты.
"Әрбір адамның мүшесінің сезімталдығы көру арқылы күшейе түседі. Мысалы мен бұрын ең дәмді тамақ - бешбармақ деп ойлайтынмын. Қазір мен олай ойламаймын. Бізде дәмдеуіштерді көп қолданбайды. Баяғыда тамаққа тұзды ғана қосқан. Біздің дәм сезу рецепторларымыз бір-екі дәмді ғана ажыратып білген. Саяхаттың арқасында басқа ұлттарда қаншама дәм бар екенін көресіз. Біз домбыра мен қобыздың үнін тыңдап өскенбіз. Басқа елдерге барғанда мынадай да жанр бар екен ғой деп таңғаласың. "Маған осындай ұнайды екен ғой" деп өзіңізді тани түсінесіз. Жаңа дүниелерді көрген сайын мидың қатпарлары көбейеді және тереңдей түседі", - дейді Нұргүл.
Нұргүл Мықтыбаева алда тағы екі елге баруды жоспарлап отырғанын айтты.
"Мен соңғы кездері бұрын барған елдеріме қайталап барып кетіппін. Сондықтан осы жолы бармаған елдерді көруді жоспарлап отырмын. Бұйырса қыркүйек айында Сербия және Черногорияның астаналарына барамын", - деп жоспарын бөлісті саяхатшы.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
А. Жапатова